Түркістан облысы «Нұр Отан» партиясының қоғамдық қабылдау бөлмесінде Түркістан облысы Полиция департаментінің бастығы полиция генерал-майоры Қайрат Дәлбеков тұрғындармен кездесіп, қабылдау өткізді. Қабылдауға Полиция департаментіне қарасты тергеу, кадр, әкімшілік полиция басқармалары және тағы басқа тиісті басшылар да қатысты. Генерал-майор Қайрат Дәлбековтың қабылдауына алдын ала жазылған азаматтардан бөлек, өзге де тұрғындар келіп, өздерінің көкейтесті мәселелерін, аяқсыз қалған арыздарын жеткізді.
Қабылдауға келген 50-ден астам тұрғынның әрбірінің мәселесін мұқият қараған облыстың бас полицейі айтылған уәждердің оң шешілуіне ықпал ететінін, өтініш-тілектердің тез арада орындалатынын атап өтіп, кейбір күрделі мәселелер бойынша жауапты полицейлерге сол сәтте мәселенің оң шешілуі үшін тапсырмалар берді. Сонымен қатар айта кететін жайт, қабылдауға келген тұрғындардың басым көпшілігі мал ұрлығы аясында арыздарын жеткізді. Ал, Қайрат Дәлбеков болса, осы мәселеге байланысты облысқа қарасты барлық қала, аудандарда келелі кездесу өткізетінін жеткізді. Сондай-ақ, қабылдауда қылмыстық істер және жұмысқа орналасу, ауысу, тергеу саласы бойынша да сөз қозғалды.
Өз кезегінде, генерал-майор Қайрат Дәлбеков «Полицейлерден үнемі халықпен тығыз байланыс орнатуды, халыққа жанашыр, қолдаушы болуды талап етемін" -дей келе, жұртшылықтың мәселелерін шешуге баса назар аудара отырып, халықпен тікелей диалог құру және нығайту мақсатындағы жұмыстар жалғаса беретінін жеткізді.