Ұлтымыздың ұмылытып бара жатқан салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын қайта жаңғыртып, ұрпаққа жеткізуде он жылдан бері қызмет келе жатқан Шымкентте ерекше орталық бар.
Ол – Қазақстанда теңдесі жоқ бірден-бір мекеме саналатын қалалық салт-дәстүр және әдет-ғұрып орталығы, онда өтетін әрбір іс-шараның маңызы зор, ал онда сақталған көнеден келе жатқан қолөнер бұйымдарымыз, тұрмыстық заттар, әшекейлер, киімдер тарихымыздан сыр шертеді. Мәселен, онда сақталған астау, ожау, қымыз, шұбат пісіп, май шайқайтын күбі, жылқының, өгіздің мойын терісінен жасалған қымыз құюға арналған 3-8 литрге дейінгі түрлі торсықтар бар.
– Шымкент қалалық Салт-дәстүр орталығы 2014 жылдың желтоқсан айынан бері халыққа қызмет көрсетіп келеді. Мамандарымыз ұмытылған дәстүрді зерттеп, олардың тәрбиелік және мәдени мәнін жастарға насихаттап, рухани құндылықтарымызды ұрпақ бойына сіңіруде еңбек етіп келеді. Орталықта дәстүріміз құр сөзбен айтылып, дәріптеліп ғана қоймайды, іс-шараға жастарды тартып, көзбен көреді. Мысалы, Төле би ауданы, Кеңесарық ауылында «Өмір салты – саятшылық» атты ауқымды этнотанымдық шара ұйымдастылды. Шарада арнайы құсбегі, тазы баптаушылар шақырылып, тазы жүгіртіп, бүркіт салу, баптау жолдары және «Сыралғы» дәстүрі көрсетілді. Оған қатысқан мектеп оқушыларына саятшылық өнері, оған қатысты ырым-тыйымдар жайында әңгіме өрбіді, – дейді орталық басшысы Бахтияр Спанов.
Орталықта халықаралық деңгейде үлкен жобалар ұйымдастырылып, биылдың өзінде үш этнофестиваль жоғары деңгейде өткен. Атап айтқанда, – «Төрге жайдым текемет» фестиваліне Өз¬бек¬стан, Қырғызстаннан қонақтар қатысып, текемет басу дәстүрі қайта жаңғыртылды. «Алаша фест» іс-шарасында қолөнер бұйымдарының түрлері ұсынылып ғана қоймай, тоқу жолдары көрсетілді. Бұл өз кезеінде тоқыма бұйымының құндылығын арттырады. Ал «Киелі кимешек» деген фес¬тивалінде Моңғолиядан қонақтар қатысып, бас киімге қатысты келушілерге маңызды мәліметтер берді.
Биыл дала дәстүрін жаңғыртып отырған орталыққа10 жыл толды. Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков: «Атадан балаға мұра болып келе жатқан ұлттың рухани дүниесіне, жауһарларына көңіл бөле бастадық. Салт-дәстүрлер – қазақ халқы мәдениетінің терең тамыры мен рухани байлығының ажырамас бөлігі екенін ұғынып, барынша насихаттап, ұлықтауға үлесін қосып жүрген бірегей орталықты бүгінгі мерейтойымен құттықтаймын. Ұрпақтан ұрпаққа мұра болып қалған дәстүр сабақтастығын жалғап келе жатқан ерекше орталық. Орталық алдағы уақытта да еліміз үшін, келешек ұрпақ үшін қажымай еңбек ете берсін, – деген құттықтауын жолдады.
Мерейтой аясында жігіттер арасында жыршы-жыраулардың жарысы, жілік шағу, арқан тарту, қол күресінен, қыз-келіншектер қамыр илеп, кеспе кесуден бәсекелесіп, сынға түсті. Сайысқа Қазақстанның өңірлерінен және Қырғызстаннан командалар қатысты. Қазылар алқасының шешімімен 1-орынды Түркістан облысынан «Тұран» тобы, 2-орынды Қызылорда облысынан «Қармақшы» тобы, 3-орынды Өскеменнен келген «Барқытбел» тобы алды. Сайысқа қатысқан Қырғызстанның «Ыр-керген» және Шымкент қаласының «Дәстүр» тобына ынталандыру сертификаттары табысталды.
Қазақ ұлты өзінің сан ғасырлық тарихымын мақтан етеді. Тамыры терең төл дәстүріміз – халқымыздың мәдени кодының өзегі десек, оны жан-жақты зерттеп, барынша дәріптеуге үлес қосып жүрген еліміздегі жалғыз қалалық салт-дәстүр және әдет-ғұрып орталығының жауһарымызды жаңғырудағы еңбегі ерен.