Түркістан қаласына қызмет бабымен қоныс аударған мемлекеттік қызметкерлерге баспана беріліп жатыр. Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев 8-наурыз – Халықаралық әйелдер күні мерекесі қарсаңында жаңа пәтерлердің кілттерін аналарға, қыз-келіншектерге салтанатты түрде табыс етті, деп хабарлайды RGMEDIA.KZ ақпараттық агенттігі.
Облыс орталығы Түркістан шаһарына қызмет бабымен қоныс аударған мемлекеттік қызметкерлер – құқық қорғау саласының өкілдері, әскери қызметшілер, дәрігерлер, мұғалімдер, әлеуметтік сала қызметкерлері, мәдениет, тұрмыс жағдайы төмен отбасылар жаңа қоныс иелері атанды.
– Облыс көлемінде әрбір мереке қарсаңында жаңа нысандарды пайдалануға беру, халыққа пәтер кілтін табыстау секілді игі шаралар дәстүрге айналды. Мемлекет қамқорлығының арқасында, бүгін де қаншама шаңырақ шаттыққа бөленіп отыр. Қызмет бабымен жаңа облыс орталығына көшіп келіп, өңірдің өсіп-өркендеуіне зор үлес қосып жүрген өздеріңізге ықыласымыз ерекше. Баршаңызды шын жүректен құттықтай отырып, жаңа баспаналар сіздерге бақыт әкелсін деп тілеймін, – деді облыс әкімі өз ошақтарының табалдырығын аттаған жаңа қоныс иелерінің шаңырағында болып, жайылған дастарханнан дәм татты.
Мемлекеттік бағдарламамен «Отырар» шағынауданында 336 пәтерлі 5 қабатты 6 тұрғын үй пайдалануға берілді. Бүгінгі қуаныш иелері – 15 отбасы. Көпқабатты пәтерлер құрылысы қарқынды жүріп жатқан шаһарда жыл соңына дейін 7 қабатты 24 тұрғын үй құрылысы аяқталып, 1452 пәтер иелері қоныс тойын тойлайды.