Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сөз сөйлеп, өскелең ұрпақтың тәрбиесіне, идеология мәселесіне көп көңіл бөлу керектігін баса айтты.
Сондай-ақ, балаларға ұлттық мәдениетті дәріптеу, рухани-мәдени құндылықтарды қалыптастыру арқылы тәрбиелеу үшін сол бағыттағы кітаптарды оқытып, жалпы кітапқа деген қызығушылығын оятудың маңызын атап өтіп, нақты тапсырма да берді. Шымкентте бұл бағытта қандай жұмыстар бар?
Шымкент қалалық орталықтандырылған балалар кітапханалар жүйесі жаңа форматқа көшкеніне екі-үш жылдың жүзі болды. Мұнда балалар кітап оқып әрі демалады. Әдеттегі сөрелер енді мұнда жоқ. Оның орнына түрлі-түсті орындықтар орналасқан балалар залы, оқу залы, жасөспірімдер залы, жұмыс жасау залы сияқты жанға жайлы бөлмелерге бөлінген. Тіпті балаларға ойын алаңшасы да қарастырылған. Ең кішкентай оқырманға сөйлейтін, әуенді кітаптар қойылса, сәл үлкендеріне 3Д, 4Д кітаптары қолжетімді.
– Қала аумағында 14 бөлімшеміз бар. Кітапханада кітап қоры – 418 046 дананы құрайды, оның ішінде балалар әдебиеті – 390 492 дана. Кітапхана мектеп жасына дейінгі бүлдіршіндерге, 1-9 сынып оқушыларына, тәрбиешілер мен мұғалімдерге, жылына жалпы 392 мыңдан астам келушіге қызмет көрсетеді. Кітапхана қоры көркем шығармалармен, мектеп бағдарламасына қосымша балаларға арналған анықтамалық әдебиеттермен, танымдық, сала жанрлары бойынша балалар әдебиеттері мен қиял-ғажайып, шытырман оқиғалар, ертегілермен толықтырылған, - дейді кітапхана меңгерушісі Фарида Абдрахманқызы.
Кітапханаға жас оқырмандар кітап іздеп келіп ғана қана қоймайды, түрлі іс-шараларға белсенді қатысады. Жастарды кітап оқуға қызықтыру мақсатында «Айна», «Жақсы адам мен жарты сағат», «Кел сырласайық қыздар» клубтары жұмыс істейді.
«Балалардың бос уақытын тиімді өткізіп, олардың рухани дүниесін байытуға атсалысып, дүниетанымын кеңейтудің маңызы зор. Негізгі ұстанымымыз «Өзің оқы, өзгені қызықтыр». Осы жобаның аясында театрландырылған қойылымдар, рөльдік және әдеби ойындар, мәнерлеп оқу, байқаулар, интеллектуалдық ойындар, викториналық сайыстар дәстүрлі түрде өтеді», – дейді Шымкент қаласының орталықтандырылған балалар кітапханалар жүйесінің директоры Жанар Сауғамбаева.
Кітапхана ұжымы үнемі ізденісте жүреді, - дейді қызмет көрсету бөлімінің меңгерушісі Наталья Перевалова. – Бүгінгі балалар өте білімпаз. Кейде кітапхана қорында жоқ кітаптарды сұрайды. Біздің мақсатымыз кітапханаға жазылған әр оқырман қайта айналып соқса, әр оқыған кітабынан бір ой түйсе, – дейді Н. Перевалова.
Шынтуайтында, кітап – руxани байлықтың кілті. Кітап оқыған адам білім көкжиегі кең, сөздік қоры бай, мәдениетті, өз пікірін еркін жеткізе алатын болады. Жалпы жақсы кітап оқу өмірде жеке тұлға болып қалыптасуға көмектеседі. Дегенмен көркем әдебиеттің үлесі аз екені жасырын емес. Мұны Президент «Қазір еліміздегі мектеп кітапханаларында 130 миллионнан астам кітап бар. Бірақ ондағы көркем әдебиеттің үлесі мардымсыз. Шын мәнінде, кітап оқитын ел зиялы ұлтқа айналады. Біз жас ұрпақтың кітапқа құштарлығын оятуымыз керек. Бұл қиын мәселе екенін түсінемін. Әсіресе, олардың бар назары әлеуметтік желіде болған кезде, тіпті, қиын. Бірақ бұл мәселемен шұғылдану керек. Басқа жол жоқ. Сондықтан «Балалар кітапханасы» атты жаңа бағдарламаны қолға алуды тапсырамын. Қазақ әдебиетінің түрлі кезеңдерін және жанрларын қамтитын арнайы тізім жасалуға тиіс. Сол тізімдегі кітаптар барлық балаға қолжетімді болуы керек», деп атап өтті.
Болашақта «Балалар кітапханасы» жобасы балалар әдебиетінің дамуына жаңа серпін беретініне сенеміз. Дегенмен әрбір ата-ана кітаптың баланың дамуына, рухани өсіп жетілуінде өз үлесі бар екенін білуі тиіс.