«Астана Опера» театрының труппасы Шымкент қаласына алғаш рет гастрольдік сапармен келді. 1 қазан – Халықаралық музыка күніне орай жоспарланған концертке Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек және Шымкент қалалық опера және балет театрының директоры Майра Мұхамедқызы, елімізге танымал өнер жұлдыздары, мәдениет, өнер сүйер көпшілік қатысты.
Шымкент қалалық опера және балет театрының сахнасында елордалық ұжым қазақ композиторларының таңдаулы туындылары мен әлемдік опера жауһарларынан шығармалар ұсынды. Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен өткізілген гастрольдік сапар сәтті өтті десек болғандай. Классикалық өнердің осылай қала аралауы үлкен тәжірибе.
Көрермендер белгілі сахна шеберлері: Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткерлері Жұпар Ғабдуллина, Жанат Шыбықбаев, Мейір Бәйнеш, Бибігүл Жанұзақ, Бағдат Әбілханов, Раушан Бескембірова, халықаралық байқаулардың лауреаттары Гүлдана Алдадосова, Болатов Ғалаев, Талғат сынды өнерпаздарды қошеметпен қарсы алды. Талғат Аллабиринов және т.б. өнерпаздар жұртшылыққа биік өнермен сырласу қуанышын сыйлады.
– Бұл концерт ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен «Қалаларды біріктірген музыка» атты жоба аясында ұйымдастырылып отыр. Бұл гастроль Қазақстан бойынша турлар географиясын кеңейтіп, қаладан қалаға ауысқан классикалық өнердің өзіндік бір сипатына ие болмақ. Теарт сахнасының шағын болуына байланысты, біз кейбір қойылымдарды ұсына алмадық. Сол үшін, оркестрь құрамынан 35 адам, хор орындаушыларынан 38 адам және солистерді әкелдік. Кеште қазақстандық композиторлардың туындыларын орындауға ерекше маңыздылық берілді, – дейді «Астана Опера» опера труппасының директоры Мейір Байнеш.
Евгений Брусиловскийдің «Қыз-Жібек» операсынан «Шегенің термесі», Мұқан Төлебаевтың «Біржан – Сара» операсынан «Айтыс» сахнасы ұмытылмас әсер қалдырды. Концерттік бағдарламада қазақстандық композиторлардың музыкасы А.Вивальди, П.Чайковский, А.Дворжак, Дж.Пуччини сынды әлемдік классиктердің арияларымен үндесіп отырды. Кешке келген көрермендер барлық орындауларды ерекше ықыласпен тыңдады.
Бағдарламаның жарқын финалы Ескендір Хасанғалиевтің «Атамекен» әні болды, оның орындалуы әртістерді де, көрермендерді де туған жерге деген биік махаббат сезіміне біріктірді. Көрермендер бұл композицияны тік тұрып тыңдады.
– Таңғажайып кеш, Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетіндегі әріптестермен кездесу мақсатында Қазақстанға жаңа ғана келдік. Олар театрға баруды ұсынды. Осыншама талантты өнерпазды бір сахнада көріп, көрерменнің мұндай жылы қабылдауына куә болған емеспін. Бағдарламаны аяқтаған нөмір ерекше есте қалды,– АҚШ-тан келген профессор Кристофер Джонстон өз әсерімен бөлісті.