Ұлттық банктің статистикасына сүйенсек Қазақстан экономикасындағы кредиттердің жалпы жиынтығы 42,8 трлн теңгеге жеткен деп хабарлайды RGmedia.kz тілшісі.
Мәліметтер бойынша Қазақстан экономикасындағы кредит берешегінің жиынтық сомасы 2024 жылдың 1 сәуірінен бастап бір жылдың ішінде 20,4% ұлғайып, 2025 жылғы 1 сәуірде 42,8 трлн теңге болған. Бұл соманың 19,5 трлн теңгесі (45,6%) қаржылық емес заңды тұлғалар мен дара кәсіпкерлердің мойнында. 23,3 трлн теңгесі (54,4%) халықтың мойнында.
Несиелерді қай валютада алынғанына келсек, 90,6%-ы (38,7 трлн теңге) төл валютамен, 9,4%-ы (4 трлн теңге) шетел валютасымен берілген. Жоғарыда айтылған 42,8 трлн теңге берешектің 85,6%-ын (36,6 трлн теңге) банктер берген. 2024 жылдың 1 мамырында бұл сома 30,9 трлн теңге болған.
«Қазақстандық тұрғын үй компаниясы» АҚ, «Экспресс Финанс» Ипотекалық ұйымы» АҚ сияқты ипотека ұйымдарына төленуі керек несиелердің жалпы көлемі — 271,7 млрд теңге (2024 ж. 1 мамырында — 289,5 млрд теңге болған). «Аграрлық кредиттік корпорация» АҚ, «ҚазАгроҚаржы» АҚ, «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ, «Қазына Капитал Менеджмент» АҚ сияқты квазимемлекеттік сектор нысандарына қайтарылуы керек кредит мөлшері — 2,9 трлн теңге (2024 ж. 1 мамырында –2,2 трлн теңге болған).
Микроқаржы ұйымдары таратқан несиелердің жалпы сомасы — 2,9 трлн теңге. 2024 жылдың 1 мамырында бұл сома 2,5 трлн теңге болған. Яғни, бір жылдың ішінде халықтың микроқаржы ұйымдары алдындағы несие берешегі 400 млрд теңгеге ұлғайған.