Бүгінде ақпарат құралдары «Челси» қазақстандық жас футболшыны 4,3 миллион еуроға сатып алатынын, бұл қазақстандық футбол тарихындағы рекордтық келісім екенін жариялап жатыр.
«Соның ішінде 2,4 миллион еуро – нақты төлем, ал қалғаны «Қайрат» немесе жалға берілген өзге клуб сапында өткізген ойындары үшін бонус ретінде қарастырылады. Бес жылдық келісімшарт 2026 жылы – Дастан 18 жасқа толғанда күшіне енеді. Бұған дейін «Қайрат» Нұралы Әліпті «Зенитке» 2 миллион еуроға сатып рекорд орнатқан. Сәтпаевқа қызығушылық танытқандар арасында «Зальцбург», «Байер», «Бенфика» мен «Реал Сосьедад» бар. Алайда «Челси» Дастанды өз қатарында көру үшін барын салды», – деді ресейлік инсайдер Иван Карпов.
Қазақ елінде де дарынды жастардың бары қуантады, әрине. Және Дастанның танылуы өз замандастарына қосымша күш-жігер беріп ынталандыра түсері анық. Наурызда басталатын жаңа маусымға бүгінде еліміздің футбол клубтары қызу дайындық үстінде. Оқу-жаттығу жиындарын жылы жақта өткізіп жатқан командалар құрамын күшейту мақсатында футболшы сатып алу, жалға беру-алу сынды жұмыстарын да жүргізуде. Осы орайда қызылордалық клуб «Қайсар» енді қазақ балаларынан команда жасақтап, жергілікті жігіттердің шеберлік шыңдауына басымдық беретінін айта кетелік. Қызылорда облысы спорт басқармасының басшысы Бақтияр Артаев «Қайсар» клубы жаңа маусымда легионерсіз ойнайтынын мәлімдеген болатын. Яғни бұдан былай қызылордалық ұжымда 100 пайыз қазақстандық футболшылар өнер көрсетеді. «Қайсар» клубының басшысы Талғат Әбдіғаппарұлының айтуынша, жергілікті ойыншылармен де жоғарғы лигада қалуға болады. «Сол мақсатта жігіттер жасыл алаңда барын да, жанын да салмақ», дейді жас маман. Бұған қоса, клуб басшысы мемлекеттік бюджетке салмақ салмаудың амалдарын да қарастырып жатыр. Бүгінде демеушілер тауып, келісім жасасуға кіріскен. Алдағы мамырда қалада жаңа стадион қолданысқа беріледі. Клуб басшылығы сол жерде коммерциялық жобаларды жүзеге асырып, клубты өз шығынын өзі жабатын деңгейге шығаруды көздеп отыр.
Түркияның Белек қаласында оқу-жаттығу жиынын бастаған «Тұран» футбол клубы құрамын жариялаған болатын. Оқу-жаттығу жиынына қатысатын команда құрамына қарап отырып, барлығы өз еліміздің спортшылары екенін аңғардық. Қараңыз, қақпашылар: Тимурбек Закіров, Мирас Мұхамбетжанұлы; қорғаушылар: Сағи Маликайдар, Карам Султанов, Әлішер Қажығалиев, Ерасыл Темірші, Нұралы Мамырбаев, Даниал Жанбаев, Шерхан Асанбек, Асқар Сатышев; жартылай қорғаушылар: Аслудин Хаджиев, Әбинур Нурымбет, Дамир Нұреділов, Бағдат Жиенбай, Қуаныш Дүйсенбекұлы, Тұрар Асанбек, Нұрдәулет Серік, Алмат Мелсұлы, Дінмұхаммед Серікұлы; шабуылшылар: Абылайхан Жұмабек, Ерасыл Сәрсенбай, Лука Згурский, Елиор Рахимов. Ал енді бұл құрам, яғни атылған футболшылар ертеңгі күні негізгі құрамда ма, әлде қосалқы топта ойын көрсете ме оны футбол маусымы басталған соң білетін болармыз. Әзірге Түркістан облысы спорт саласының басшылығы да, «Тұран» клубы да қызылордалық әріптестеріндей батыл мәлімдеме жасап, ертеңгі жоспарларын жариялаған жоқ. 20 ақпанға дейін жалғасатын жиын барысында ойыншылар нақты қаралымнан өтетін болады. Жуырда соңғы 2,5 жылда «Атырауды» жаттықтырған беларусь маманы Виталий Жуковский Түркістанның «Тұран» клубының бас бапкері болып тағайындалғанын айта кетелік. 40 жастағы маманның ең жоғары жетістігі – «Атыраумен» былтыр Қазақстан кубогының финалына дейін жетуі болды. Ал Премьер-лигада жетінші орыннан әрі аса алмады. Ал, «Тұран» 2024 жылы Қазақстан чемпионатын 12-орынмен аяқтап, Премьер-лигада орнын сақтап қалды.
Айтпақшы, Қазақстан футбол федерациясы футболдан ұлттық құрамасының бас бапкері Станислав Черчесов қызметінен кеткенін хабарлады. Еңбек шарты екі жақтың өзара келісімі бойынша тоқтатылған. Станислав Черчесов Қазақстан құрамасының тізгінін 2024 жылдың маусымында ұстады. Оның жетекшілігімен ұлттық құрама УЕФА Ұлттар лигасында 6 матч өткізіп, Норвегия құрамасымен тең ойнап, 1 ұпай жинады.
Сондай-ақ Қазақстан құрамасынан жаттықтырушылар штабы толық құраммен кетті.