Биыл Түлкібас ауданының руханият саласы үшін ақ түйенің қарны жарылды. Бүгін майы шыққан топырағына шыбық қадаса көгере кететін Майтөбе ауылында профессор, филология ғылымдарының докторы, Абайтанушы, Бауыржантанушы ғалым Мекемтас Мырзахметұлына жерлестері үй сыйлады.
Бұл қуанышқа ортақтасқан тілеулестер санында есеп болмады. Бәрі Мекемтас ағаның баспаналы болғанына емес, ең бірінші кезекте оның адал еңбегінің еленгеніне қатты толқулы еді. Бар өмірін ғылымға сарп етіп, көз майын тауысып инемен құдық қазып жүрген ғалымдарымызды қалай құрметтесек те жарасады. Өкінішке қарай, елімізде ғылым, білім саласының дамуына өлшеусіз үлес қосып жүрген мүмін ғалымдар көзге түсе бермейді. Көлеңкеде қалып жатады. Оны сол көлеңкеден шығарайын деп жатқан шенеуніктерді тым-тым сирек кездестіресіз. Көпшілігі руханиятты мүлдем көзге ілмей ақсатып, тек экономикалық көрсеткішті жақсартуға күш салады. Рейтинг қуады. Өзге бәсекелес әріптестерінен қалмас үшін. Түлкібас ауданының әкімі Нұрбол Тұрашбеков осы бір қасаң қағиданы бұзған жаңашыл әкім болды. Ол бір-біріне сорпасы қосылмайтын руханият пен экономика саласын қатар алып жүруге болатынын талай мәрте нақты іспен дәлелдеді. Нұрбол Әбдісаттарұлының істің көзін табатын ширақтығының, еңбекқорлығының арқасында шағын және орта кәсіпкерлігі күн санап дамып, халқының әлеуметтік жағдайы жақсарып келе жатқан Түлкібаста ақын-жазушы, ғалымдар, журналистер назарға іліге бастады. Мекемтас Мырзахметұлына баспана кілтін табыстау рәсімінде аудан әкімі:
– Біраздан бері бізде Мекемтас ағамызға туып-өскен жерінен баспана соғып берсек деген ниет болды. Осы баспанада ағамыз шығармашылықпен емін-еркін айналысса деген де ниет болды. Сол ниетіміз іске асып, бүгін осы қуанышқа жиналып отырмыз. Бұл үй ағамызға аудан халқының атынан беріліп жатыр, - деп үй салуға көп үлес қосқан бір топ демеушілерге арнайы алғыс хаттар табыстады.
Осы қуанышта облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов Мекемтас Мырзахметұлының өткен өмірі мен шығармашылық жолына көз жүгіртіп, қазақ ғылымының дамуына қосқан үлесі шексіз екенін жеткізді. Мекемтас аға бұл сыйға зор алғысын білдіріп, жерлестеріне, сол жерлестерін игі іске жұмылдыра білген Нұрбол Әбдісаттарұылының жұмысына сәттілік тіледі.
Бүгінгі қуаныш бұнымен бітпеді. Аудандық «Шамшырақ» қоғамдық-саяси газетінің редакциясында Түлкібас өңіріне есімі кеңінен танымал ақын Әбдібек Аралбайұлы мен ұзақ жылдар бойы аудандық газеттің отымен кіріп, күлімен шыққан жазушы-журналист Орынтай Көмековтың кітаптарының тұсаукесері өтті. «Ізде мені» кітабында арқалы ақын Әбдібек Аралбайұлының соңғы жылдары жазған өлеңдері топтастырылған. Кітапта ақын өзінің туған жерінің әсем табиғатын, жерлестерінің қоңыр тыныс-тіршілігін арқау еткен. Ал, «Енді гүлге жоламаспын» - Орынтай Көмековтың ең алғашқы кітабы. Қалың кітапта жазушының осы уақытқа дейін әзіл-сықақ, тылсым дүние тақырыптарында жазған дүниелері топтастырылған. Тұсаукесер рәсімінде Мекемтас Мырзахметұлы кітап иелеріне шығармашылық табыс тілеп, алдағы уақытта тағы да кітаптарының шығуына тілектес екендігін жеткізді. Тұсаукесер рәсімінде біз Орынтай Көмековпен аз-кем тілдескен едік:
– Кітабымның шығуына зор ықпал еткен аудан әкімі Нұрбол Тұрашбековке ерекше алғысымды білдіремін. Алғашқы кітабым болған соң толқып тұрмын. Кітапқа өзегімді жарып шыққан әңгімелерімді бердім. Кітап 500 дана болып басылып шықты. Осыған қуанып отырмын, - деді қуанышын жасыра алмаған Орынтай аға.
Тұсаукесер рәсімінің соңында оқырмандар кітап иелерімен естелік суретке түсіп, қолтаңба алды.
Абылай СМАТУЛЛАҰЛЫ,
"Рейтинг" газеті, №42, 31 қазан, 2019 ж