Шырайлы Шымқала еліміздің оңтүстігінде орналасқандықтан, климаты өте жайлы шаһар. Сол үшін жанға жайлы жылы ауа райлы мегаполиске шет елден болсын, республиканың басқа өңірлерінен қыдырып келушілер саны жылдан жылға артып келеді.
Ал біз мегаполистің жұртты қызықтыратын ерекшеліктерінің ішінде көшелерді сан-алуан түске бөлеген, қалаға көрік берген гүлзарлар, жанға сая сыйлаған саябақтарды атар едік. Саябақ демекші, Шымкенттегі Орталық саябақ тарихи-мәдени нысандарға жатады әрі тарихы 1886 жылдан басталады.
Саябақ қала орталығындағы Қазыбек би және Тәуке хан көшелерінің қиылысында орналасқан.1886 жылы қала бекінісінің оңтүстік-шығысында, Қошқар Ата өзенінің жанында орналасқан "Русская слободка" ауданының тұрғындары қоғамдық бау-бақша егіп, оны «Черняевский» деп атаған. Ал Кеңес кезінде бау-бақша көркейіп, оған «Орталық демалыс және мәдениет саябағы» деген атау беріледі. Ұқыпты егілген гүл бақтар және күтілген аллеялар арқасында саябақ кешкі серуендеуді ұнататын қала тұрғындарының сүйкіті орнына айналған. Бірнеше ұрпақтың сүйікті демалыс орнына айналған саябақ ғасырлардың куәсі. Бүгінде ондағы ағаштар, гүлдер мен су бұрқағы демалыс аймағының көркін ашқан. Саябақта қала ардагерлері мен қариялары шахмат ойнауды дәстүрге айналдырған.
Бір айта кетерлігі, саябақта өткен ғасырдың басында отырғызылған ағаштар да сақталған. Тәліпбек Ұланбайұлы Орталық саябақта 2013 жылдан бері еңбек етіп келеді. Маманның айтуынша, парктегі ағаштардың көбісі 1940-50 жылдары егілген, қазір олар алып ағашқа айналып, сая беріп тұр.
– Саябаққа анда-санда келіп, демалатын қария кісі бар. Сол азамат саябақтың Тәуке хан даңғылы жақтағы кіреберісі тұсындағы үш түп шынар сонау 1903 жылы егілгенін айтты. Барып көрсетті-де. Бір қарағанда басқа талдардан айырмашылығы жоқ бұл ағаштардың адам құшағы толатын діңгектері әлі де мықты. Қарияға бұл ағаштар туралы әкесі айтып кеткен екен, – деді Тәліпбек Ұланбайұлы.
Бірнеше ұрпақтың сүйікті тарихи-мәдени демалыс орнына айналған саябаққа қалалықтардың қамқорлығы ерек. Шымкенттіктер демалыс орнына тұрақты түрде сенбілік өткізіп, тазалық шараларын да жүргізіп тұрады.