Батыс Қазақстан облысында жыл басынан бері сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған 13 адам сотталды. Бұл туралы ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі БҚО бойынша департаменті басшысының орынбасары Қамал Қабылбеков мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның айтуынша, биылғы бес айда департамент 87 қылмысты тіркесе, соның 82-сі немесе 94 пайызы сыбайлас жемқорлыққа қатысты. Сыбайлас жемқорлықтың басым көпшілігі (60) немесе 73 пайызы – парақорлық, сондай-ақ ұрлық пен алаяқтық – 26 пайыз (21 дерек). Барлығы 100 сыбайлас жемқорлық қылмыстық іс тергеліп, соның 62-сі сотқа жолданды. Аяқталған қылмыстық істер бойынша келтірілген залалдың жалпы мөлшері – 516,5 млн теңге, соның ішінде 512,2 млн теңгесі немесе 99,2 пайызы өтелді. Сыбайлас жемқорлық жасап, сотталған 13 адамның екеуі бас бостандығынан айырылды. 1 адам бас бостандығынан шектелді. 10 сотталушыға айыппұл салынды. Оның жалпы сомасы 21 млн теңгеден асты. «Биыл сыбайлас жемқорлық қылмыстарының ең көбі ішкі істер органдары қызметкерлері арасында тіркелді. Полицияда бұл қылмыс түрінің төмендемей келе жатқаны ескеріліп, бірқатар ұйымдастырушылық және алдын алу шаралары қабылданды. Бірқатар лауазымды тұлғалар қызметінен босатылды», деді Қ.Қабылбеков. Департамент басшысының орынбасары сондай-ақ сыбайлас жемқорлық деректері туралы белгілі болса, адамдардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің тәулік бойы жұмыс істейтін 1424 Call-орталығына хабарласа алатындығын жеткізді. ҚР Үкіметінің «Сыбайлас жемқорлық фактілері туралы хабарлаған тұлғаларды ынталандыру туралы» қаулысы аясында биыл 5 адамға 928 мың теңге төленген. Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да қандай компаниялардың жолды сапасыз салатынын жазған болатынбыз.