Шымкент қаласы мәслихатының депутаты №29 мектепте көпбалалы аналармен кездесіп, мұң-мұқтажын тыңдап, қойылған сұрақтарға жауап берді. Халық қалаулысы сайлаушыларға 2019 жылы атқарған жұмыстар бойынша өткен есептік кездесуге 90-ға жуық ана келді. Кездесу барысында Елбасының «Nur Otan» партиясының жаңа әлеуметтік бастамаларын жүзеге асыру, табысты көтеру және аз қамтылған азаматтарды қолдау, білім беру жөнінде ашық әңгіме болды. Нұрғазы Бұхарбай Президент тапсырмаларына байланысты енгізіліп жатқан жаңалықтарды жете түсіндірді.
«Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та «Халықпен ашық диалогты жалғастыру керек» деді. Мен жеке қабылдауыма келген азаматтарды қабылдап, мәселелерін тыңдап, оны шешуге көмектесемін. 2019 жылы «Nur Otan» партиясында, қалалық мәслихатта, жұмыс орнымда жалпы саны 44 рет қоғамдық қабылдау өткізіп, 100-ге жуық азаматтың жеке мәселесін тыңдап, олардың шешілуіне ықпал жасадым. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы халықтың табысын арттыру бойынша тұрақты тапсырма беріп отыр. «Nur Otan» партиясының фракциясы мәжілісінде халықтың тұрмыс деңгейін көтеру бойынша қаламыздағы барлық салалық басқарма басшыларына тапсырмалар беріп, оның орындалуын қадағалап отырамын. «Nur Otan» партиясының алдында тұрған міндеттерді сайлаушылардың ұсыныс-тілектерін жүзеге асыруда ауқымды жұмыстар атқару үшін жұмыс істеп, алдағы уақытта қала халқының әл-ауқатының, тұрмыс-тіршілігінің жақсаруына ықпал жасайтын боламын. Депутаттар халықпен тығыз байланыста болуы тиіс», - деді Нұрғазы Бақтыбайұлы.
Кездесуде оқушылардың қауіпсіздігі үшін мектеп айналасына бейнекамераны көбейту керектігі, оқулықтың жетіспеушілігі, жол сапасының төмен екені, маскүнемдер көп, учаскелік полицейлер соны реттесе деп шағым білдірді. Басты мәселе мектеп жанынан қосымша 300 орындық ғимарат салу керектігі айтылды. Себебі оқушылар мектепке сыймай жатыр. Барлығын тыңдаған Нұрғазы Бұхарбай айтылған мәселелер бойынша жауапты мекемелерге депутаттық сауал жолданып, алдағы уақытта өз шешімін табатынын жеткізді.