Бәйдібек ауданында халық шығармашылығын дамытып, ұлттық өнерімізді насихаттайтын мәдениет үйлері мен спорт кешендерінің саны артуда. Бүгінде ауданда 247 спорт нысаны, спорт және көмкерілген су-спорт кешені, жабық теннис корты, стадион мен 50 спортзалы бар.
Яғни аудан жастарының кәсіби түрде спортпен айналысуына жан-жақты жағдай жасалуда. Бұл орайда аудан әкімі Бақытбек Танагөзов аталған спорт нысандарының жаңа техникалармен жабдықталып, болашақ спорт шеберлерін дайындауға нағыз мамандардың тартылуына мүдделілік танытуда. «Спорт – денсаулық кепілі!» - аудан тұрғындарының да басты ұраны. Спортқа бет бұрған жастар мен балалардың қатары күн санап арта түсуі де көп жәйтті аңғартады. Олардың таңның атысымен спорт алаңшаларынан табылуы қызығушылықтың куәсі.
Ауданда жаңа спорттық нысандар көбеюде
Жалпы ауданда спорттық нысандардың халықаралық талаптарға сай болуына ерекше мән берілуде. Ауданның 90 жылдығына орай көмкерілген теннис корты мен жүзу бассейні және заманауи спорт алаңшалары пайдалануға берілген болатын. Бүгінде бұл нысандар спортты жанына серік еткен азаматтардан босамайды. Өткен жылы пайдалануға берілген аталмыш нысандар Біріккен Араб Әмірлігінің «International fund for Houbara Conservation» корпоративтік қорының демеушілігімен ашылған. Қазіргі таңда, аталған қор мен аудан әкімдігі арасында түзілген меморандум негізінде нысандарды облыстық коммуналдық меншікке өткізу рәсімдері жүруде. Ал теннис кортында спорттың 14 түрі қолға алынып, 1000-нан аса шәкірт тәрбиеленуде. Сондай-ақ, облыстық олимпиада резервін дайындау мектебі мамыр айында көшіп келіп, бүгінде қарқынды жұмыстар атқарылуда. Аталған спорттық нысанда бадминтон, баскетбол, волейбол, батутты гимнастика, теннис, үстел теннисі және дойбы сынды спорт түрлерімен айналысуға мүмкіндік бар. Сондай-ақ, спорт кешенінде жүзу, таэквондо, каратэ, дзюдо, қазақ күресі, белбеу күресі және стритбол бөлімшелері ашылған.
Спорттың дамуына, жергілікті халықтың денсаулығын нығайтуға жеке кәсіпкерлер мен мекемелер өзіндік үлесін қосуда. Мысалы, жаңадан ашылған спорт бөлімшелеріндегі таэквондошыларға ҚР таэквондо федерациясы олимпиадалық спорттық құрал-жабдықтарын тарту еткен. Ауданға қарасты Жүзімдік ауылының тумасы, белгілі кәсіпкер «BalTekstile» кілем тоқу фабрикасының директоры Талғат Исхаков өңірдегі спорттық нысанды қайта қалпына келтіріп, құрал-жабдықпен қамтыды. Қазіргі таңда, қазақ күресімен айналысып жүрген ауыл жастары белсенді. Алғашқыда теннис және санаулы ғана спорт түрлерінен дайындық жүргізілсе, бүгінде басқа да көптеген спорт түрлерінен аудандық және облыстық жарыстарға қатысуға ниетті спортшылар көбейген.
Ауданда бұқаралық спорттың дамуы басты назарға алынған. Елбасы Н.Назарбаев спорттың бұқаралық сипатын дамыту - мемлекетіміздің стратегиялық басым бағыттарының бірі екенін айта келе, «2020 жылға дейін халықтың 30 пайызы бұқаралық спортпен айналысу керек» болатын. Бұл орайда еліміздің түкпір-түкпірінде, оның ішінде Бәйдібек ауданында спорттық нысандар ашылып, бұқаралық іс-шаралардың қатары еселеп артты.
Аудан халқын спортпен тұрақты түрде қамту көрсеткіші 29%-ды құраған. Бүгінде ауданда жастарды спортқа бағыттап, үйрететін мектеп жұмыс істейді. Мектепте жастар волейбол, баскетбол, футбол, үстел теннисі, тоғызқұмалақ, бокс, қазақ күресі, дзюдо, грек-рим, еркін күрес түрлерімен шұғылдануда. Осындай барлық жағдай жасалған нысандарда шыңдалған спортшылардың түрлі жарыстарда жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шығып жатқаны да қаншама. Бірі қазақ күресін қолға алса, енді бірі футбол саңлақтарының жолын қуғысы келеді. Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде 85 жаттықтықтырушы жұмыс істейді. Олардың 80-і жоғары, 5-уі арнаулы орта білімді мамандар, дәрежелері бойынша 1 жоғары, 27 бірінші 2 екінші санатты жаттықтырушылар. Олардың ішінде 2 халықаралық дәрежедегі спорт шебері бар.
