2020 жылдың 7 ақпанында Қазақстан Республикасы Ұлттық инженерлік академиясында (ҚР ҰИА) Төралқаның кеңейтілген отырысы өтті. Онда ҚР ҰИА бөлімшелері мен филиалдарының 2019 жылғы жұмыстары қорытындыланып, 2020 жылға арналған жұмыс жоспарлары талқыланды.
Отырысқа ҚР ҰИА Президиумының мүшелері, ҚР ҰИА бөлімшелері мен филиалдарының төрағалары, академияның академиктері мен корреспондент-мүшелері қатысты.
ҚР Ұлттық Инженерлік академиясының вице-президенті Нұрлан Мұханұлы Темірбеков академияның 2019 жылғы жетістіктеріне тоқталып, жоспарланған конференциялар туралы ақпарат берді: есептеу және ақпараттық технологиялар саласында Әл-Фарабидің 1150 жылдығына арналған CITech-2020 халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы, Түркі әлемі математиктерінің VII Конгресі (TWMS, Turkic World Mathematical Society), Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына арналған іс-шара және т.б.
Бөлімшелер мен филиалдардың төрағалары өткен жылғы маңызды нәтижелер және алдағы жұмыс жоспары туралы баяндама жасады.
Сондай-ақ, гранттық қаржыландыру жобаларын, мақсатты ғылыми-техникалық бағдарламаларды іске асыру, технологияларды коммерцияландыру мәселелері талқыланды және 2019 жылғы ҚР Президентінің Жолдауын орындау мақсатында ғалымдар мен инженерлердің алдында тұрған жаңа міндеттер анықталды.
Алматы қаласы ауасының ластануы туралы және инженерлік ғылым ұсына алатын әрі жүзеге асыра алатын мәселелер көтерілді. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің экологиялық жағынан тазалығы мәселесі талқыланды.
Ғалымдар осы сұрақтар бойынша табысты жүзеге асырылатын тиімді шешімдер ұсынды.
Нәтижесінде Қазақстан Республикасы Ұлттық Инженерлік академиясының президенті, академик Б.Т. Жұмағұлов Академия базасында әкімдік өкілдерінің, Алматы қаласы Қоғамдық кеңесі төрағасының қатысуымен дөңгелек үстел өткізуді ұсынды. Онда қоршаған ортадағы зиянды қалдықтарды азайтуға бағытталған ғылыми-техникалық жобалар мен бағдарламалар ұсынылатын және талқыланатын болады.
Іс-шара аясында Конкурстық комиссия төрағасы Асқар Алтынбекұлы Құлыбаев 2019 жылдың 15 қарашасында өткізілген жалпы жиналыста сайланған академиктер мен корреспондент-мүшелерге диплом табыстады.
ҚР ҰИА баспасөз орталығы