Махаббат – жасқа, әлеуметтік жағдайға, ұлтқа қарамайтынын жиі айтамыз. Қоғамымызда оны дәлелдеп жүрген жандар да баршылық. Солардың бірі Түркістан облысы, Түлкібас аудананың азаматы Сәкен мен корей қызы Суджиннің махаббаты.
Кореяға жұмыс істеуге кеткен Сәкен 5 жылдан кейін елге оралып, қолына кәрістік сүйіктісін қондырған. Сәкен мен Суджин шаңырақ көтерген кезде еліміздің бүкіл басылым беттері бұл туралы жазып, телеарналар жаңалықтарынан көрсеткен болатын.
Ал «Turkistan» телеарнасы бұл туралы көрсетіп қана қоймай, әсерленгені сонша толықметражды фильм түсіріп тастапты. Фильм «Кәріс келін» деп аталады. Құрылғанына небәрі 3 жыл толған «Тurkistan» арнасының бұл ең алғашқы фильмі екенін де айта өту керек. Аталған фильм бар-жоғы 9 күнде түсірілген. Комедиялық мелодрама, о, баста сериал болып түсіріліп, кейіннен қысқартылып, 1-3 наурыз аралығында Шымкент пен Түркістан қалаларының кинотеатрларында көрерменге ұсынылды. Ендігі туындының сериялары түгелденіп телеарналардан көрсетеді деп күтілуде.
Фильмді түсіру туралы идея авторы – «Тurkistan» телеарнасының басшысы Жанахмет Ағыбаев. Режиссері – Сардор Расулов.
Фильмде негізінен жергілікті оңтүстік өңірінің актерлері ойнайды. Ал, басты рөлдегі Сәкен мен Суджиннің және Розаның рөліне кәріс тілін жетік меңгерген актерлерді кастинг арқылы Алматыдан алуға тура келген. Сәкеннің рөлін – Аслан Қайпжан, Суджиннің рөлін – Жұлдыз Мұрат, Розаның рөлін – Ая Исабаева сомдаған. Үшеуінің де актерлік карьерасындағы бұл алғашқы практикасы. Сол үшін де арасында кеткен кемшін тұстарына кешіріммен қарауға болатын секілді. Тағы бір айта кетерлігі шын өмірдегі Сәкен мен Суджиннің өзі түсірілім барысында болған екен.
Телеарнаның тырнақалды туындысының астарында ғашықтардың сезімінен бөлек, ұлттық салт-дәстүрдің, жөн-жоралғының қаншалықты маңызды екендігін насихаттау жатқанын байқау қиын емес. Бір әулеттің жалғыз ұлы кәріс қызына үйленіп, ертең елден кетіп қалып, шаңырақтың оты сөніп қала ма деген Сәкеннің жақындарының уайымы, шекара асып келген қызды бетін ашпай үйіне кіргізіп алған отбасына, ауыл ақсақалдарының жиналып келіп, ақылдарын айтуы сынды қазақы танымдар мен мұндалайды. Дегенмен, бұл ұғымдардың бүгінгі заман ағымына қаншалықты тиімді екені, біреудің отбасылық өміріне, ауыл адамдарының төрелік ете алуының қаншалықты сай келетінін өздеріңіз шешерсіздер.
Оңтүстік десе, ойымызға алдымен әзіл-оспақ туындылары келе қалатыны рас. Бұл фильмнің де комедиялық сахналары жетерлік. Одан бөлек танымал әзілкештердің фильмде ойнауы соншалықты сәтті болды деп айта алмаймын. Жеке өзіме кәріс дорамалары мен қазақ комедияларынан жасалған микс сияқты болып көрінді. Және жас актерлердің сөйлеу стилінің қасында, аға буындағы актерлердің сөйлеу мәнерінде қабыспайтын шекара жатыр. Яғни, үлкен буын театр тілімен сөйлейтін секілді. Өкінішке орай, сендіре алмады...
Фильмнің ұтқан тұсы – Түркістан өлкесінің күздік кейпін, сұлулығын әдемі бере алды. Табиғатына қарап отырып көз суарасың.
Қалай болғанда да, телеарнаның алғашқы жұмысына – жап-жақсы-ақ фильм. Ең бастысы арада тау жатыр, мұхит жатыр, салт жатыр, сана жатыр демей, бірін-бірі тапқан, махаббаты бәрін жеңген ғашықтардың шынайы оқиғасына ескерткіш қаланды деп ойлаймын. Бәлкім бұл оқиғаны келесі өмірлерге тарих етіп жеткізер алтын көпір де шығар. Келе-келе мұнан да жақсы кинолар түсірілетініне бек сенімдіміз.
Сезім МЕРГЕНБАЙ