
Кеше Түркістанда өткен «Шексіз әлем» атты жаңа жылдық мерекелік іс-шараға қатысып, жүрек тебірентерлік әсер алдым. Ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған бұл өзгеше басқосу "Rixos" қонақ үйінде ұйымдастырылды. Жігері мұқалмаған 70 мүмкіндігі шектеулі бала жиналды. Олардың әр алуан өнерлерімен өрнектелген концерттік бағдарламаны тамашалап керемет сезімді бастан кештік. Қазақ эстрадасының жұлдызы Құрмаш Маханов та әуелете ән шырқады. Өңір басшысы Нұралхан Көшеров жүрекжарды лебізін білдіріп, тағдыр сыйлаған теперішпен күрескен жандарға жаңа жылдық сыйлықтар табыстады. Жөні бөлек, жосығы ерек осы іс-шарада таяуда ғана Түркістанда жаңадан ашылып алғашқы қойылымын сахналаған «Дара Ұрпақ» атты тұңғыш инклюзивті театрының өнерпаздары да көпшіліктің көңілін толқытты. Көрермен көп жиналған Конгрес Холдағы сол тұңғыш қойылым- «Жарық» мюзиклының премьерасына ДЦП, Даун синдромы, аутизм, РАС, ЗПР диагноздары бар, сонымен қатар есту қабілеті шектеулі өнерпаздар қатысқан болатын. Музыкалық-драмалық жанрда өздерінің актерлік әрі орындаушылық шеберлігін паш еткен «Жарық» мюзиклы – әр жүректегі үміт отын үлкен алауға айналдыруға шақыратын қойылым. Осы арқылы қоғам назарын ерекше қажеттілігі бар балалардың өміріне аударуға, сондай-ақ инклюзивті ортаны қалыптастыруға бағытталған айрықша қадам жасалды. Мұның нәтижесінде мүгедектігі бар азаматтар өздерін қоғамның толыққанды мүшелері екенін сезініп, елдік, мемлекеттік маңызы бар істерге белсенді түрде араласуға деген сенімдері оянғаны сөзсіз. Бүгінде Түркістан облысында мүгедектігі бар адамдардың жалпы саны 102 мың болса, оның ішінде 15 457-сі – балалар. «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы жанындағы Отбасы және әлеуметтік қолдау жөніндегі Кеңестің төрағасы һәм «Кедергісіз келешек» партиялық жобасының біздің өңір бойынша амбассадоры, облыстық мәслихаттың депутаты ретінде осы бағытта нақты жұмыстардың атқарылуына айрықша мән беріп, мүмкіндігінше атсалысып келемін. Бұл менің бірінші кезекте азаматтық парызым.
"АМАНАТ" партиясы өзінің сайлауалды бағдарламасында ерекше қажеттіліктері бар азаматтарды қамқорлыққа алуға айрықша назар аударады. Бағдарламада "Біз мүгедектігі бар жандардың өмір сүру жағдайын жақсартуға қол жеткіземіз. Бірінші кезекте бұл жәрдемақы мөлшерін арттыруға әсер етеді. Сонымен бірге олар үшін біз кедергісіз орта құруға тырысамыз, ең алдымен ыңғайлы инфрақұрылым құрамыз" деген нақты міндеттер қойылып отыр.
Айтқандай апта басында Түркістан қаласында менталды бұзылыстары бар балаларды қолдауға бағытталған «Қамқорлық» арнаулы қызметтер көрсету орталығы өз жұмысын бастады. Бұл маңызды әлеуметтік нысан бір мезетте 3-тен 18 жасқа дейінгі 125 баланы қабылдай алады. Оларға 8 бағыт бойынша сапалы әлеуметтік қызметтер көрсетіледі. Жаңа орталық заманауи құралдармен жабдықталып, балалар үшін барлық жағдай жасалған. Орталықта балалардың қосымша білім алуына және психологиялық жағдайын жақсартуға бағытталған проекциялық, интерактивті, сенсорлық және сенсорлық-интеграция бөлмелері, робототехника және LEGO сыныптары, музыка және арт-терапия кабинеттері, сондай-ақ тігін және қыш шеберханалары толық жабдықталды. Жаңа орталық өңірде аутизм және басқа да менталды бұзылыстары бар балалардың мінез-құлқын түзетуге, олардың қоғамға бейімделуіне оң ықпал ететін маңызды әлеуметтік нысан.
Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,
Түркістан облыстық мәслихатының депутаты