Спорт мектептерін ашу – уақыт талабы
Жоғарыда айтып өткеніміздей, ауданда спорт саласында атқарылып жатқан жұмыстар ауқымды. Халықаралық талаптарға сай ашылған нысандар тиімді пайдалануда. Аудандық «Алғырлар» федерациясының басшылығымен тоғызқұмалақ және қазақ күресінен, бокстан, дзюдодан, волейболдан облыстық турнирлер өткізілуде. Сондай-ақ, Түркістан облысының 1 жылдық мерейтойына орай «Түркістаным-Тұраным» марафоны ұйымдастырылған. «Спорт күніне» орай аудандағы спорт мектептері қызметкерлері арасында үстел теннисі, асық ату және кіші футболдан аудандық жарыс өткізілді. Сондай-ақ «Жастар жылы» аясында өткізілген ересектер арасында облыстық спартакиадада аудан құрама командасы волейболдан 2 -ші орын, қыздар 4-ші орын, асық атудан 4-ші орын, тоғызқұмалақтан 5-ші орынды иеленді.
Облыс әкімінің тапсырмасына орай ауданда 15 қарапайым спорт нысандары жеке кәсіпкерлер мен демеушілер есебінен салынуда. Мысалы, Кеңес елді мекенінде жеке кәсіпкер Мэлс Ешмұратовтың демеушілігімен ашық кіші футбол, волейбол, қарапайым спорт алаңшалар және кіші футбол алаңы салынып, пайдалануға берілді. Сонымен қатар, Шаян ауылында жабық және ашық кіші футбол алаңдары мен спорт залдарының құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Құрылыс нысандары жылдың соңына дейін пайдалануға беріледі деп күтілуде.
Спорт саласына деген қолдау жастардың спортқа деген қызығушылығын арттыра түсуде, дейді аудандық денешынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Ағабек Атемов. «Бүгінде, шәкірттеріміз аудан, облыс, республика көлеміндегі жарыстарға қатысып бақ сынап жүр. Жүлделі оралып жатқандары да аз емес. Мысалы, спорт мектебіміздің оқушылары республикалық 11 жарысқа қатысып, нәтижесінде 12 бірінші, 5 екінші, 7 үшінші орындарға ие болды. Ал, спорт топтары бойынша волейболдан - 38, қазақ күресінен - 27, еркін күрестен - 25, дзюдодан - 35, үстел теннисінен - 12, футболдан - 16, бокстан - 18, тоғызқұмалақтан - 8, грек рим күресінен барлығы 184 оқушы ІІ-ІІІ жасөспірімдер санатын орындады», - дейді Ағабек Құрбанұлы.
Аудандағы спорт мектебі болашақ әлем чемпиондарын дайындауды мақсат тұтары анық. Бұл орайда республикалық бәсекелерде кіл мықтылармен қатар тұрып, бағын сынап жатқан жас өрендер баршылық. Олар, қазақ күресі, еркін күрес, бокс сынды спорт түрлерінен республикалық жарыстарға қатысып чемпион атануда. Мысалы, халықаралық турнирлерге қатысып, бәсекеде топ жарған спорт мектебінің шәкірті Нұрасыл Төлеген Ташкенттен жүлделі 3 орынды иеленген. Ал, тоғызқұмалақтан Батырбек Бейбарыс Чехия елінде өткен зияткерлік ойындар фестиваліне қатысып, блиц түріннен бірінші, классика түрінен үшінші орынды иеленген. Нәтижесінде, спорт мектебінің екі шәкірті халықаралық дәрежедегі спорт шебері дәрежесін орындаған.
Бәйдібек ауданында алдағы уақытта спорт мектептерінің санын көбейту үшін жобалар жасалуда. Сала мамандары әлем чемпиондарын дайындап шығарудан үмітті. Ал, ол үшін мемлекет, жергілікті әкімдік тарапынан алғышарттар жасалуда. Ел мерейін асырып, абыройын тасытатын спортшылар тынымсыз тер төгіп, шеберлік деңгейін өсіре жаңа белестерді бағындыруды көздейді.
Нұр ЖІГЕРЛІ