Қазақстандық зілтемірші Илья Ильин үшінші мегаполиске келді. Ол Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік университетінің жастарымен ашық сұхбат түрінде кездесу өткізді. Айта кетейік, ол Ташкент қаласында өтіп жатқан халықаралық бірлік чемпионатында алтын медаль иеленген еді.
Студенттермен кездесуге келген спортшы арнайы дайындықпен келмеген. Ауыр атлетикаға қатысты ақыл-кеңес беруді де құптамады. Және кездесуді еркін сұрақ-жауап түрінде өткізуді ұсынды. Зілтеміршінің айтуынша, жастармен кездесуді көп өткізе бермейді екен. Бірақ алдағы уақытта өзінің спорттық мансабы тоқтап қалған жағдайда, сахнаға шығып, көпшілікпен сұхбат жүргізу ойында бар.
«Мен арнайы лекция дайындамадым. Келесі жолы мүмкін бір бағдарламамен келермін. Университетке келіп, ауыр атлетикадан лекция оқымаймын. Бұл керек емес те болар. Мүмкін, өмірдің мәні туралы айтармын», - деп бастады ол.
Кезінде допинг дауымен өзінің атақ-дәрежесінен бір сәтте айырылып қалған Илья Ильиннің Ташкенттегі жеңісі соңғы болуы мүмкін. Ол бүгінгі жаттығуынан қандай да бір нәтиже шықпаса, қолын бір сілтеуге дайын-ақ тұр.
«Егер де бір нәтиже шығармасам, ауыр атлетикаға оралудың қажеті жоқ деп білемін. Ел алдына шығып, қанша жылдан бері маған қолдау көрсетіп жүрген, мен үшін алаңдаған барша адамға рақметімді айтып, қоштасамын. Содан соң барып, не істейтінімді шешемін», - Илья Ильин.
Зілтемірден де ауыр депрессияға түскен Илья Ильин бүгінде өзінің карьерасының қалай аяқталатынынан бейхабар. Ата-анасы мен жақындарының арқасында спортқа деген махаббатын қайта оятып, аяқ тұрған көрінеді.