Қазақстанда сталкинг үшін қылмыстық жауапкершілік енгізу көзделіп отыр, - деп хабарлайды Rgmedia.kz тілшісі.
Мәжіліс депутаты Абзал Құспан бұл норманы жұмыс тобы мақұлдағанын және заң жобасының екінші оқылымға шығарылатынын мәлімдеді.
"Біз Қылмыстық, Қылмыстық-атқару және Қылмыстық-процестік кодекстерді оңтайландыру туралы заң жобасына осы норманы енгіздік, жұмыс тобы оны қабылдады. Арнайы бап бар, ол "сталкинг" деп аталады, қылмыстық теріс қылық ретінде қарастырылады. Келесі аптада немесе екі апта ішінде заң жобасы палатаның қарауына шығарылуы мүмкін", – деді депутат.
Депутаттың айтуынша, сталкинг үшін айыппұл түріндегі жаза қарастырылған.
"Біз барлығын бірдей қылмыстық жауапкершілікке тартпаймыз. Екінші оқылым әлі өтпегендіктен, (айыппұл мөлшерін - еск.) нақты айту қиын. Пленарлық отырыста бұл сома көбеюі немесе азаюы мүмкін. Ондай ұғым бар (сталкинг – еск.), ол сондай норма, осылайша ауыр және аса ауыр қылмыстардың алдын аламыз", – деді ол.
Сталкинг - адамның жеке өміріне шамадан тыс және жағымсыз араласу түріндегі қудалау. Ол аңду, қорқыту, бопсалау, қажетсіз қоңыраулар мен хабарламалар жіберу, жәбірленушінің маңында жиі көріну немесе оның жеке өміріне заңсыз араласу сияқты әрекеттерді қамтуы мүмкін.