Белгілі айтыскер Ринат Зайытов Тоқаевтың жаңа жылдық құттықтауына қатысты пост жазған еді. Ақын осы жазбаға арнап өз түсіндірмесін жеткізді. Бұл туралы ол Нартай Аралбайұлымен сұхбаты барысында айтты.
- Бір жылда жөндеп үлгермеді. Бұл мәселе сайлауға қатысты болды. Шыны керек біз жылда әділетті сайлау күтеміз. Өзім әр сайлау сайын әділеттілік күтемін. Осы жолы болатын шығар деп. Бақылаушылардан әділетті сайлау күтіп отырмын. Осылар өскеннен кейін біз көрмей кеткен заман болар ма екен!? Әйтеуір бір дұрыс сайлау болу керек бұл қазақтың даласында. Соны неқұрлым ертерек жақындатқым келеді. Және де мен оны айтқаным үшін бір қастық қылдым, басқасын істедім деп ойламаймын. Ол солай болуы керек деп ойлаймын - дейді Ринат Зайытов.
Еске сала кетейік, Ринат Зайытов бірінші қаңтар күні Мемлекет басшысының жаңа жылдық құттықтауына арнап пост жазған болатын.
- Қадірлі ағайын! Құрметті Қазақстандықтар! Біз биыл тосын сынақтарға толы, бұрынғыдан басқаша жылды өткердік. Ол құпия емес. Мемлекет басшысы болғандықтан, ең әуелі барша халықтан осы уақытқа дейін болған жүйенің қателіктерінің келеңсіздіктерін түбегейлі жоя алмағандығымыз үшін, сіздерді еріксіз алдағанымыз үшін еліміздің барлық атқарушы билік өкілдерінің атынан кешірім сұраймын. Әлемді түршіктірген аты жаман індет есік қақпай кірген кезде танықтан төзім- сабырларыңыз үшін ерекше алғыс айтамыз. Сенімдеріңіз сейіліп, көрші елдердегідей көшеден әділдік іздеп, алаңға шығып, бізге өкпе айтпағандарыңыз жаңа билікке деген сенімдеріңіз деп білеміз. Осы жылы болған көршілес мемлекеттердің себепсіз арыздары да бізді бей жай қалдырған жоқ. Бұғанасы жаңа қатқан, кедейдің сақтаған тарысындай ғана халқы бар жас мемлекеттің жаңа басшысының атынан айтарым: Қазақ елі қашанда еркін ел. Сондықтан, бізге том-том тарихты ескермей, жоқ жерден аумақ бұлдағыш мемлекеттерге айтарымыз: "Қазақ жері- Қазақ елінің бары, сол барамыз үшін біз жан аямаймыз! Жаңа басшы ретінде өз тарапымнан бұдан былай туымызды таптатпауға, ұлтымызды қорлатпауға ант етемін.
Қазақ даласында билік құрған әрбір хан осы ұлы далаға өз қолтаңбасын қалдырған. Ия, мен осы тұғырға жету жолында талай әділетсіздікке көз жұмуға мәжбүр болдым. Дана халқымыз "Ханның сырын құл білмес, құлдың сырын кім білмес"-дегендей менің де өз еліме еңбек етер ниетім зор. Жалғыз үмітім сіздерде ағайын. Қазақ елінің болашағын қантөгіссіз, бүліксіз қалауға ат салысуларыңызды сұраймын! Жаңа жыл құтты болсын!
( деп айтатын шығар деп едім....) - деп жазған еді Ринат Зайытов.