ҚР ІІМ-нің нұсқауына сәйкес Түркістан облысы Полиция департаментінің мәжіліс залында бірқатар іс-шаралар өткізілді.
Жиын барысында «Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік процестік кодексінің нормалары туралы» және «Қазақстан Республикасының сайлау туралы заңы» тақырыбында сабақтар өткізілді.
Оған қоса 1-желтоқсан ҚР Тұңғыш Президенті күніне арналған «Елбасының жолы" атты бейнеролик көрсетілді. Сондай-ақ Елбасының қолынан "Ерлігі үшін" медальімен марапатталған Түркістан облысы ІІО мен ҰҰ ардагерлер кеңесінің төрағасы, ішкі істер саласының ардагері Оспанғазы Жанқожаев жеке құраммен кездесті. Кезінде оққа қарсы тұрған Оспанғазы Жанқожаев, сол кездегі ерлігін еске алып, өзінен кейінгілерге мағлұмат берді.
"Бұл оқиға 1989 жылдың 12-желтоқсаны күні орын алған болатын. Сол күні күндегі жұмысымды ойдағыдай атқарып, үйімде отырғанмын. Кенет түнгі сағат 12 шамасында Әл-Фараби аудандық Ішкі істер бөлімінен көпқабатты үйлердің бірінің ауласында белгісіз біреулердің көлікжайды бұзып, ондағы автокөлікті ұрламақ болған әрекеттері жайлы хабарлама түсті.
Оқиға орнына жедел топпен бардық. Сол сәтте милицияның қызметтік көлігін көрген үш ұры қылмыс орнынан бой тасаламақ болып, тұра қашты. Олардың артынан әріптесім екеуміз жаяу қуа жөнелдік. Кез келген қауіп-қатерден тайсалмайтын милиция қызметкерлері едік. Жастықтың жалынымен қылмыскерлердің бірі суық қарумен қаруланғанын білген де жоқпыз.
Үш ұрыны ізін суытпай ұстауды мақсат еткен мен қарсы қарап тұрған оқтаулы оқпанды кеш байқадым. Осылайша қылмыскердің қолынан ауыр оқ жарақатын алдым. Жаралансамда бойыма бар күш-қуатымды жинап, қарсыласыма қарай қарсы оқ атып үлгердім.
Нәтижесінде, қылмыскерлер құрықталып, заң алдында өз жазаларын алды. Ал мен екі бірдей ауыр ота жасатып, 1,5 жыл аурухана төсегіне таңылдым.
Кейін аса қауіпті қылмыскерді қолға түсіргеніміз еңбегіміз еленіп, ҚР Президентінің 1994 жылдың 15 қазанындағы Жарлығымен «Ерлігі үшін» медалімен марапатталдым. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев маған бұл марапатты өз қолымен табыс етті. Ішкі істер органдарындағы көпжылдық еңбек өтілінен соң, 2012 жылы полиция полковнигі шенінде құрметті демалысқа шықтым. "-деп өзінің жұмыс бабындағы естелігімен бөлісті.
Иә, шынында «Ерлік ұмытылмайды, ұлықталады!». Арада талай жылдар өтсе де, қайратты қазақ баласының қайталанбас ерлігін тағы бір сәт көпшіліктің есіне салып, отставкідегі полковниктің мерейін одан әрі өсірдік. Және Елбасының қолынан марапат алу кез келгенге бұйыра бермес бақыт екені тағы бар. Осылайша мереке қарсаңында Полиция департаментінде кейінгілерге үлгі боларлық іс-шара ұйымдастырылды.