Түркістан облысында «Біз біргеміз!» акциясы жалғасуда. Коронавирусқа қарсы күресті күшейту, көмекке мұқтаж жандарды қолдау мақсатында белгілі кәсіпкер, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты, «Бөрте милка» «Бөрте Милка» ЖШС директоры Нұралы Әбіш арнайы қорға 5 миллион теңге аударды.
«Біз үкімет тарапынан қолға алынып отырған шектеулер мен сақтану шараларына барынша қолдау білдіріп, түсіністік танытып, барлық талаптарды орындауға тиіспіз. Сондай-ақ жалған ақпараттарға сенбей, ел ішінде үрей туғызбауға, жұртты сабырға шақырып, ынтымақ, бірлікке ұйыстыра білуіміз керек. Әлемге қауіп төндіріп тұрған індетпен күрес жүргізу – тек медицина қызметкерлері мен құқық қорғау мамандарының ғана емес, бүкіл қазақ қоғамының міндеті», – деген азамат қиын кезеңде жомарттық таныта білді.
Сонымен бірге Нұралы Әбіш өзі басқаратын «Бөрте Милка» ЖШС атынан 100 отбасыға сүттен жасалған өнімдермен демеушілік көрсетті. Бұған дейін де игі істерімен танылып жүрген «Nur Otan» партиясының мүшесі жұртшылықты қауіпті індетпен бірігіп күресуге шақырды.
«Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі