Бүгін ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Шымкент қаласына жұмыс сапарымен келді. Ол сапар аясында қаланы дамыту мәселелері жөнінде кеңес өткізді деп хабарлайды Премьер-министрдің сайты.
Шымкентті дамытудың 2019-2023 жылдарға арналған кешенді жоспарын іске асыру туралы, әлеуметтік-экономикалық жағдай, инфрақұрылымдық құрылыс, электрмен және газбен жабдықтау, сондай-ақ, қаланың 2020 жылы ТМД-ның мәдени астанасы мәртебесін алуы аясында іс-шараларды өткізуге дайындығы туралы Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов, мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі Қайырбек Өскенбаев, ұлттық экономика вице-министрі Ермек Алпысов және энергетика вице-министрі Жұмабай Қарағаев, «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ басқарма төрағасы Айдар Әріпханов баяндады.
«Биыл Шымкент ТМД-ның мәдени астанасы болып табылады. Осы жылдың ресми ашылуына ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев қатысады деп жоспарланған», — деді А. Мамин.
Үкімет басшысы өзекті әлеуметтік-экономикалық мәселелер мен қала тұрғындарының тұрмыс сапасын арттыру мәселелерін уақытылы шешудің, сондай-ақ ТМД-ның мәдени астанасы жылы аясында жоспарланған барлық іс-шараларды жоғары деңгейде өткізудің маңыздылығын атап өтті.
Сапар барысында Асқар Мамин Шымкенттегі бірнеше нысанды аралап көрді.
Үкімет басшысы археологиялық қазбалар кезінде табылған «Шымкент қалашығы» (Цитадель) реставрациялау және музейлендіру жобасының іске асырылу барысын тексерді. Мұнда ежелгі дәуір музейі, галерея, амфитеатр салынатын болады. Жобаның тарихи құндылығы зор және ол Шымкенттің тартымды туристік нысанына айналады.
Айта кетейік, Асқар Ұзақбайұлы Шымкентке жұмыс сапарына жанына өзінің кеңесшісі Ғабидолла Әбдірахымовты ертіп келді. Ол қаладағы нысандарды аралағанда премьер-министрмен бірге жүрді.
Шымкенттіктер үшін Ғабидолла Әбдірахымовтың орны ерекше. Ол Шымкентті екі рет басқарып, ел есінде креативті іс-әрекеттерімен, тың пікірлерімен қалды. Бүгінгі күнге дейін дәл Әбдірахымовтың шымкенттіктердің ерекше сүйіспеншілігіне бөленген әкім жоқ десек қателеспеген болар едік. Сондықтан да, шымкенттіктер экс-әкімнің бұл келісіне қуанды.
Ғабидолла Рахматоллаұлы өткен жылы 30 шілдеде Шымкент қаласының әкімі қызметінен босатылып, біраз уақыт жұмыссыз жүріп қалды. Қыркүйек айының ортасында Премьер-министр Асқар Маминнің кеңесшісі болып тағайындалды.