Мұхтархан Ділдәбеков жүлдесін 6 елдің мықтылары сарапқа салды

77935c12-fdef-4e03-a106-d93c7b59de98.jpg

Шымкентте Сидней Олимпиадасының және Әлем чемпионатының күміс жүлдегері, «Парасат» орденінің иегері, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері Мұхтархан Дәлдәбековтің жүлдесіне арналған бокстан жастар арасындағы VIII халықаралық турнир мәресіне жетті. 5 мамырда басталған жарыс жеңімпаздары енді биыл қарашада Моңғолия мемлекетінде өтетін Азия біріншілігінде ел намысын қорғайтын болады.

Орта Азия біріншілігінен кем түспеген турнир көрігін Гүржістан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түркіменстан, Қырғызстан мемлекеттерінен арнайы ат арылтып келген былғары қолғап шеберлері қыздырды. Қазақстан бокс құрама командасы мүшелерін қосқанда, 80-нен астам боксшы 10 салмақ дәрежесінде өзара мықтыларды анықтады. 

Ақтық сында 49 келі салмақ дәрежесінде Мұхамедсабыр Базарбайұлы Бекзат Амангелдиновтан айласын асырса, 52 келіде Бейбарыс Пернебек Талғат Сырынбетовке жол берді. Ал, 56 келіде өнер көрсеткен Бейбарыс Жексен Асхат Тастанбектен басымдығын анық байқатты. 60 келі салмақ дәрежесіндегі тартысты кездесуде Айтжан Әшірхан өзбек боксшысы Рахматолла Тошпулатовтың жолын кесті. Алайда, 64 келіде шаршы алаңға шыққан Дархан Дүйсебай өзбекстандық Жавлонбек Йулдашовтан аса алмады. Дегенмен, оның көршіде кеткен есесін 75 келідегі Ерасыл Жакпеков қайтарды десек те болады. Ол Өзбекстан мықтысы Комилжан Юсуповты мерзімінен бұрын тізе бүктіріп, бір нокдаун, бір нокаутпен екінші раундта-ақ жеңіске жетті. 69 келіде Марғұлан Айдарұлы қарсыласы Мәди Алтынбековті алтыннан айырды. 81 келіге дейінгі жартылай ауыр салмақ Қуандық Мақсұт ұпай санымен жеңімпаз атанды. Алайда, Қазақстан құрама командасының мүшесіне төтеп берген Бақдәулет Құралдың жұдырықтасу тәсілі жұртты тәнті етті. Түркістан облысының атынан сынға түскен спортшының кәсіби боксшыдай соққы алған сайын күшейіп, қарсыласын ауыр соққыларымен кері шегінуге мәжбүр еткен қайсарлығы жанкүйерлердің делебесін қоздырып жібергендей. 

f1a08a87-8fd1-4eea-a7b4-490d1ddf3a62.jpg

7b0d543e-5636-435b-a13b-c5086bebe3bf.jpg

91 келіде Сағындық Тоғамбай Нұрмағамед Юсуповты жеңді. Ал аса ауыр (91+) салмақта Аманат Сабырғали Георгий Акушевтің жеңімпаз атануына еш мүмкіндік бермеді.  

– Бұған дейін бұл турнир жасөспірімдер, кадеттер арасында өткізілген. Енді жастар арасында ұйымдастырылып, жылдан жылға жарыстың мәртебесі артып келеді. Оның айқын дәлелі ретінде мықты боксшылардың шаршы алаңда өнер көрсетулерін айтуға болады. Алты елдің бірінші нөмірлі боксшылары сынға түсті. Осындай жоғары дәрежеде ұйымдастыруға еңбек сіңірген бокстан жастар арасында Қазақстан құрамасының аға жаттықтырушысы Қайрат Сәтжанов ағамыз жалғасын табатын турнирдің келесі жеңімпаздарына спорт шебері атағын беруді жоспарлап отырғанын жеткізді. Мұндай әрекеттің шетелдік спортшылардың да қызығушылықтарын арттырып, боксшыларымыздың деңгейлерін өсіретіні сөзсіз, – дейді Қазақстан Көкпар федерациясының президенті, даңқты боксшы Мұхтархан Ділдәбеков.

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Спортшы Илья Ильин сәбилі болды
  • Қазақ боксының ақыл-ойы
  • 83 жастағы Қазақстан азаматы Түркияда чемпион атанды
  • Қазақстан құрамасы әлем чемпионатына қатысудан бас тартты
  • Футболдан Қазақстан чемпионаты енді OLIMPBET деп аталады
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер