
Біршама уақыттан бері жұрт көзіне көрінбей жүрген Шымкент қаласының бұрынғы әкімі Ғабидолла Әбдірахымов Түркістан облысында салынып жатқан 1000 МВт қуаттылықтағы бу-газ электр станциясына қатысты жұмыс кездесуіне қатысты.
Түркістан облысында жүзеге асырылып жатқан ірі энергетикалық жоба — 1000 МВт қуаттылықтағы бу-газ электр станциясының құрылысына байланысты өткен жұмыс кездесуіне Ғабидолла Әбдірахымов қатысты. Іс-шара барысында құрылыс барысы мен жобаның негізгі кезеңдері қаралған.
Жұмыс сапарынан фотосуреттер мен бейнематериалдар «Самұрық-Қазына» АҚ еншілес ұйымы — «Turkestan CCGT» ЖШС-не тиесілі @ccgt_turkistan әлеуметтік желідегі парақшасында жарияланды.
Жарияланымдардағы мәліметке сәйкес, «Самұрық-Қазына Құрылыс» АҚ басқарма төрағасының операциялар жөніндегі орынбасары Ғабидолла Әбдірахымов пен компания басшылығы құрылыс алаңына барып, стратегиялық маңызы бар жобаның жүзеге асырылу барысымен танысқан.
Алайда қазіргі уақытта «Самұрық-Қазына Құрылыс» АҚ-ның ресми сайтында Ғабидолла Әбдірахымовтың аталған қызметке тағайындалуы туралы ақпарат жарияланбаған.
Қордың ресми деректеріне сәйкес, «Самұрық-Қазына Құрылыс» АҚ басқарма төрағасы лауазымын 2022 жылдан бері бұрынғы Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Мәулен Айманбетов иеленіп отыр. Ал басқарма төрағасының орынбасарлары ретінде Ғабит Малғаздаров пен экономика және қаржы мәселелеріне жауапты Болат Мұқышев көрсетілген.
