Шымкент қалалық тілдерді оқыту-әдістемелік орталығы Қазақстан Республикасында тіл саясатын дамытудың 2023 -2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын орындау мақсатында «Тіл үйретудегі белсенді әдіс-тәсілдер» семинар-тренингін өткізді. Қазіргі таңда 130-дан астам ұлт өкілдері тұрып жатқан Қазақстанда мемлекеттік тіл – қазақ тілі.
Тілді дамыту әр елдің мемлекеттік саяси бағыттарының бірі десек, тіліміздің тағдыры баршамыздың қолымызда.
Аталған семинарда тілдерді оқытып-үйретуде белсенді әдіс-тәсілдерді тиімді пайдалану, оқытудың тиімді жолдарын қарастыру, жалпы оқыту жүйесіндегі жетістіктер мен кемшіліктерді анықтау, тіл мәдениетін жетілдіру мәселелері талқыланды. Іс-шараға жоғары оқу орындары, мектептер мен оқу орталықтарынан 40-қа жуық тіл маманы мен лингвист-ғалымдар қатысты.
Мемлекеттік тілді меңгеруде заман талабынай сай цифрлық технологияларды пайдаға жарату – бүгінде басты міндет. Сондықтан да сала мамандары сандық дәуірде ізденіс үстінде.
– Семинар арнайы шақырылған тіл мамандары қазақ тілін оқытуда цифрлық технологияларды қолданудың тиімді жолдары, жасанды интеллектіні кәдеге жарату, мнемотехникалық әдіс-тәсілдерді пайдалана отырып қазақ тілін үйретуді дамыту бойынша ізденістерін ортаға салды. Цифрлық кеңістікте мемлекеттік тілімізді өшірмей, өркендету жолдары туралы ойларымен бөлісті. Тіл білімінің негізін қалаған Ахмет Байтұрсынұлы: «Жақсы әліпби тілге шақ болуы керек. Артық әріптері көп әліпби қолайсыз болады» деген. Еліміздің білім, ғылым, саясат пен техника т.б. жазбаша ақпаратты қажет ететін салаларында смарт және сандық технологияның қарыштап дамыған көшіне ілесу үшін жаңа латын әліпбиіне көшу маңызды, - деп атап өтті Шымкент қалалық Тілдерді оқыту- әдістемелік орталығының латын графикасын оқыту және ақпараттық насихаттау жұмыстарын жүргізу бөлімінің басшысы Г. Қалдыбаева.
Оңтүстік Қазақстан медицина академиясы «Қазақ, орыс және латын тілдері» кафедрасының аға оқытушысы Динара Кемелхан «Қазақ тілін оқытуда цифрлық технологияларды қолданудың тиімді жолдары», Ө.Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің оқытушысы, педагогика ғылымдарының магистрі Айдана Ораз, филология ғылымдарының магистрі Ділдәгүл Арынбаева «Қазақ тілін үйретуде мнемотехникалық әдістерді қолдану» тақырыбында өз тәжірибелерімен бөлісті. Сонымен қатар, орталықтың ағылшын тілі маманы Жансая Жақсыбекова «Тілдерді үйретудегі тиімді әдіс-тәсілдер», латын графикасын оқыту және ақпараттық насихаттау жұмыстарын жүргізу бөлімінің басшысы Гүланар Қалдыбаева «Латын графикасына көшудің алғышарттары» тақырыптарында баяндама оқыды. М.Әуезов атындағы ОҚУ психология ғылымдарының докторы, профессор, Халықаралық психологиялық ғылымдар академиясының (МАПН) корреспондент-мүшесі Заурет Кабылбекова «Тиімді қарым-қатынас негіздері» атты психологиялық тренинг жүргізді. Семинар соңында қатысушыларға алғыс хат, сертификат табысталды.
Елімізде тіл саясатын оңтайлы жүзеге асыруда заман ағымына сай пайда болған мүмкіндіктерді қолдану оның мәртебесін, қолдану аясын кеңейтері сөзсіз.