Ассамблея емес, Абаев жауапты

Қордайдағы оқиғадан кейін президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша бірқатар лауазым иелері қызметтерімен қош айтысты. Олардың ішінде Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов, Жамбыл облыстық полиция департаментінің басшысы Арман Оразалиев және тағы басқалар бар. Алайда кейбір азаматтар жауапкершілік мәселесі тек Жамбылдың төңірегімен ғана шектеліп қалмай, елордада да жүргізілуі тиіс деп есептейді.

1562905553_news_b.jpeg

Журналист Жанай Омаров фейсбуктегі парақшасында Жамбыл облысындағы жағдайға байланысты тікелей жауапты тағы бір құзырлы орынның бар екенін мәлімдеді. Автордың айтуынша, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайту және сақтау мәселесіне Қазақстан халқы Ассамблеясы емес,  Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі тікелей жауап береді. Қазақстан халқы Ассамблеясы этносаралық және конфессияаралық қатынастар саласындағы мемлекеттік ұлттық саясатты әзірлеуге және іске асыруға жәрдемдесетін кеңесші орган.

«Қазір Ассамблеяны жерден алып, жерге салып жатқандар көп. Бірақ Ассамблеяның этностар арасындағы өзара мәдени араласу мен дамуды нығайтатын қоғамдық ұйым, ашық алаң ғана екенін ұмытпауымыз керек. Әрине, Ассамблеяның этносаралық диалогты қамтамсыз етудегі рөлін ешкім жоққа шығармайды. Алайда этносаралық тұрақтылық пен келісімді қадағалайтын мемлекеттік орган бар екенін ұмытпаңыздар. Неге Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі және оның Этносаралық қатынастарды дамыту департаменті бұл жағдайда бойын алшақ ұстап, өздеріне еш қатысы жоқ сияқты басқа орталық органдардың қызметіне пікір білдірумен ғана шектеліп отыр?  Олардың функционалды міндеті мен мақсатына көз жүгіріп көрейікші», деген журналист  оқырманның назарына Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі туралы ережені ұсынады. 

Аталған Ережеде  «Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі (бұдан әрі – Министрлік) ақпарат, мемлекет пен азаматтық қоғамның өзара іс-қимылы, діни қызмет, мемлекеттік жастар және отбасы саясаты, қоғамдық сананы жаңғырту, қайырымдылық, волонтерлік қызмет, медиация, ішкі саяси тұрақтылықты қамтамасыз ету, конфессияаралық және этносаралық келісім салаларында басшылықты, сондай-ақ заңнамада көзделген шектерде салааралық үйлестіруді және мемлекеттік реттеуді жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының мемлекеттік органы болып табылады» деп тайға таңба басқандай жазылған. 

Тиісті министрлікте Этносаралық қатынастарды дамыту департаменті жұмыс істейтіні, құрылымдық бөлімше өз қызметінде «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» Заңын басшылыққа ала отырып, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайту және сақтау бойынша мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын іске асыруы тиіс екені айтылған. Департамент Этносаралық қатынастар саласындағы қызметті әдістемелік және құқықтық сүйемелдеу басқармасы; Отандастармен және диаспоралармен өзара іс-қимыл басқармасы; Этносаралық қатынастарды талдау және мониторинг басқармасынан тұратыны баяндалған. 

Ендеше, Қордайдағы жағдайға байланысты тікелей жауапты мемлекеттік орган басшысы, министр Д.Абаев, сондай-ақ тиісті департамент өкілдері неге жақ ашпай отыр? 

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Казино в Казахстане - регуляция азартных игр
  • National Geographic Қазақстан туризмі туралы мақала жариялады
  • Жыл басынан бері 40 мыңнан астам жұп шаңырақ көтерген
  • Қазақстан футбол лигасының президенті Рафаэль Гарибян қызметінен кетті
  • «Ұлттық қор - балаларға» бағдарламасын іске асыруға тағы бір оператор қосылды
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер