Абайдан бастау алған идея

Screenshot_6.jpg

Ұрпақтан-ұрпаққа мәңгілік мұра болып қалатын дүние – ол сөз. «Ғалымның хаты өлмейді» демекші, адам баласының артында қалған сөз мұрасы ғана оны ғасырдан-ғасырға жеткізеді. Тұлғаның есімі оның байлығы немесе дүниесімен емес, өз аузымен айтып кеткен тұшымды пікірлері мен көңілге қонымды, мән-мағынасы терең жырлары арқылы халық санасында жатталады. Бұл пікірдің бірден-бір дәлелі - ұлы Абай Құнанбайұлы және оның туындылары. ХІX ғасырда өмір сүрген Абайдың есімі бүгінгі күнге өзінің ақындық қасиеті арқылы, сөз шеберлігі мен  шешендігінің, ойшылдығының арқасында жетіп отыр. Әйтпесе, ақынның аты менен заты 175 жылдыққа жетер ме еді?! Сайып келгенде, адам сөз құдыреті арқылы мәңгі жасайды.

Бүгінде Абай Құнанбайұлының мерейтойына байланысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында айтылған бастамалар негізінде біршама іс-шаралар атқарылып жатыр. Солардың бірі – М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік университетінің ректоры Дария Пернешқызының бастамасымен «Интелектуалды ұлт қалыптастыру идеясы Абайдан бастау алады» тақырыбында өткен форум. «Қазақстан халқы Ассамблеясы» арнайы кафедрасы ұйымдастырған шараның негізгі мақсаты – Абайды оқып, қара сөздері мен өлеңдерін көңілге тоқу арқылы нағыз интеллектуалды ұлт қалыптастыруға болатынын бүгінгі ұрпаққа ұғындыру. Іс-шараға арнайы келген қонақтар форумға қатысушыларды ұлы ақынның 175 жылдық мерейтойымен құттықтап, ОҚМУ студенттері мен магистранттары үшін құнды деректерге толы лекциялар оқыды. Өзбекстан Республикасы «Тұран» академиясының академигі Қалдыбек Сейданов Абай тек қазақтың ғана емес, бүкіл әлемнің ақыны екенін айтты. Көрші мемлекетте ақынды ұлықтау мақсатында арнайы жыр мүшәйралары өткізіліп, ұтысқа көлік тігіліп жатыр екен. «2013 жылы Ташкенттегі елшілік алдында Абай Құнанбайұлының ескерткіші қойылған-ды. Соған жыл сайын гүл шоқтарын қойып, Жазушылар одағында Абайдың шығармашылығынан ақындар сайысы өткізіледі. Түрлі ұтыстар тігіледі. Мысалы, биыл спорт мәшинесі тігіліп отыр. Бұл да Абайдың ұлылығының, кемеңгерлігінің белгісі деймін. Абайға тереңірек үңіліп, оқып-үйренсеңдер қарақтарым, «камали инсан» яғни, толық адам болып тәрбиеленуге толық мүмкіндіктерің бар. Өйткені, Абай Құнанбаев қазақ халқының топырағында ғана сіңіп қалған тұлға емес, әлемдік деңгейдегі «әлемнің Абайы», - дейді академик Қалдыбек Сейданов.

Screenshot_5.jpg

Интеллектуалды ұлт қалыптастыру үшін Абай айтып өткендей, ақыл, қайрат, жүрек үшеуін бірдей ұстау керек. Абайтанушылар форум барысында қазіргі таңда жастар арасында түсініспеушілік, қатыгездік, ақымақтық секілді қасиеттерді жою мақсатында  «толық адам» концепциясын ашып, жөн сілтеді. Абайды  ақын ретінде танып қана қоймай, ойшыл, хакім ретінде де қарауға кеңес берді. Себебі, ол қазақ халқының салт-санасын зерттеуші, зерделі ұлт қалыптастыру жолында бағыт-беруші ғұлама. Әдетте, ақын-жазушыларға байланысты іс-шаралар, тағылымды лекциялар, тың баяндамалар, жыр мүшәйралары тек мерейтойлар мен туған күндерде ғана ұйымдастырылады. «Негізі Абайға әр күні, әр кезде көңіл бөлуіміз керек. Абайды ақын деп айтсақ, ол аздық етеді. Ол ақындардың сөзінен гөрі ойшылдардың хакімді сөздерін айтады. Мысалы, «Адам деген не?», «Адам не үшін өмір сүреді?», «Алла жайлы» секілді мәселелерді қозғайды»,- дейді ОҚМУ-дағы Абайтану орталығының жетекшісі Әліпхан Мақсат.

Абай – мәңгілік мотиватор. Оның айтқан сөздері ешқашан өлмейтіндей, өшпейтіндей із қалдырды. Тіпті кейбір өлең жолдары санада жатталып, күнделікті өмірде нақыл сөзге айналдырып жатамыз. Барлық сұрақтың жауабын осы Абай атамыздың өлеңдері мен қара сөздерінен тауып жатамыз. Өмірде «адам» атауына лайық болу үшін қажетті қасиеттер мен соның айналасындағы дүниелердің барлығы да айтылып өткен. Ендігі біздің міндетіміз – тек көңілге тоқу. Интеллектуалды ұлтты қалыптастырудың қыры мен сырын сонау ХІХ ғасырда Абай атамыз айтып кеткен. Ұлы ақынның туындыларын ұлықтау мақсатындағы іс-шаралар легі мерейтойда ғана атқарылып, қалған уақытта ұмыт қалмайтындай болса игі. Бұл орайда форумды ұйымдастырушылар мен қатысушылардың мақсат – мүдделері ортақ. 

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Казино в Казахстане - регуляция азартных игр
  • National Geographic Қазақстан туризмі туралы мақала жариялады
  • Жыл басынан бері 40 мыңнан астам жұп шаңырақ көтерген
  • Қазақстан футбол лигасының президенті Рафаэль Гарибян қызметінен кетті
  • «Ұлттық қор - балаларға» бағдарламасын іске асыруға тағы бір оператор қосылды
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер