Жуырда Испанияда өткен «Валенсия аймағының классикасы» атты бір күндік веложарыста «Астананың» италиялық велошабандозы Кристиан Скарони екінші орын алды. «Tudor» командасының швейцариялық шабандозы Марк Хирши жеңімпаз атанса, үшінші орын «UAE Team Emirates-XRG» командасының португалиялық шабандозы Антонио Моргадоға бұйырды.
Ал Австралияда өткен «Тур Даун Андер» көпкүндік веложарысына «Астана» велокомандасы мынадай құрамда қатысты: Альберто Беттиоль, Никола Кончи, Аарон Гейт, Серхио Игита, Мартин Лопес және Иде Схеллинг. Байқап отырғаныңыздай команда құрамында ыңғай легионер. «Астана» қатарына қосылған соңғы велошабандоз – қытайлық Хаоюй Су. Prosport.kz хабарлағандай, спортшымен келісімшарт 2025 және 2026 жылдарға жасалған. «Мен үшін XDS Astana Team командасының құрамына кіру – үлкен мәртебе. Материктік Қытайды әлемдік турға – кәсіби велоспорттың жоғарғы лигасына қайта алып келу үлкен қадам деп санаймын. Бұл мен үшін зор мүмкіндік, және команда басшылығына осы сенім үшін алғысымды білдіремін. Маған көп еңбектену керек, әсіресе Еуропада өнер көрсету тәжірибесін жинақтау қажет. Дегенмен, мен дайынмын және бар күшімді салып, Қытайды халықаралық аренада лайықты танытып, команданың әрбір жарыстағы мақсаттарына қол жеткізуіне көмектесемін», – деді Хаоюй Су. Спортшының «Қытайды танытамын» деуінде негіз жоқ емес. Клубтың құрамындағы 30 велошабандоздың тек 10-ы ғана Қазақстан азаматы екен. Қалғандары Еуропа елдерінің өкілі.
«Астана» велоклубы 18 жыл ішінде 360 млн еуроны шығындаған. Бұл туралы клубтың бұрынғы велошабандозы Андрей Кашечкин ақпарат құралдарына берген сұхбатында мәлімдеді. Оның сөзінше, 18 жыл ішінде 360 миллион еуро жұмсау – бұл әлемдік бағаммен алғанда өте көп қаржы. «Осындай форматта бұдан әрі де жалғаса беретін болса, клубты қаржыландырудың ешқандай мәні жоқ. Мұндай жүйе мүлдем жұмыс істемейді. Заманауи велокоманда табысты бизнес ретінде жұмыс істеуі керек. Ол дамып, өзінің пайдасын көрсетуі тиіс. Мысал ретінде, Испанияның «Реал Мадрид» клубын алып қарайық. Клуб бір жылда 1 млрд еуроның түрлі операцияларға жұмсады. Клубтың 2023/24 жылдардағы таза табысы 15,6 млн еуроны құрады. Клубты мемлекет қаржыландырмайды. Оған демеушілер сенім артып, ойыншылар мен бүкіл әлем бойынша жанкүйерлер қолдау көрсетеді. Велоклуб та спорт әлеміндегі модельді қалыптастыру керек еді. Алайда бұл жағдайдың ешбірі болмады. «Реал Мадрид» осы тұрғыда өзгелерге үлгі бола алады», – деді ол. Ал өткен жылдың соңында Мәжіліс депутаттары «Астана» велокомандасына алты жылда 31,5 миллиард теңге жұмсалғанын, сөйте тұре олар ауыз толтырып айтарлықтай жетістікке жетпегінін айтып сынаған болатын. Бұл орайда «Астана» велокомандасының бас менеджері Александр Винокуров Tengri Sport-қа берген сұхбатында жаңа маусымда клуб бюджеті тағы артқанын тілге тиек етті. Дегенмен бұрын команда шығынының басым бөлігін мемлекет өтесе, енді 60 пайыз бюджетті қытайлық инвесторлар беріп отыр. «Бүгінде біздің бюджет 22 миллион еуро (12 миллиард теңге шамасында). Бұл орташа бюджетке де жетпейді, себебі көшбасшылардың бюджеті 55-60 миллион еуроны құрайды. Мысалы, 10 жыл бұрын 20 миллионмен Гранд-турларда жеңіске жетуге болатын еді, ал қазір статистика мүлде бөлек. 70-тен астам велошабандозға жылына миллион еуро жалақы төленеді», – деді Винокуров. Сол 22 миллионның 60 пайызын қытайлық компания берсе, қалған 40 пайызын «Самұрық-Қазына» құйып отыр. Осы орайда «Астана» клубы қай елге тиесілі екен?» деген сауал да көпшілікті қызықтыратыны заңды. «Қазақстандық. Команданың тіркелген жері ретінде Қазақстан көрсетілген. Халықаралық велосипедшілер одағын ашсаңыз, Қазақстан деп тұрады», – деп жауап берді Винокуров. Бұдан бөлек Винокуров қаржының қайда жұмсалатынын да айтты. «Бюджеттің басым бөлігі шабандоздар мен қызметкерлердің жалақысына кетеді. Меніңше, бюджеттің 65-70 пайызы айлыққа кетеді. Қалғаны – команданың логистикасы мен инновациялары. Сен қай уақытта да алда болуға тырысуың керек. Велосипед, оған қажетті құрылғылар. Тестілеуді жақсартуың қажет. Мұның бәрі ақша. Киім денеде құйып қойғандай тұруы үшін шабандоздардың аэродинамикасымен жұмыс істелінуі керек. 20 жыл бұрын жейдемен жүре беретінбіз, ешкім мән де бермейтін. Қазір шабандоздардың бәрі тап-тұйнақтай. Каскасына дейін бар. Әрбір секунд қымбат, сондықтан жылдамдық та арта түскен», – деді менеджер.
Футболдағы легионерлерге төленетін қаржы жөнінде көп айтылады, велошабандоздарға да аз қаржы жұмсалмайды екен. Бірақ «шайтан арбаны» тізгіндегендердің тыныс-тіршілігінен хабардар болғысы келетін жанкүйер аз, олай дейтініміз сөзіміздің басында айтып өткен Кристиан Скаронидің жеңісіне қуанып, сүйіншілеген жан көрмедік. Винокуров айтқандай 22 миллионның 60 пайызын қытайлық компания беріп, қалған 40 пайызын «Самұрық-Қазына» құйып отыр. «Астана» қатарына қосылған Хаоюй Су-дің «Бар күшімді салып, Қытайды халықаралық аренада лайықты танытамын», деуі де сол қаржының күші болса керек.