Президент Жолдауы мен партия тапсырмалары қаралды

image.png

Бүгін «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының жанындағы білім беру мен денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі кеңестің отырысы болып өтті. Партияның облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихаттағы фракция жетекшісі Алтынсары Үмбетәлиевтің төрағалығымен өткен жиында Мемлекет басшысының биылғы 8 қыркүйекте жария еткен Қазақстан халқына арнаған Жолдауында білім және денсаулық сақтау салаларын цифрландырудың маңызы, өзекті мәселелері және әлеуеті қаралып, партияның Сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі Жол картасының сапалы білім беру үшін жағдай жасау тармағының орындалуы талқыланды. Сондай-ақ мәжілістің күн тәртібінде Түркістан облысында кәсіптік білім берудің өзекті мәселелері, білім беру ұйымдарының жылыту маусымына дайындығы зерделенді.

Бірлескен жиынға «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы жанындағы партиялық бақылау комиссиясының, білім беру мен денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестердің жетекшілері мен мүшелері, Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің оқытушысы, журналист Бекжігіт Сердәлі, Түркістан облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ғалымжан Орынов, облыстық партия филиалының жауапты қызметкерлері қатысты.

Жұмыс жиынының ашылуында сөз алған Алтынсары Дүйсенбекұлы, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың  Жолдауында «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты биылғы Жолдауының өзегі жасанды интеллектіні еліміздің барлық саласына енгізу арқылы, экономиканы жаңғырту, қоғамды дамыту және әрбір азаматтың өмір сүру сапасын арттыру екенін айтты.

« - Президент Жолдауында ерекше назар аударылған екі маңызды бағыт бар. Олар – білім беру және денсаулық сақтау салаларын цифрландыру. Білім саласындағы цифрландыру – бұл тек электронды кітаптар мен онлайн платформалар ғана емес, бұл әрбір оқушының қажеттілігіне сай жекелендірілген білім алу мүмкіндігі, мұғалімдердің кәсіби шеберлігін арттыру, инновациялық оқыту әдістерін енгізу. Ал, денсаулық сақтау саласын цифрландыру – ауруларды ерте анықтау, диагноз қоюды жеделдету, емдеу сапасын арттыру және әрбір азаматтың медициналық қызметке тең қолжетімділігін қамтамасыз ету. Бүгінгі отырыста білім беру және денсаулық сақтау салаларын цифрландыру мәселелерін тереңірек ашып көрсетуді мақсат етіп отырмыз», - деді Алтынсары Дүйсенбекұлы.

Аталған салалар бойынша Президент Жолдауында айтылған басымдықтар туралы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің оқытушысы, журналист Бекжігіт Сердәлі кеңінен тоқталды. 

«- Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында Түркістан облысында 8 жаңа мектеп ашылды. Бұл мектептерде оқушыларға жасанды интеллект негіздерін меңгеруге арналған арнайы курстар енгізілуде. Сонымен қатар, мұғалімдердің біліктілігін арттыруға арналған тренингтер мен семинарлар жүйелі түрде ұйымдастырылып, педагогтардың мәртебесі мен кәсіби деңгейі артты. Жасанды интеллект білім беру саласының тиімділігін арттырып, оқыту процесін жеңілдетуге, оқушылардың материалды тез әрі сапалы меңгеруіне жағдай жасайды. Болашақта жасанды интеллект педагогтардың сенімді көмекшісі болады деп күтілуде. Ал денсаулық сақтау саласында облысымызда «Ауылдағы денсаулық сақтауды жаңғырту» бағдарламасы аясында 150-ден астам жаңа медициналық нысан ашылып, бұрынғы фельдшерлік-акушерлік пункттер мен ауылдық емханалар күрделі жөндеуден өтті. Сонымен қатар, бірнеше аудандық ауруханалар көпсалалы форматқа көшірілді, өңір тұрғындарына медициналық көмек көрсету сапасы артты.  Түркістанда телемедицина жобасы сәтті іске қосылып, ауыл тұрғындары қашықтықтан жоғары білікті дәрігерлерден кеңес алуда. Медициналық қызметтер сапасын бақылау мен цифрлық жүйелер енгізу аясында облыста Face ID арқылы пациенттерді сәйкестендіру, дәрілік заттарды таңбалау жобалары іске асырылуда. Сонымен қатар, фармацевтикалық өндірісті дамытуға баса көңіл бөлініп, облыста дәрі-дәрмек өндірісі мен логистикасын жетілдіру жұмыстары жүргізілуде. Бұл өңір тұрғындарына сапалы және қолжетімді дәрі-дәрмектер жеткізуге мүмкіндік береді», - деді Бекжігіт Кенжебекұлы.

Президент Жолдауы аясында Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде цифрлы кеңістікті құру, білім беру процесінде жасанды интеллектіні пайдалану мәселелері бойынша университет ректоры, облыстық мәслихат депутаты Жанар Темірбекова хабарлама жасады. 

