Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының өкімімен Түркістан облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы болып Асхан Байдуалиев тағайындалды.
Облыс әкімінің орынбасары Нұралхан Көшеров облыстық денсаулық сақтау басқармасының ұжымына жаңа басшыны таныстырып, қызметіне сәттілік тіледі. Асхан Байдуалиевтің жауапты басшылық лауазымдарда үлкен жұмыс тәжірибесі бар екенін атап айтты.
Асхан Мархабайұлы Байдуалиев – уролог дәрігер, медицина ғылымдарының кандидаты. С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің түлегі. 1972 жылы Кентау қаласында дүниеге келген.
Еңбек жолын урология және жедел нефрология кафедрасының ассистенті болып бастаған. Алматы облысы, Қарасай аудандық емханасының директоры, Алматы облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы, С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университетінің қосымша кәсіптік білім беру орталығының басшысы, аталған оқу орнының клиникалық жұмыс департаментінің директоры және Шымкент қаласы денсаулық сақтау басқармасының басшысы қызметтерін атқарған. 2020 жылдан бері Атырау облысы денсаулық сақтау басқармасын басқарған.
Қазақта жақсы сөз бар, «Досыңды көрсет, кім екеніңді айтайын» деген. Ортасына қарап адамын тани білетін халықтың тамаша тәмсілін Түркістан облыстық Денсаулық сақтау басқармасының су жаңа басшысы Асхан Байдуалиевпен байланыстыруымыздың да себебі жоқ емес. Өйткені ол басқарған өңірдің тұрғындарынан оның іскерлігі мен игі істері туралы оң пікірлер көп естіп жүрміз. Бұның өзі Байдуалиевтің беделін, соңынан жаман сөз ермеген азамат екенін айғақтаса керек. Дегенмен, біз ойлы оқырманға Мархабайұлының маңында жүріп, қызметтес болған әріптестерінің ойларын ұсынғанды жөн санадық. Өйткені сыншы сырт көзден гөрі қасында қатарласып халыққа медициналық көмек көрсеткен дәрігерлердің айтары жылатып жеткізетін достың ақиқатынан алыс болмайды.
Махамбет БЕЙСЕУОВ,
№1 Шымкент қалалық емханасының бас дәрігері:
Халыққа жақын басшы
Асхан Байдувалиев өте тәжірибелі басшы. Ол Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы болып тұрғанда көпбалалы аналарға, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға, ата-анасыз балаларға көп көңіл бөлді. Оларды мессенджерде ортақ чатқа қосып, тікелей байланысты болды. Ешқайсысы басқарма басшысының назарынан тыс қалмады. Ол қала тұрғындарының арыз-шағымдарын өзі тыңдап, оның шешу жолдарын өзі түсіндіретін. «Осындай құжаттар жинап, мына емханаға келесіз, мына бөлімдегі мына дәрігерге барасыз», деп нақты жол сілтейді. Бізге де науқастарға бәрін тиянақты түсіндіруді, мәселесін заң аясында шешіп беруді тапсыратын. Жұмысты дұрыс үйлестіріп, нақты нәтижені талап етуімен өте беделді болды. Іскерлігінің арқасында қордаланып жатқан талай түйінді мәселені шешті.
Ақсақалдармен жиі кездесіп тұратын ол тұрғындарға ашық болды. Ол тыңдай білетін азамат. Өзгелерді тыңдап, олардың жай-күйін түсініп, шешімін таба алды. Сонымен қатар ол қысқа әрі нұсқа болғанын жөн көретін. Жиналысты тез өткізіп тастайды. Ұзақ созып отырмайды. Сөздің емес, істің адамы десек болады.
Ол қалалық балалар ауруханасында бірнеше бөлімдер ашты. Жаңашылдықты ұнатады. Өзге өңірлерде басшылық қызметтер жасап, сонда жинаған тәжірибесімен бөлісті. Әсіресе ана мен бала денсаулығына көп көңіл бөлді. Оларға барынша жағдай жасады.
