Шымкент қаласының тұрғыны, 99 жастағы төсекке таңылған Ұлы Отан соғысының ардагері Қаражан Естемесовке мүгедектік арба сұраса, балдақ берді. Бұл туралы кеше Қаратау ауданының әкімі Абзал Әліқұловтың №72 мектептің мәжіліс залында өткен ел алдындағы есебінде келіні хабарлады. Оның айтуынша, еміне, жасатқан оталарына мемлекеттен ешқандай жәрдемақы берілмеген ғасырлық ғұмыры бар қарияның баспанасының жағдайы да мәз емес. Су өтіп жатыр.
– Мен Ұлы Отан соғысының ардагері Естемесов Қаражан атамыздың немере келінімін. Алайда мен жазбаша түрде қанша рет жазғанмын. Бүгін сол атамның өтініші бойынша келіп тұрмын. 2017 жылы сол жақ жамбасының ұршығына, 2019 жылы оң жақ жамбасының ұршығына ота жасалды. Ешқандай көмексіз, жәрдемақысыз өзіміз ота жасатып, бүгінде үйде төсекте жатқан атамызға бір жыл бүрын қоларба сұрадық. Сыртқа шығуға, таза ауа жұтуға. Бір жыл болды, ол да қараусыз қап жатыр. Керекті құжаттарды дайындадым. Маған собезден балдақ берді. 99-ға келген атамның оған күш-қауқары жоқ, жүріп-тұруға. Және де біз бір бөлмеде 8 жан тұрамыз. Атамыздың өтініші бойынша үй мәселесін шешіп берсеңіз. Сонымен қоса, тұрып жатқан үйімізде су өтіп жатыр. Бұған да бір жылдан асты. Барлық жағдайды барып өз көзіңізбен көрсеңіз деймін. Мекенжайымыз Нұрсәт – 3, 1-үй, №4 пәтер, – деді есепке бөпесін көтеріп келген келіншек.
Оған Қаратау ауданының әкімі өзі барып көруге, қарияның жағдайымен танысуға уәде берді. Ал, сол есепті жиынға қатысқан Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Ербол Садыр 99 жастағы төсекке таңылған Ұлы Отан соғысының ардагерін іздеп бара ма, жоқ па, оны уақыт көрсетеді.