Жиында қаралған мәселелер бойынша сөз алған облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ғалымжан Орынов биылғы оқу жылында өңіріміз бойынша 1 мыңнан астам жалпы білім беретін мекемелер жұмысын бастап, оларға 500 мыңнан астам оқушы қамтылғанын айтып өтті. Соңғы үш жылда 100-ден астам жаңа мектеп салынып, мектептердің 98 пайыздан астамы интернетпен қамтылғанын жеткізді. Білім беру жүйесінде жасанды интеллектіні енгізуде 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдама қабылданғанын айта отырып, оның алгоритмі техникалық қамтамасыз етуді, педагогтердің дайындығы, бақылау және мониторинг жүргізу, стратегиялық міндеттерді іске асыру мәселелерін қамтитынын атап өтті. 

«- Партияның Сайлауалды бағдарламасын іске асыруда 11 негізгі индикатор белгіленіп, іске асырылуда. Белгіленген мақсаттардың іске асырылуына жеке тоқталсақ, биылғы оқу жылында  техникалық және кәсіптік білімі бар кадрлар даярлауда 46 колледжге 15500 орынға мемлекеттік тапсырыс орналастырылды. Жалпы студент саны 47450 адамға жетті. Түркістан облысы бойынша  938 жалпы орта білім беру мекемелері, 1430 мектепке дейінгі ұйымдар және 65792 педагог кадрлар жұмыс жүргізеді. Қазақстан Республикасының «Педагог мәртебесі туралы» Заңына сәйкес, педагогтердің үш жылда бір реттен сиретпей біліктілігін арттыру нормасы енгізілді. 2025 жылы барлығы 16029 білім қызметкерлері, яғни педагог кадрлардың 24 пайызы білімін жетілдіреді деген жоспарымыз бар», - деді Ғалымжан Қалдыкөзұлы.

image.png

Жиын барысында үш ауысымды және апаттық мектептердің мәселесін шешуде басқарма тарапынан атқарылып жатқан жұмыстар баяндалды. Басқарма өкілінің мәлімдеуінше, облыстағы мемлекеттік 938 мектептің 817-і – типтік, 121-і – ыңғайластырылған  ғимараттарда орналасқаны айтылды. Ұлттық білім беру деректерінің қорында өңіріміз бойынша 1 – апатты және 2 – үшауысымды мектептер бар екені мәлімделді. Оның ішінде апатты деп танылған Жетісай ауданындағы №57 «Сарыарқа» жалпы орта мектебінің орнынан жеке инвестор есебінен 600 орындық жаңа мектеп салынады деп жоспарланған. Ал үш ауысымды мектептер санатына жататын Сайрам ауданындағы «Бөкейхан» жалпы орта мектебі мен Қазығұрт ауданындағы Шарбұлақ жалпы орта мектебіне 300 орындық жаңа оқу корпустарының құрылыстарын жүргізуге қаржы бөлініп, бұл екі нысанның құрылыс жұмыстары 2026 жылға өтпелі екені айтылды.

Бүгінгі таңда өңірімізде 33 білім нысандарының құрылыстары жүргізіліп жатқаны айтылды. Оның ішінде «Келешек мектептері» жобасымен – 16, облыстық бюджет есебінен – 17 мектептің құрылысы қолға алынған. «Жайлы мектеп» Ұлттық пилоттық жобасымен барлығы 22900 орындық 29 мектептің құрылысы басталған болса, оның 13-і – 2024 жылы пайдалануға берілгені жеткізілді. Ал осы жобамен 2025 жылға жоспарланған 16 мектептің 8-і жаңа оқу жылында ашылған. Осы санаттағы қалған 8 мектептің құрылысы қараша айында толығымен аяқталып, іске қосылатынын мәлімделді.  

Жиын барысында партия филиалының төрағасы партияның Сайлауалды бағдарламасы бойынша 2027 жылға дейінгі мерзімде 96 мектептің құрылысын жүргізу жоспарланғанын айтып, басқарма тарапынан осы жоспардың орындалуы бойынша атқарып жатқан жұмыстарын сұрады. Мақтаарал ауданы, Төрткүл ауылынан салынатын 200 орындық мектеп пен Жетісай ауданындағы «Сарыарқа» мектебінің құрылысы жайлы сауалдар қойылды. Түлкібас ауданы, Састөбе ауылындағы 300 орындық мектеп құрылысы туралы да нақты жауап берілуі талап етілді. 