Гүлнафис ТАҢБАЕВА,
№7 Атырау қалалық емханасының бас дәрігері:
Бастағанын соңына дейін жеткізеді
Асхан Мархабайұлы бізге ковидтің күшейіп тұрған кезінде келді. Келе сала бірден жұмысқа кірісіп кетті. Ол өзін өте білімді, зиялы, кісілік келбеті, адами қасиеті жоғары азамат ретінде көрсетті. Оның ұйымдастырушылық қасиеті өте жоғары болды. Өңірдегі медициналық мекеме басшыларын жинап, нақты тапсырмалар жүктеп, жұмысты талап ете білді. Бос сөзге жоқ. Қарамағындағыларға берген тапсырмаларды ұмытып кетпейді. Әрқашан хабардар болып отырып, сұрап тұратын. Бастаған істі әрқашан соңына дейін жеткізеді. Оның осы қасиетінің арқасында өңіріміздегі медицина саласындағы күрмеуі қиын мәселелер жүйелі түрде шешімін тауып жатты. Қарамағындағылармен де орнықты жұмыс істеп, алдына келген тұрғындардың да көңілін тапты.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Еститін мемлекет» тұжырымдамасында басшыларға халықпен тығыз жұмыс істеуді, оларға әрқашан ашық болып, әрдайым байланыста болу керектігін тапсырған еді. Асхан Мархабайұлы Президент тапсырмасына зор жауапкершілікпен қарап, өңір халқымен бірлесіп жұмыс істеді. Олардың шағымдарын тыңдап, оны дер кезінде шешуге күш салды. Аптасына 7 күн, күніне 24 сағат халыққа жақын болды десем болады. Кез келген шағымданушы басқарма басшысына емдеу мекемелеріне көңіл толмаушылығын, көрсетілген ем-дом шарасына қанағаттанбағандығын еш кедергісіз, еш қиындықсыз жеткізе алды. Шағым түскен емхана, аурухана басшыларына дереу хабарласып, сұрайтын. Осының нәтижесінде өңірде медицина сапасы айтарлықтай артты.
Қазір Асхан Мархабайұлы Түркістан облысына ауысты. Түркістан – үлкен облыс. Мұнда халық саны көп. Осыған байланысты ана мен бала денсаулығы әрқашан басты назарда тұрады. Ана мен баланың саулығы – ұлттың саулығы. Үлкен облыстағы үлкен жұмыстарды Асхан Мархабайұлы қолға алып жатыр. Бұл жұмыстарды үлкен абыроймен атқарып шығады деп сенемін. Оған тек сәттілік тілеймін!
Дамир СУРАУЖАНОВ,
Алматы облысы, Жамбыл аудандық орталық ауруханасының директоры:
Асхан Мархабайұлынан үйренеріміз көп
Асхан Мархабайұлы менің ұстазым бола білді. Ол кісінің қасында жүріп көп нәрсені үйрендім. Ол дәрігер-уролог, медицина ғылымдарының кандидаты. Мен онымен бірге операцияға бірге кіріп, жанында ассистент болып жүрдім. Қалай ота жасауды үйрендім. Асхан Мархабайұлы өте білікті маман. Сол үшін де оны ерекше құрметтейміз. Ол әр науқасты өз жақынындай көріп, оны емдеп, мәселесін шешкенше жаны тыным таппайды. Өте мейірбан, жүрегі кең азамат. Оның шипасын көрген азаматтар өте көп. Бізге де алдымызға келген әрбір науқасқа туғанындай қарау керектігін әрдайым айтатын. Науқас дәрігерге сенім артса ғана ауруынан айығады. Сондықтан да науқасқа жылы жүзбен қарап, жарым көңіліне шуақ нұрын себезгілеу керек.
Асхан Мархабайүлы көпке сөзімен емес, ісімен үлгі бола білген зиялы азамат. Оның біліктілігінен бөлек, іскерлігі өз алдына бөлек әңгіме. Өте мықты ұйымдастырушы, дипломат кісі. Алдына келген кісіні ренжіткен емес. Қандай қиын жағдай болмасын, шешімін табады. Осындай іскер азаматтың Түркістан облысының медицина саласын басқаруға келгені көңіл қуантады. Ол өз жұмысын абыроймен атқарады деген сенімдемін!