
Атырау облысы Құлсары қаласында қатарластарын балтамен қуалады деген күдікке ілінген оқушыға қатысты алғашқы сот отырысы өтті. Сот шешімімен кәмелетке толмаған жасөспірімге үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды. Бұл туралы облыстық білім беру басқармасының басшысы Марат Әбуов мәлімдеді.
Оның айтуынша, сот жасөспірімнің жасы, өңірдегі криминалдық жағдай және ата-анасының өтінішін ескере отырып, 15 жастағы оқушыны үйқамаққа жіберу туралы шешім қабылдаған. Қолданылған шектеулерге сәйкес, оған тек мектепке және медициналық ұйымдарға баруға рұқсат етілген. Аталған бұлтартпау шарасы тергеу амалдары аяқталғанға дейін күшінде болады. Қазіргі уақытта оқушы сабаққа қатысып жүр.
Оқиға салдарынан екі оқушы жеңіл жарақат алған. Полиция қызметкерлері балтаға ұқсас затты таппаған. Осы дерек бойынша Білім беру басқармасы, Полиция департаменті және облыстық прокуратура өкілдерінің қатысуымен бірлескен тексеру жүргізілген. Тексеру барысында бірқатар кемшіліктер анықталып, оларды жою бойынша тиісті шаралар қабылданып жатыр. Оқиғаға қатысы бар оқушылар профилактикалық есепке алынып, олармен тәрбие жұмысы ұйымдастырылған.
Еске салайық, 5 ақпанда Жылыой ауданы Құлсары қаласындағы №6 мектептің 10-сынып оқушысы қатарластарымен болған жанжалдан кейін оларды балтамен қуалаған сәті түсірілген видео әлеуметтік желілерде тараған болатын.
Кейін аталған мектептің директоры өз өтініші негізінде қызметінен босатылды.
