Түркістан облысында 4688 адам медициналық ұйымдарға тіркелмеген. Дегенмен, пандемия кезінде барлық қазақстандық міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына салған жарнасының аздығына қарамастан сақтандырылған болып саналған. Бұл туралы елімізде медициналық-санитариялық алғашқы көмек ұйымының (МСАК) ұйғарымымен тұрғындардың өз аумағында емхананы еркін таңдау науқаны басталуына байланысты өткен брифингте айтылды.
Азаматтар 15 қыркүйек пен 15 қараша аралығында тіркеле алады. Дәрігер тіркелген науқастардың денсаулығын бақылауы үшін емхананы тұрғылықты жерге жақын маңдағы медициналық мекемені таңдаған абзал. Өйткені, қажет кезінде емхана дәрігерлері науқастардың үйіне бара алады, бұл әсіресе пандемия кезінде өте маңызды.
– МСАК ұйымына тіркелген азаматтар 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап медициналық көмек ала бастайды. Бұл ретте медициналық ұйым - Қормен алдағы жылға арналған тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және МӘМС жүйесінде алғашқы медициналық-әлеуметтік көмек қызметтерін көрсетуге шарт жасасуы тиіс. Науқан қорытындысы бойынша медициналық ұйымдар өзіне тіркелген азаматтарды саны негізінде қаржыландырылады. Әрбір тіркелген тұрғын үшін медициналық ұйымдарға ай сайын қаржы төленеді, – деді Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Түркістан облысы бойынша филиалының директоры Асхат Бейсенбаев.
Емханаға тіркелу бірнеше тәсілмен жүзеге асырылады. Электрондық үкіметтің www.e-gov.kz веб-порталы арқылы жүгінген кезде тіркеу ЭЦҚ арқылы жүргізіледі. Денсаулық сақтау бөлімінде «Медициналық-санитарлық алғашқы көмек көрсететін медициналық ұйымға тіркелу» қызметін таңдау қажет. Емхана науқас туралы ақпаратты мемлекеттік ақпараттық жүйелерден автоматты түрде алады. Тіркелім сәтті болған жағдайда азаматқа медициналық ұйымның ЭЦҚ қойылған электрондық құжат түрінде тіркеу туралы хабарлама беріледі.
Сонымен қатар, халықтың жекелеген санаттары тікелей емханаға тіркеле алады. Ол үшін азаматтың өтініші мен жеке басын куәландыратын құжаты беру қажет. Бұл санаттарға зейнеткерлер, мүгедектер, заң бойынша бала кезінен мүгедекке тағайындалған қамқоршылар, сондай-ақ қорғаншылар немесе қамқоршылар, патронат тәрбиешілер, колонияларда (өтеу орны бойынша) жазасын өтеп жатқан сотталғандар, студенттер, мерзімді қызметтегі әскери қызметшілер, шет мемлекеттерде туған балалар, сенімхат бойынша тіркеуді ресімдейтін адамдар жатады.
– Жалпы, Түркістан облысында порталда 1 млн. 962 мың 881 адам тіркеліп тұр. Осы жылдың 31 желтоқсанына дейін азаматтар бұрын бекітілген емханада қызмет көрсетуді жалғастырады. Қыркүйек айындағы жағдай бойынша облыста 4688 адам медициналық ұйымдарға тіркелмеген күйінде қалып отыр. Медициналық көмекке қол жеткізе алмай қалмау үшін оларға тікелей тұрғылықты жері бойынша емханада немесе ЭЦҚ арқылы электрондық үкіметтің веб-порталында тіркелулері қажет, – деді Қоғамдық денсаулық басқармасының өкілі Баян Ақбердиева.
Сондай-ақ, сақтандыру мәртебесіне қарамастан, барлық азаматтар тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне құқылы. Жоспарлы емдеуге жатқызу, бейінді мамандардың қабылдауы, қымбат тұратын тексерулерден өту және жоғары технологиялық ем алу үшін МӘМС жүйесінде сақтандырылған болуы қажет. Сақтандыру мәртебесін электрондық үкімет порталында, қор сайтында және Telegram-дағы SaqtandyryBot арқылы білуге болады.
Дегенмен, Асхат Бейсенбаевтың айтуынша, пандемия кезінде барлық қазақстандық міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына салған жарнасының аздығына қарамастан сақтандырылған болып саналған.
– Мұндай мүмкіндік төтенше жағдай кезінде халықты қолдау мақсатында, сондай-ақ жаңа жүйенің барлық артықшылықтарын сезінуі үшін берілді. Алайда, 2020 жылдың 1 шілдесінен бастап кейбір пациенттер медициналық мекемелерге жүгінген кезде олардың МӘМС жүйесіндегі қызметтерге қол жетімділігі жоқ екенін анықтады. Мұндай азаматтар өтіп кеткен айлар үшін қарызын өтеуі керек, – деп түсіндірді қор филиалының директоры.
Жалпы төтенше жағдай кезінде ақысыз еңбек демалысына кетуге мәжбүр болған жалдамалы қызметкерлердің сақтандыру мәртебесінің жоқтығы туралы мәселе елде бірнеше рет көтерілген. Осыған байланысты Үкімет тиісті азаматтарға жеңілдік беру туралы шешім қабылдап, қор оларға автоматты түрде сақтандыру статусын берген.
Сонымен қатар, қор филиалының директоры азаматтардың қандай санаттары МӘМС жүйесінде қалатынын нақтылап берді. Мәселен, соңғы 3 айда жоқ дегенде бір рет жарна төлеген, берешегі екі айдан аспайтын жалдамалы жұмысшылар және соңғы 3 ай бойы қатарынан төлем жасаған, жарна қарызы екі айдан аспайтын жеке кәсіпкерлер, жеке меншік нотариустар, жеке меншік сот орындаушылары, адвокаттар жаңа жүйенің қызметін пайдалана алады. Сондай-ақ, мемлекет тарапынан сақтандырылған, бірақ 42 мың 500 теңге алу үшін бірыңғай жиынтық төлем төлеп, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің әлеуметтік статусы бар тұрғындар тізімінен шығып қалғандар да МӘМС жүйесіне қайтарылады. Осы аталған санаттарға 27 тамыздан бастап автоматты түрде сақтандыру мәртебесі беріліп отыр. Осылайша, пандемия кезінде табысын жоғалтқан адамдар МӘМС жүйесінде медициналық көмекті толық көлемде алу құқығына ие болды.
Жалпы айтқанда, Түркістан облысына коронавируспен күрес шараларына 8,6 млрд теңге бөлінді. Оның ішінде медициналық көмек көрсетуді қоса алғанда, стационарларда емделуге – 2,5 млрд. теңге, ПЦР-диагностикаға 139 млн. теңгеге келісімшарт жасалды. Сондай-ақ, республикалық бюджет қаражатынан үстемақы төлеу үшін Медициналық сақтандыру қорына 5.9 млрд теңге бөлінді.