Латын әліпбиіне қатысты басты талап қазақ тілінің – бір дыбыс, бір таңба жүйесін сақтау. Демек қазақ әріптерінің жөнді дыбысталып, латын әліпбиі принципінен ауытқымауына назар салу.
Шымкент қалалық тілдерді оқыту-әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қазақ тілі әліпбиін жетілдіру жөніндегі тапсырмасы бойынша Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінде тіл мамандарының қатысуымен латын әліпбиінің үш нұсқасы талқыланды. Жиын барысында қазақ тіліндегі әріптердің дыбысталу жүйесін бұзбай, дұрыс таңбалануы мәселелері қаралды. Әліпбидің нұсқалары ұзақ талқыланып, жаңадан қаріптік жобалар ұсынылды.
Оңтүстік Қазақстан мемлекетттік педагогикалық университетінің бастауыш әдістеме кафедрасының профессоры, Тіл маманы Амангелді Жаппаров ұсынылған нұсқадағы әріптер латын әліпбиінің принципін ұстануы тиіс деп таниды.
- 1993 жылы Түркістанда барлық президенттер латын әліпбиіне көшеміз деген кезде, 10 елдің ғалымдарымен бірге мен де сол жерде болдым. Содан бері бұл тіршілік әлі күнге дейін пікірталас туындатып келеді. Ал, қазіргі нұсқалардың барлығы біршама күрделенген. Мұндағы басты принцип латын әліпбиінің аталуы емес, әр елдегі ерекше әріптер де, өзінше таңбалануы тиіс. Мен бұл жерде екі таңбаны таба алмай отырмын. Біреуі «w- даблю», одан кейін ағылшындардың «c-ка» дегені. Бұл әріп ағылшындардың өзінде де дұрыс емес. Біресе «ка» деп оқиды, «к» деген тағы бір әріпі бар. Сонда, «ка» деген дыбыс та жоқ. Біз нүктелерді көбейткенше, жоқ дыбыстардың орнын соған қойсақ, - деді Тіл маманы Амангелді Жаппаров.
Сондай-ақ, жалпыхалықтың ашық талқылау шарасында латын әліпбиінің нұсқаларындағы қазақ тілінде қалыптасқан тоғыз әріптің, дыбысталу жүйесін сақтау мақсатында біршама жобалар ұсынылды. Соның ішінде, Оңтүстік Қазақстан мемлекетттік педагогикалық университетінің қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының аға оқытушысы Нұриман Бекарыстың ұсынған латын әріптік жобасы қолдау тапты.
- Менің айтқым келгені, бұл жердегі «ә» нұсқасы жақынырақ. Бізге екі нүкте керек. Өйткені, неміс тілінде де «ә» дыбысы бар. Бұл латын негізді тілдердің барлығында қолданылады. Ал, туыс дыбыстар бір біріне ұқсас болуы тиіс. Бізде «ы, і» әріпі бір біріне ұқсас. Бұларды таңбалауда нүктесіз «ı» - мен нүктелі «і» әріпін ұсынуымыз керек. Екінші жуан «и» мен жіңішке «й» у-игрекпен берілуі тиіс. Бізде «ұ» мен «ү» туыс дыбыс. «U» нүктесіз, «ü» нүктелі нүктелі берілуі тиіс. Ал, «у» түркі халықтарына ортақ дыбыс. Алайда, түркі халықтарының көбісінде «у» дыбысы жойылған. Оның орнына «v» қолданылады. Сондақтан «у» әріпін «w-даблюмен» бергеніміз жөн деп ойлаймын. Бұлар Баку құрылтайында 1929 жылы қабылданған әріптер. Менің ұсынысым осы. Бұл латын графикасында бұрыннан қолданылып келе жатқан таңбалар, - деді ОҚМПУ-нің қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының аға оқытушысы Нұриман Бекарыс.
Жалпыхалықтық талқылауға түсіп жатқан орфографиялық жұмыс тобы әзірлеген әліпбидің жетілдірілген нұсқалары мен өзге де ұсынылған әліпби жобалары талқыланған жиын барысында осы бір жоба қолдау тауып, хаттама толтырылды.