Биылғы бірінші жартыжылдықта спортпен тұрақты түрде шұғылданушы қала тұрғындарының саны 281 235-ке жеткен. Бұл қала тұрғындарының 27,8%-ын құрайды. Осы 6 ай көлемінде қала аумағында 222 спорттық іс-шара өткізіліп, оған 41 мыңнан астам адам қатысқан. Бұл жөнінде бүгін ақпараттық-коммуникациялар орталығында баспасөз мәслихатын өткізген Шымкент қаласының спорт және денешынықтыру басқармасының басшысы Әлібек Нұртаев хабарлады.
Сондай-ақ оқу орындары мен мектеп оқушыларының спартакиадалары тұрақты түрде өткізіліп жүр. Мүмкіндігі шектеулі жандарға да спортпен айналысуға барынша жағдай жасалуда. Мүмкіндігі шектеулі жандар арасында спортты дамыту мақсатында қалада арнайы спорт клубы жұмыс істейді. Аталған мекемеде 18 спорт түрі қарастырылған, жаттығушылар саны – 646. Шымкент қалалық денешынықтыру және спорт басқармасының биылғы 6 айда атқарылған жұмыстар жөніндегі есебіне жүгінсек, үшінші мегаполисте 848 спорт нысаны тіркелген. Оның ішінде: 3 стадион, 1 спорт сарайы, құрама командалардың оқу-жаттығу орталығы, 6 спорттық құрылғылар және 12 спорт кешені, 32 спорттық манеж (жеңіл атлетикалық-3, футбол-1, ат манежі-1), ескек есу базасы, 5 тир, ату алаңы, хоккей корты, 434 жазықтықты құрылғылар, 23 теннис корты, ипподром, 8 бассейн, 249 спорт зал бар. Сонымен қатар, халықты денешынықтырумен шұғылдануға тарту және спорттық инфрақұрылымды кеңейту, бұқаралық спортты дамыту мақсатында қалада мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетігі арқылы бірқатар спорт нысандар жұмыс істеуде.
Шымкент қаласында мемлекеттік меншіктегі 30 спорт мекемелері мен кәсіпорындары және 1 акционерлік қоғам жұмыс атқаруда. Сондай-ақ, «Ордабасы» кәсіби футбол клубы мен дәрігерлік-дене шынықтыру диспансері жұмыс істейді. Бүгінгі таңда, қала көлемінде 61 (37 олимпиадалық, 24 олимпиадалық емес) спорт түрі тұрақты дамуда.
Осы жартыжылдықта қала спортшылары ел біріншіліктеріне қатысып, 272 алтын, 256 күміс, 278 қола медальға ие болды. Ал, Азия чемпионаттарында 32 алтын, 14 күміс және 17 қола жүлдеге қол жеткізсе, әлемдік деңгейдегі жарыстарда 12 алтын, 6 күміс және 8 қола медаль еншіледі. Биыл Ұлттық құрама командасының сапына енген спортшыларымыздың саны да өсе түскен. Қалада 13 халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 80 ҚР спорт шебері, 161 спорт шеберіне үміткер спортшы дайындалды.
Байрақты бәсекелерде топ жарған жерлестерімізді айтпай кеткеніміз болмас. 18-25 мамыр аралығында Токио қаласында пауэрлифтингтен өткен Әлем чемпионатында жасөспірімдер арасында Иван Кувалдин, Альбина Юсупова, Екатерина Рашидова, Кенан Кураев, Шариф Кураев 1-орын, Мансур Расулов, Абдурахман Абдурашидов 2-орынды иеленді; жастар арасында Андрей Ким, Фуркат Шамуратов, Гульчехра Тойханова алтын, Алевтина Николаева, Қуанышбай Төлегенов күміс, Сергей Левенчук, Данияр Шаукатов, Анатолий Рашидов, Алишер Махмудов қола жүлдеге қол жеткізді. Ересектер арасында сайысқа түскен Ксения Хан алтыннан алқа тағынды. 1-8 маусым аралығында ауыр атлетикадан Сува қаласында жасөспірімдер арасында өткен Әлем чемпионатында Дарья Ахметова топ жарды.
Үшінші мегаполис халықаралық және республикалық турнирлерді өткізуге де қауқарлы. Биылғы 6 айда халықаралық, республикалық деңгейде бірнеше спорттық жарыстар өткізілді. Мамырда өткен «Shymkent ASTC Triathlon Asian Cup» триталоннан Азия Кубогі жоғары деңгейде ұйымдастырлыған көптеген жарыстардың бірі. Алты а йда атқарылған жұмыс, жеткен жетістік аз емес, әрине. Және басқарма басшыларының мәлімдеуінше алдағы уақытта жеңісті сәттер көбейіп, спортты серік еткен тұрғындар қатары өсе түспек.