Мәжіліс «Нысаналы капитал қорлары (эндаумент-қорлар) туралы» және оған ілеспе заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады деп хабарлайды rgmedia.kz .
Құжатты таныстырған Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек бұл құжат елдегі қайырымдылық мәдениетінің деңгейін көтеретініне сенімді.
— Заң жобасының тағы бір мақсаты — қоғамда қайырымдылық мәдениетін қалыптастыру. Қазіргі таңда өзіміз көріп отырмыз, көптеген қор ашылып жатыр. Түрлі-түрлі себептерге, батырдың құрметіне, танымал тұлғаның құрметіне, көше атауын өзгертуге арналған қорлар ашу әдетке айналды. Шын мәнінде қайырымдылық — жақсы нәрсе. Сенімділік, бауырмалдық жағынан пайдалы. Бірақ оны бір жүйеге келтіру керек. Эндаумент қор туралы заң қолданысқа енген кезде осындай қорлар үшін де ашық принциптерге негізделген, құрылтайшылар мен салымшылар аудит жүргізе алатын платформа қалыптасады, — деді Саясат Нұрбек.
Айтуынша, құжатта эндаумент қор құруға болатын салалар белгіленді.
— Бұл — білім беру, денсаулық сақтау, бұқаралық спорт және мәдениет салалары. Осы салалардан қазіргі таңда бюджетке үлкен ауыртпалық түсіп жатыр. Сондықтан бұл заңның қабылдануы бюджетке кішкене жеңілдік беріп, жеке инвесторлардың қаражатын әлеуметтік мәселелерге бағыттауға мүмкіндік ашылар еді, — деді министр.
Эндаумент-қордың активтері құрамына ақшалай қаражат, бағалы қағаздар, жылжымайтын мүлік және зияткерлік меншік кіре алады. Оған мүлікті шектеусіз мерзімге, кем дегенде 10 жылға дейін беруге болады. Берілген мүліктің құны сақталады, тек оны басқарудан түскен инвестициялық табысты ғана жұмсауға рұқсат етіледі.
Активтер көлемі заң жобасында белгіленген шектен асқан жағдайда, олар міндетті түрде кәсіби басқарушы компанияның сенімгерлік басқаруына берілуге тиіс. Депутаттардың ұсынысы бойынша, бұл шек 10 мың АЕК мөлшерінде белгіленді, ал активтерді беру мерзімі – 3 ай. Осы уақытқа дейін олар екінші деңгейлі банктердің депозиттерінде орналастырылады.
Құжатта эндаумент қорға салған жарналарды салықтан босату ұсынылған.