Жаңа жылдың алғашқы бейсенбісі қазақ спорты үшін жақсы жаңалықпен басталған жоқ. Тағы бір спортшымыз 4 жылға жарыстардан шеттетілді. Допинг тұтынушылар қатарын енді шаңғышы Алексей Полторанин толтырды. Мұны Халықаралық шаңғы спорты федерациясы (FIS) жариялады. Қазақстан биатлоншылар одағы ресми сайтында растады.
«Допингке қарсы талаптарды бұзғаны үшін 2020 жылғы 2 қаңтардағы шешіммен эстондық шаңғышылар Карел Таммъярв, Андреас Верепалу, жаттықтырушы Мати Алавер және қазақстандық Алексей Полторанин төрт жылға спорттан шеттетілді», - делінген хабарламада. Бірақ, төртеудің ешқайсысы сот шешімі шыққанға дейін тыңдауға келмеген, ондай өтініш бермеген, өкініш білдірмеген. Сондықтан сот FIS ADR қарарына негіздеп, тыңдауды өткізбей-ақ шешімдер шығарған. Бұл жағдайлар 2019 жылы 27 ақпанда Аустрияның ұлттық қылмыстық заңнамасына сәйкес сол елдің полициясымен Зеефельдте допинг үшін өткізілген рейдтерде анықталған. Аустрия билігі шаңғышыларды шеттету неміс спорт дәрігері доктор Марк Шмидттің қатысуымен бірнеше спорт түріне жүргізілген ұзақмерзімді тексеру операциясының негізінде қабылданғанын мәлімдеді. FIS допингке қарсы ережелеріне сәйкес аталған шаңғышылар 2019 жылғы 1 наурыздан бастап, ал жаттықтырушы Мати Алавер 28 тамыздан бастап спорттан аластатылған. Дегенмен, шешелдік шаңғышалрда шаруамыз жоқ. Эстондықтардың есебі де бар шығар. Өзімізге оралайықшы...
Халықаралық шаңғы спорты федерациясы аттары аталған спортшылардың 21 күн ішінде Спорттық арбитраждық сотқа шағымдануына болатындығын да ескерткен. Бірақ, Полторанин олай етпейтін сияқты. Өйткені оның алғашқы бапкері Алексей Наконечный өткен жылдың 5 наурызында жасаған мәлімдемесінде шәкіртінің кінәсін мойындаған болатын. Сол кезде оның қасында шаңғышының өзі де болды.
– Менің шәкіртім жол берген антидопингтік ережелердің бұзылуына байланысты барлықтарыңыздан кешірім сұраймын. Кешірім сұрай отырып, бүкіл ел тұрғындарының, ата-аналар мен басшылықтың алдында басымды иемін. 11 жыл бойы Алексейдің алдына бір ғана мақсат қойып, ең ірі сайыстарда ел үшін «алтын» ұтуды міндеттегендіктен, болған оқиғаға өзімді кінәлілердің бірі деп санаймын. «Алтынға» деген ұмтылыс рұқсат етілмейтін әрекетке әкелді, – деген еді бапкер.
Ал, бұған дейін 2108 жылдың 22 қарашасында Алексейдің әйелі биатлоншы Ольга Полторанина да осындай күдікке ілінген болатын. Сол кезде Халықаралық Биатлонистер одағы IBU 2017 жылдың қаңтарындағы антидопингтік іске байланысты ұлттық құрамадағы 9 спортшыны уақытша сайыстардан шеттету туралы қаулы қабылдаған еді. Олар – Галина Вишневская, Алина Райкова, Дарья Климина, Ольга Полторанина, Ян Савицкий, Максим Браун, Анна Кистанова, Антон Пантов, Василий Подкорытов. Бұл шешіммен Қазақстан Биатлоншылар одағы келіспейтіндіктерін білдірген. Себебі еліміздің биатлон құрамасының жабылып қалу қаупі туындады.
Жыл жабар тұста тағы да қазақстандық спортшылар дауға ілікті. Тағы да допинг! Бұл жолы Қазақстанның ауыр атлетика федерациясы мен Ұлттық допингке қарсы орталық бірлесіп, 7 зілтеміршіні екі жыл бойы жарыстарға қатысу құқығынан айырды. Мұндай шешім тыйым салынған препараттарды қолдану бойынша спортшылар мен бапкерлерге қатысты жүргізілген тексерулер қорытындысынан кейін шығарылған.
Ауыр атлетика федерациясының хабарлауынша, допингке қарсы ережені бұзғандар – Аружан Көлбай (Алматы), Гүлдана Жүніс (Алматы), Асылжан Бектай (Қызылорда облысы), Әлішер Сейітқазы (Алматы), Ерасыл Кеңесбаев (Алматы), Максим Ню (Шымкент) және Тимур Хасаров (Алматы облысы). Сонымен қатар, осы спортшыларды жаттықтырған екі бапкер – ауыр атлетикадан республикалық спорт колледжінің жаттықтырушысы Айбол Көлбаев пен Алматы қаласындағы мамандандырылған жоғары спорт шеберлігі мектебінің бапкері Талғат Әбен төрт жылға қызметінен шеттетілді.
Енді бұған дейін допингке қатысты спорттан шеттетілгендерді жаза берсек, санынан жаңыламыз. Ушығып тұр десек те болады. Олардың қатарында әлемді аузына қаратып, кейіннен ата-абыройынан жұрдай болып масқара күйге түскендер де бар. Осының бәрі мемлекетімізде допингпен ұсталған спортшыларға жазаны күшейтетін заң қабылдауға мәжбүр етті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «ҚР Спорт және дене шынықтыру туралы кейбір заңнамалық актілерге өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды. Заң допингке қарсы ережелерді бұзғандардың жауапкершілігін қатаңдатуға, Ұлттық допингке қарсы ұйымның мәртебесін күшейтуге бағытталған.
«Қолданыстағы заңнамаға допингке қарсы ережелерді бұзғаны үшін жауапкершілікті қатаңдату бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу, атап айтқанда спортшыға допинг тағайындаған адамдарға қатысты әкімшілік жауапкершілікті енгізу қажеттілігі туындады. Ол 200 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл түрінде жазаны көздейді», - делінген Дене шынықтыру және спорт комитетінің хабарламасында.
Заңда допингті пайдаланғаны үшін дисквалификация, спортшының спорттағы нәтижесін жою және біліктілік ұпайларын немесе балдарын алып тастау, ақшалай көтермелеуді қайтару, спортшылар мен жаттықтырушыларға өмір бойы ай сайынғы материалдық қамсыздандыруды төлеуді тоқтату, спортшыларға, жаттықтырушыларға және клуб командаларының басшыларына ай сайынғы ақшалай қамтуды тоқтату, спорттық атағынан айыру, Олимпиада, Паралимпиада және Сурдлимпиада ойындарының чемпионы және жүлдегері тұрғын үйді пайдалану шартын бұзу, спорт түрлері бойынша Қазақстан Республикасының құрама және штаттық құрама командаларының құрамынан спортшыларды, жаттықтырушыларды шығару жазалары қарастырылған. Сондай-ақ, допинг-тестілерді сақтау мерзімі 10 жыл болуына байланысты заңнамада Олимпиада, Паралимпиада және Сурдлимпиада чемпиондары мен жүлдегерлеріне баспана 10 жыл мерзімге жалға беріледі. Осы мерзімде аталған тұрғын үйді иеліктен шығаруға тыйым салу көзделген. Егер осы кезеңде сынамада допинг анықталмаса, тұрғын үй спортшының меншігіне беріледі.