Шымкент қаласында азаматтарға онлайн түрде медициналық қызмет көрсететін 1430 Medical service сервисі іске қосылды.
Аталған онлайн платформа арқылы дәрігерлер науқастарға бейнебайланыс арқылы кеңес бере алады. Бағдарламаның негізгі мақсаты - қалалық емханалардың жұмысын жеңілдетіп, науқастардың дәрігерден көбірек кеңес алуға мүмкіндік береді. Бұл туралы Шымкент қаласы әкімдігінде өткен баспасөз брифингінде денсаулық сақтау басқармасының өкілі Жақсылық Мәуленқұлов мәлімдеді.
Медициналық қызметті онлайн алу үшін әуелі «1430.kz» порталына тіркелу қажет. Азамат өзіне қажет дәрігерді таңдап, онлайн түрде консультацияға жазылады. Денсаулық сақтау басқармасы өкілінің сөзінше, қазіргі таңда аталған платформаға 70-ке жуық дәрігер тіркелген.
– Портал арқылы консультацияға жазылған науқас жөнінде хабарлама бірден дәрігерге келіп түседі. Онлайн хабарламаны алған сәттен бастап науқастардың талдау нәтижелерімен танысып, бейнебайланысқа шығады. Қызметтің бұл түрін қолдану үшін компьютер немесе смартфон болса жеткілікті. Жоспарға сәйкес аталған бағдарлама бүгіннен бастап қолданысқа енді. Алдағы уақытта қаладағы бүкіл дәрігерлерді осы порталға тіркеуді жоспарлап отырмыз, - деді Жақсылық Оразбайұлы.
Айта кетейік, қазіргі таңда медициналық қызметтің мұндай түрі Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында қосылып, нәтижелі жұмыс істеп келеді.
Шымкент ақпараттық-коммуникацялық орталығы