Түркістан облысы, Созақ ауданында орналасқан Ақбикеш мұнарасының бір бөлігі опырылып түсті. Бұл жағдайға байланысты Созақ ауданы әкімдігі "Ақбикеш" мұнарасына 2020 жылы "Қазреставрация" ғылыми зерттеу және жобалау мемлекеттік мекемесінің Қызылорда филиалы тарапынан қалпына келтіру жұмыстары жүргізілгенін және тапсырыс беруші – Қазақстан Республикасы мәдениет және ақпарат министрлігі екенін айтып, тарихи жәдігердің қазіргі жағдайы туралы дер кезінде аудан әкімі тарапынан облыстық мәдениет басқармасына шұғыл хат жолданғанын хабарлады.
Тарихи жәдігердің тағдырына шырылдаған қоғам белсенділері де пікір білдірді. Қоғам белсендісі Жылбек Керімбек: «Кезінде дабыл қақтық, сөзімізге ешкім құлақ аспады. Жауын-шашын тимеу үшін төбесіне шатыр жабу керек дедік. Олай істемеді, жауған жаңбыр, қар суы ескерткіштің дуал-қабырғасына кеулеп кіріп, ақыры құлатты. Бұдан бұрын да құлаған. Әр құлаған сайын ішкі өз сылағы мен қышты алып түседі» десе, Мәдениет қайраткері Төреғали Ташенов: «Қайбір жылы "Қазжөндеу" мемлекеттік мекемесі Сауран топырағынан құйылған қам кесекпен сыртынан қоршауды қолға алып еді. Оны да қатырмай жайына кетіп, қайта-қайта сыртқы сылағы түсіп, бөрене тыққан қоршау қабырғасы бірнеше жерінен опырылып еді. Оны жөндегенсымақ та болған. Төбесін ашық қалдырғандықтан, жауған қар мен сорғалаған жаңбыр қоя ма, ақыры мынау болды, сыртқы дуалы жермен-жексен құлағанда ішіндегі алты ғасырға шыдас берген ғажайып ескерткішті, мемлекет қорғауындағы тарихи мұнараны өзімен бірге қоса жұлып алып кетті! Сұмдық!!! Сол бойы жөндеусіз-ақ тұра бергенде, әлі де жүз жылға шыдас берер ме еді? Обалыңа қалдық-ау, қайран, Ақсүмбе, қайран ару Ақбикеш!!!»,- деп пікір білдірген.
Айта кетейік, "Ақбикеш" мұнарасы ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің республикалық дәрежедегі ескерткіштер тізіміне енгізілген.