Шымкент қаласындағы «Қазына» би ансамблі ұлттық өнерімізді елімізде ғана емес, халықаралық деңгейде танытып жүрген шығармашылық ұжым. Отыз бес жылдық тарихы бар ұжымның өнеріне тәнті болмаған өнерсүйер қауым жоқ шығар. Киелі сахнада ұлттық биімізді мың бұрала билеген өнерпаз қыз-жігіттер өнерімен қатар, ұлттық киімдерімізді дәріптеуінің өзі қуантады әрі сүйсіндіреді.
Тарихқа шегінсек, «Қазына» би ансамблі 1986 жылы Шымкент қаласында орналасқан Әл-Фараби атындағы мәдениет институтының негізінде құрылған. Би тобының алғашқы жетекшісі – Сәуле Балбарақова, ал көркемдік жетекшісі – талантты да дарынды жан ҚР мәдениет қайраткері Мұса Жарқынбеков болған. Бүгінгі күні ансамбльдің көркемдік жетекшісі және бас балетмейстері Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Зәуре Әжібекова. Ол тек басшы ғана емес, ұлттық өнерімізді зерттеп жүрген педагогика ғылымдарының кандидаты. Би ансамблі өз тарихында мақтанышпен айтарлықтай үлкен жетістіктерді бағындырды. Соңғы жылдардың өзінде республикалық, халықаралық талай додаларға қатысып, Шымкент қаласының абыройын асқақтатып келеді. Атап айтқанда, биылдың өзінде «Қазына» Астана қаласында өткен «НАУРЫЗ-2024» республикалық байқауында «Үздік ұлттық би ансамблі» атағына лайық деп танылды. Ресейдің Пенза қаласында өткен VIII халықаралық хореографиялық өнер фестивалінде «ПРОФИ» номинациясында гран-при иегері атанса, Өзбекстанның Хиуа қаласында өткен II Халықаралық «LAZGI» би фестивалінде I орынға ие болып, қазақ би өнерінің ғажайыптығын әлемге паш етті.
— «Қазына» би ансамбілі 2019 жылдан бері «Шымкент қалалық мәдениет үйі» концерттік ұйымы» МКҚК мекемесінің құрамында өнер көрсетіп келеді. Биыл шығармашылық ұжым 35 жылдық мерейтойын жоғары деңгейде атап өтті. «Fashion show by QAZYNA» дефилесінде көрерменге 35 жыл сақталған бишілердің костюмдері мен репертуарын ұсындық.
Қазіргі таңда «Қазына» би ансамблінің құрамында 22 биші бар. Олардың әрқайсысы кәсіби мамандар. Балалар студиясында мектеп оқушылары мен студенттерге бойындағы қабілетін шыңдауға мүмкіндік бар, - деп атап өтті Зәуре Бекембайқызы.
Қазақтың әр биінде ұлтымыздың тарихы жатыр. Айталық, «Шалқыма», «Қы¬лышпан», «Киіз басу», «Құс¬бегі дауылпазы», «Балбырауын», «Алқақотан» сияқты билерде тек би техникасы, қимыл-қозғалыстар ғана емес, әрқайсысында философиялық мағына жатыр. Би құдіреті тұтас бір ұрпақты тәрбиелейді, ұлттық руханиятты насихаттайды.
Олай болса, қазақ ұлтының мәдениетін дамыту, би өнерін ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп, ұлықтауда және насихаттауда «Қазына» би ансамбілінің теңізге тамған тамшыдай болса да үлес қосып келеді. Осындай ұжым барда ұлттық өнер өшпейді, өлмейді.