Шымкентте қалалық «Жастар ресурстық орталығы» жастарды кітап оқуға ынталандыру мақсатында «Сенің ортаң» жобасын қолға алды. Аталған жобада шымкенттік жастар әр кездесуде танымал шығармаларды талқылайды. Алғашқы басқосуда жастар Дулат Исабековтің «Сүйекші» шығармасын талқылады. Рухани жиынға қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек арнайы қатысты.
Президент Ұлттық құрылтайдың «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты үшінші отырысында сөйлеген сөзінде кітап оқу мәдениетін жандандыру бойынша тапсырма берген болатын. «Кітапқұмарлық – жақсы қасиет. Мысалы, көптеген мемлекет Ұлттық кітап күнін атап өтеді. Бөріхан Нұрмұхамедов, Айдос Сарым, Данияр Әшімбаев бастаған құрылтай мүшелері осындай бастама көтерді. Мен олардың Ұлттық кітап күнін белгілеу туралы ұсынысын қолдаймын. Бірақ оны мазмұнды етіп өткізу қажет. Мысалы, түрлі іс-шаралар ұйымдастырып, арнайы жәрмеңкелер өткізу қажет. Шын мәнінде, озық ойлы ұлт болудың ең төте жолы – кітап оқу» деген-ді. Аталған жоба Президент тапсырмасы аясында қолға алынған.
– «Сенің ортаң» жобасы қазақ әдебиетінің үздік шығармаларын кеңірек танытады және әдеби талқылаулар арқылы қоғамда мәдени диалогты дамытады. Бұл арқылы оқырмандардың мәдени білімін арттыруды мақсат етіп отырмыз. Қазақ әдебиеті классиктерінің шығармаларын оқыту, оны дәріптеу, насихаттауға бағытталған іс-шараны айына бір өткіземіз деп жоспарлап отырмыз, - дейді «Жастар ресурстық орталығының» басшысы Марат Спатаев.
Дулат Исабековтің қазақ әдебиетіндегі қайталанбайтын тың туындыларының бірі - "Сүйекші" повесі. «Туындыдағы философиялық ой – қауқарсыз жалғыздық. Кедей отбасында өмірге келген Тұңғыштың ештеңеге ұмтылмай, ешқандай мақсатсыз өмірден өтуінің сыры неде? Қамшының сабындай ғана қысқа ғұмырдың адамзат әлеміне соншама қасірет әкелуінің себебі бар ма? Жазушының тақырып таңдау болмысы да өзгеден тым бөлек» -дейді әдеби талқылауға қатысқан жастар.
«Автордың жеткізгісі келген идеясы қандай? Прагматизмгді қосып, өмірдің ащы шындығын көрсетіп, өмірдің трагедиялық тұстарын белгілеген жерлері қандай? Оқырмандар шығарманы қалай қабалдағанын бірге талқыладық» деп атап өтті студент Сая Сиқым.
Шара аясында кітапсүйер жастар пікірлері мен ұсыныстары тыңдалды, сұрақ-жауап арқылы талқыланды. Алғаш рет қолға алынған жобаға қала жастары белсене қатысып, келесі басқосудың шығармасының тақырыбы таңдалды.