Таяуда теледидардан ет экспортына байланысты атқарылып жатқан жұмыстарды көрсетті. Өткен жылы еліміз 60 мың тонна ет экспорттапты. Бұл дегеніміз үлкен жетістік!
Өзім ұзақ жыл осы салада жұмыс істеп, зейнет демалысына шыққандықтан, бұл жетістіктердің жолында біздің де аз-кем үлесіміз бар екенін ойлап, қуандым. Шардара аудандық кәсіпкерлік мектебін басқарып, жастарды өз бизнесін бастауға үгіттеп, жол көрсетіп, бағыт- бағдар берген күндерім еске түсті.
Иә, бұл ел Үкіметінің неше жылдан бері жоспарлап, мақсат қоя отырып жеткен зор жетістіктің бірі еді. Бұл туралы «Ет одағы» бірлестігінің төрағасы Асылжан Мамытбеков те орынды айтып отыр. Оның айтуынша, «2011 жылдары Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2016 жылға қарай 60 мың тонна етті экспортқа шығару бойынша тапсырма берген болатын. Бұл жұмыс межеленген мерзімінен арада үш жыл өткенде орындалып отыр. Елбасының берген тапсырмасының дәл уақытында орындалмауына бірнеше себеп бар» деген А.Мамытбеков оын да түсіндіріп берді. Бірінші себеп, ол кездері Қазақстанда ет экспорты мүлде болмаған. Екіншіден, мал саны өте аз еді. Әрі асыл тұқымды малдар бүгінгідей көп емес-тұғын».
Рас, алғашқыда экспорттың мұншалықты артатынына маман ретінде өзіміз де сенбедік. Бірақ тиісті бағдарламалардың орындалуын қадағалап, Үкімет тарапынан қойылған талаптарды жүзеге асырып жүріп қол жеткіздік. Біздің Шардара ауданының өзінде қаншама адам «Сыбаға», «Алтын асық», «Құлан» тағы басқа да бағдарламалардың шапағатын көп көрді. Нәтижесінде, бүгінде қаншама адам өз алдына кәсіп ашып, жұмыс бастады. Бұл жетістікке осы саланың ардагері ретінде қуанып отырмын. Еліміз бұдан да жоғары жетістіктерге жете берсін!
Базарбай ТІЛЕУІМБЕТОВ,
Еңбек ардагері. Шардара ауданы