Жиынға қатысқан мәслихат депутаттары «Жайлы мектеп» бойынша салынған білім ұяларында балалардың сапалы  білім алуы үшін барлық жағдай қарастырылғанын, алайда осы сапаға жауап беретін мұғалімдер мен оқушыларды іріктеу мәселесін көтерді. Жасанды интеллектіні жасаушы, олармен жұмыс істеуші негізінен жас буын екені айтылып, жаңа дәуір азаматтарын қалыптастыруда мектептерге көп өзгерістер керек екеніне назар аударылды. Басқарма өкілі бұл бағытта көптеген жоба жасалғанын хабардар етіп, балаларды интернет аялаяқтықтан сақтандыру, цифрлы гигиенаны сақтауға баулу, жеке дерекқорларды қауіпсіз пайдалану мәселелерінде жаңа бастамалар қолға алынып жатқанын айтты.

 Сондай-ақ, облыстық партия филиалының атқарушы хатшысы Қалыйма Жантөреева жасөспірім қыздар арасында ерте жүктіліктің алдын алу, мәселесін көтерсе, депутат Уалихан Рахиев білім саласын үйлестіретін аппарат қызметкерлері арасында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу өзекті екенін айтты.  

Сондай-ақ Ғалымжан Орынов білім мекемелерінің қысқы маусымға дайындығы туралы ақпарат берді. Оның айтуынша, облыстағы 1297 мемлекеттік білім нысандарының 48-і – орталықтандырылған жылу жүйесімен, 379-ы – қатты отынмен, 825-і – табиғи газбен, 42-сы – сұйық отынмен, 3-уі – электр энергиясымен жылытылады. Барлық мекемелердің жылу жүйелері сығымдаудан өткізілген. Жылыту маусымына әзірлік паспортын алған нысандардың саны бүгінгі күнге 1193 болса, қалған 104 ұйым аталған паспортты 1 қазанға дейінгі мерзімде алатыны айтылды.  

«Өңіріміз бойынша 379 білім ошақтарына қажетті 60,4 мың тонна қатты отын сатып алуға 969,7 млн. тг. қаржы қаралып, қажетті қатты отын білім ошақтарына толықтай тасымалданды. 42 білім беру ұйымына  қажетті 2 461,2 тонна сұйық отын сатып алуға 728,1 млн. теңге қаржы қаралып, мемлекеттік сатып алу конкурсына жарияланды. Нәтижесінде 5 ауданның мердігер мекемесі анықталып, 490 тонна сұйық отын тасымалданды. Алайда,  Сауран, Сайрам, Созақ, Отырар, Кентау, Арыс аудандық, қалалық білім бөлімдері бойынша мемлекеттік сатып алу конкурстары екі рет жарияланғанымен, әлеуетті өнім берушілер тарапынан ұсынылған бірлік баға нарықтық деңгейден төмен болуына байланысты, қатысушылар болмады. Осыған орай, сұйық отын бағасын нарықтық бағаға сәйкес көтеріп, 1971 тонна сұйық отын сатып алу бойынша хабарлама қайта жарияланды. Конкурстардың аяқталу мерзімі 2025 жылдың 23 қыркүйегіне дейін. Облыстағы білім беру ұйымдарының  қысқы жылу маусымына дайындығын тұрақты бақылауымызда ұстап отырмыз» - деді Ғалымжан Орынов.

Аталған мәселе бойынша жиынға қатысушылар партия бекіткен Жол картасы аясында, биыл облыстың аудан, қалаларында 43 мектептің қазандықтарын қатты отыннан газға ауыстыру көзделгені айтылды. Оның ішінде Сауран ауданындағы Ә.Сығай, Әл-Фараби, Аманкелді атындағы және №1 мектептердің мәселесі созбалаңға салынғаны жеткізілді. Бұл сауалдарға жауап берген басқарма өкілі биыл қатты отынмен жылытылатын 102 нысанды табиғи газға көшіру жоспарланғанын, бірақ қажетті 2 млрд. теңге көлеміндегі қаржы қаралмауына байланысты, бұл мәселе 2026 жылға қалдырылғанын түсіндірді. Аталған тақырып шеңберінде Жетісай ауданы, Еңбекші ауылындағы «Қызылқұм» жалпы орта мектебінің жылу жүйелерін жөндеуден өткізу мәселесі көтеріліп, басқарманың ерекше бақылауына алу мәселесі айтылды. 

Жиын барысында көтерілген барлық сауалдар мен ұсыныстар бірлескен жиынның хатамасына енгізіліп, олардың орындалуы партияның облыстық филиалының бақылауында болады.  

«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Президент Жолдауы мен партия тапсырмалары қаралды
  • Мемлекет басшысы соңғы өткен Съезден бері әлемде өте жағымсыз үрдістер белең алғанын айтты
  • «Қазсушар» филиалдары 524 жаңа арнайы техникамен толықты
  • Салтанат Нүкенованың өліміне қатысты сотталған Бақытжан Байжанов рақымшылыққа ілінді
  • Қазақстан мобильді интернет жылдамдығы бойынша ТМД-да 1-орында
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер