Мемлекеттік тіл — мемлекеттігіміздің негізгі атрибуттарының бірі. Біздің Ата Заңымызда «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі — қазақ тілі» деп жазылған. Әрбір Қазақстандық Ата Заңымыздың талаптарын орындауға тиіс.
Тіл – ұлт пен ұлтты жақындастыратын ең үлкен қатынас құралы. Адам тіл арқылы бір-бірімен байланыса алады. Мемлекеттік тіл тәуелсіздігіміздің жырын жырлап, бұғанасын қатайтты. «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тіл» - деген алаш арысы Ахмет Байтұрсынұлы.
Қазақ халқының тілі өте бай, айтылуға орамды, көркем тіл. Оны игеру – ана тілін қадірлейтін, тіл мәдениетінің шыңына қол созатын адамның әрекеті. «Қанша тілді білсең, соншалықты мәдениеттісің, соншалықты байсың» деген даналық сөз бар. Әрине, құптарға боларлық ой, бірақ, өзге тілді білемін деп жүргенде өз тілімізден алыстап кетпеуіміз керек. Ұлттық статистика көрсеткен мәліметке сүйенсек, 1991 жылы елімізде қазақша сөйлейтін халықтың үлесі 37 пайыз болған деп көрсетілген. 2015 жылы бұл көрсеткіш 76,3 пайызға өссе, 2016 жылдың соңына дейін 82,3 пайызға жеткен. Ал 2021 жылы 80,1 пайыз,1, 2022 жылы қазақша білетін ел халқының үлесі – 92 пайыз болған. Бұл мемлекеттік тілдің өрісінің кеңейгенін көрсетеді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Егемен Қазақстан газетінде жариялаған «Тәуелсіздік бәрінен қымбат», Ұлттық құрылтайдың әрбір отырысында және Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» атты ХХХІІІ сессиясында сөйлеген сөзінде тіл мәртебесін көтеріп келеді және тіл саясаты жемісін бере бастағанын атап өтті. «Тіліміздің қолдану аясын кеңейте түсу мемлекеттік саясаттың басты бағыты болып қала береді. Бұл – біз үшін мызғымас ұстаным. Елімізде қазақ тіліне деген сұраныс жыл өткен сайын артып келеді. Қазақ тілі бизнестің, ғылым мен техниканың тіліне айнала бастады. Бұл үрдісті одан әрі дамытудың ең тиімді әрі төте жолы – ағартушылық. Қазір ірі кітап дүкендерінде қазақ тіліндегі туындылардың үлесі арта түсті. Соңғы кезде баспагерлердің жаңа буыны әлемдік бестселлерге айналған шығармаларды аударып жүр. Көптеген кітаптарды шығарып жатыр. Аударылған кітаптардың ішінде көркем әдебиет қана емес, іскерлік бағыттағы туындылар да көп. Мемлекеттік саясаттың мәні – осында. Ешкімді мәжбүрлемей, күнделікті өмірдегі қажеттілікті арттыру арқылы тіліміздің тұғырын нығайта береміз. Мемлекеттік тілге қатысты құр сөзден ештеңе шықпайды. Ең бастысы, нақты іс болуы керек – деді Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаев Ұлттық құрылтайдағы сөзінде.
Ал еліміздің үшінші мегаполисі Шымкент тұрғындарының басым бөлігі мемлекеттік тілді жетік меңгергендер. Шымкент қалалық тілдерді оқыту-әдістемелік орталығы Шымкент қаласы тұрғындарының қазақ, орыс, ағылшын тілдерін меңгеру деңгейін анықтау мақсатында 2024 жылғы I жартыжылдықта әлеуметтік сауалнама жүргізді. Зерттеу жүргізілген сауалнамаға жынысы, жасы, білім деңгейі мен тұрғылықты жеріне байланысты іріктелген 18 жастан жоғары 2000 респондент қатысып, қорытынды бойынша нәтижелер алынды. Нәтижесінде:
— мемлекеттік тілді меңгергендердің үлесі – 97,5%;
— орыс тілін меңгергендердің үлесі — 87,6 % ;
— ағылшын тілін меңгергендердің үлесі – 24,2 % құрады.
Шымкент қалалық тілдерді оқыту-әдістемелік орталығының мәліметінше, 2024 жылғы қаңтар-маусым айларында қазақ, орыс, ағылшын тілдері бойынша 72 топта 854 азамат курстан өткен. Оның ішінде қазақ тілінен 524 адам, орыс тілінен 39 адам, ағылшын тілінен 291 адам.
Көш түзеліп келеді. Екіншіден, бұл мемлекеттік тілге деген құрметті көрсетсе керек. Болашақ ұрпақ өзге тілді білу арқылы өз тілімізді әлемдік деңейге көтерсе, мемлекеттік тіл арқылы қымбат байлығымызда сақтап қалуға мүмкіндік бар. Оның жарқын дәлелі әнші Димаш Құдайберен арқылы әлем қазақ тілінде сөйлеп келеді.