Шымкент қаласы аумағында жалпы 180-ге жуық тарихи-мәдени мұра объектісі бар, оның 30-ы археологиялық, 121-ә монументтік өнер құрылыстары, 11-і қалақұрылысы және сәулет ескерткіштері, 2 киелі зиярат ететін ғасырлық тарихи бар нысандар.
Оның ішінде 7-еуі республикалық, 8-і жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің тізіміне енгізілген. Солардың арасындағы қала құрылысына жататын Шымшаһардағы ең көне сәулет ескерткіші – «Жәми» Шыңғысбай қажы мешіті. Шымкентік тұрғындар аталған мешітті «Ескі мешіт», «Қошқар ата мешіті» деп те атайды. Шаһардың «Ескі қала» деп аталатын бөлігіндегі Қарасу өзені жағасында орналасқан мешіт орта азиялық Тәшкен-Ферғана сәулет стилінде тұрғызылған. 2200 жылдық тарихы бар Шымшаһардағы күйдірілген кірпіштен өрілген көне нысанның сәулеті да өзгеше, ауласы кең, қызметтік және діни рәсімдер өткізетін орындар бар. Көненің көзін көрген қариялардың айтуынша, мешітте ертеректе аула ортасында көлеңкелі жүзімдік аспалары, құдық пен кішірек мұнара болған. Қазір одан тек мұнара ғана қалған.
Мешітті Шыңғысбай қажы Дәуітұлы 1881 жылы бастап, құрылысы 1889 жылы аяқталған. «Жәми» атауы араб тілінен аударғанда «жамағат» деген мағына береді. Тарихи деректерге сүйенсек, кеңес өкіметі кезеңінде мешітті үкімет меншігіне өтіп, екінші дүниежүзілік соғыс кезінде әскери казарма, комиссариат, милиция ғимараты ретінде пайдалануға берілген. 1947 жылы діни рәсімдер өзкізуге рұқсат беріліп, мешіт ел игілігіне қайтарылған.
Биыл көне мешіттің аумағы абаттандырылып, заман талабына сәйкестендіру жұмыстары қолға алынды. 1980 жылдары мешіт жанынан салынған оқу корпусы әбден тозығы жетіп, биыл бұл құрылыстар бұзылып, орнына заман талабына сай оқу корпусы және автотұрақ салынуда. Шымкент қаласының
әкімдігі бұл құрылысқа назар аударып, абаттандырылатын жеткізді.
– Көне мешіт қосалқы ғимаратының әбден тозығы жеткендіктен оның орнын абаттандыру және қосымша оқу корпусын салу жұмыстары жүргізіледі. Мұндай тарихи нысандарды сақтауымыз керек, – деді қала әкімі Ғ. Сыздықбеков.
«Жәми» Шыңғысбай қажы мешіті 140 жылдан бері халыққа қызмет көрсетіп келеді. Шаһардың тарихы осы ескі қаладан бас¬талады десек, сан ғасырлардың сырын бүккен тарихи нысан мемлекет қорғауында.