Шанин театрына жастар жаңа леп әкелді

Театр – шын мәнінде өмір айнасы. Яғни, театрда өнер адамдары өмірдегі шынайы көріністерді, дәлірек айтқанда, өмірдің өзін сомдайды. Қай жаста болсын, театрға келу арқылы әр адам өзін басқа бір қырынан тануға, өмірден оқшау еместігін, оның біртұтастығын түсінуге, қоғамның бір бөлшегі екенін ұғынуға мүмкіндік алады.

Screenshot_6.jpg

Театр өнері сонау қылышынан қан тамған заманда да елеусіз қалған жоқ. Керісінше күннен-күнге дами түсті. Демек, театр өнері сіз бен біздей жанашыр көрермендері барда ешқашан өлмейтіні анық. Қазіргі XXI ғасыр ақпараттық технологиялар заманында ұлттық құндылықтарымызды,рухани байлығымызды сақтап қалу әрине оңай емес. Дегенмен де, ұлттық құндылықтарымызды сақтап, тіліміздің мәртебесін көтеруде сахна өнерінің алатын орны ерекше. Осындай өнер ордасының бірі және бірегейі Шымқалада орын тепкен Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театры. 

Жақында 95 жылдығын тойлағалы отырған театрдың көркемдік жетекшісі Сұлтан Оңғарұлы өнер ордасының алдағы жоспарларымен бөлісіп, театрға жаңа бір серпіліс, тың идеялар мен жаңашылдық қосу мақсатында Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясынан 19 студент тәжірибелерін шыңдауға келгенін айтқан болатын. Олар сонау Алматыға білім қуып барған, «бекзат өнердің шыңына жетеміз» деген ниетпен Қазақстанның түкпір-түкпірінен жиналған, Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының 4 курс студенттері екен.

 «Жас келсе, іске» деген бар. Демек, театрға жаңа леп, жаңа сарын келді деген сөз. 

Жалпы, театр – биік талғам мен парасат мекені. Қазір жастардың театрға қызығушылығы артқан. Бас қалаларда құрылған жастар театрлары аншлаг жасап жүр. Шымқала да сондай бір серпілісті сағынатын сияқты. «Сен тұр, мен айтайын» деп тұрған жалындаған жастардың дайындығына қатысып отырып, осыны ойладық.

Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген әртісі, Қазақстан Республикасының білім беру ісінің үздігі Рахилям Машурова жетекшілік ететін, өнер майталмандарының шеберлік мектебінен өткен жастар осындай болса керек. Біздің ойымызды оқығандай, жастар «Шымкентке жастар вайбы жетіспейді екен. Біз сол олқылықтың орнын толтырсақ, жаңа леп берсек деп келдік» деп шу ете қалды.

«Тарихы терең, орны бөлек Шанин театры, жалпы Шымкент қаласы бізді құшағын жая қарсы алды. Бізді осында жібергенде қобалжысақ та, қатты қуандық. Өйткені, академиядағы сабақ бір бөлек, театр сахнасы бір бөлек. Үлкен сахнада, танымал, үлкен аға-апалармен бір сахнада тәжірибе жинау біз үшін үлкен мектеп болғалы тұр. Театр – адамның таным айнасының кеңейіп, тілдік және рухани дамуына пайдалы аудитория. Қазіргі қоғамда көкейде жүрген сұрақ – қазіргі жастар театрға қызыға ма? Көпшілікті алаңдататын сұрақ. Бірақ, біздің осы мамандықты таңдап, осы мамандықтың нанын жесек, ұстаздарымыздың үмітін ақтасақ деген арман-мақсатымыз бар. Біз өзімізбен қатар басқа да жастарды театрға шақыра алсақ, театрға қызығушылығын арттыра алсақ, ол да біздің үлкен жетістігіміз болмақ» – дейді жастар.

«Актерлық мамандық жан-жақтылықты талап етеді. Актер болам деген жас жан-жақты болу керек. Ол дене икемі болсын, сахна шеберлігі дейміз, көркемсөз сөйлей білуі, тілі таза болуы, ән айта білуі, әртүрлі музыкалық инструментте ойнай білуі және де көп кітап оқу. Кітап адамның фантазиясын ашады, қиялын дамытады. Ал, қиял, фантазия актер үшін өте керек. Осы жағынан шәкірттеріммен мақтана аламын. Топта биші, әнші, заманауи әндер жазып жүрген композитор жігіт те бар. Аружан Қалдыбай деген қызымыз кәсіби ат спортымен айналысады. Аттың құлағында ойнайтын қызымыз әлемдік деңгейдегі «Номад» клубында жаттыққан. Каскадерлық өнерді қатар алып жүре алады. Белсенді студентіміздің бірі Лейла Тельманқызы, Дисней мультфильмдерін қазақша сөйлетуге атсалысып жүрген қыз. Дубляж жасауға машықтанған. Дінмұхамед Каримов киноны бағындырып жүрсе, Демесін Ысқақов кәсіби музыкант. Сұңқар Айдынұлының әндері жастар арасында танымал» дейді Әшім Ералыұлы шәкірттері жайлы мақтанышпен.

Театр өмірі – актер өмірі. Қойылым тек қана ойнауды емес, көрермен көкейінен орын алуды талап етеді. Сыншы көзге барлығы оңай көрінгенімен, қойылымға дейінгі дайындық, төккен тер сахнада сыналады. Әр қойылымның қойылу мақсаты көрерменге ой салу. Көрермен түйген ойдан міндетті түрде қорытынды шығарады. Жақсылыққа асық болу немесе жамандықтан жеру де осы ой түбіндегі мәйек. Демек, театр да адамзатты адамгершілікке, отансүйгіштікке және адалдыққа тәрбиелеуде үлкен маңызға ие. Ал, Шымкент жұртшылығынан бата алуға келген жастар бұл шаһарға жаңа лебін ала келгендей. Жылдан-жылға көбейіп жатқан мегаполистің жастар сұранысын, қажетін өтейтін спектакльдер қою, өздері айтқандай аншлаг жасау мақсаттары орындалып, театрдың шығармашылық өркендеуіне үлес қосамыз деген тілектері орындалсын дейміз. 

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Бақытжан Алдияр: «Өлеңді түсімде жазып, өңімде қағазға түсіремін»
  • Қазақ халқының ырымдары мен нанымдары
  • Асық – үлкен халықтық тәрбие
  • Олардың ерлік рухы мәңгі ұмытылмайды
  • «Ешкім де ұмтылмайды, ешкім де ұмтылмақ емес!»: Шымкент аумағында ұжымдастыру науқаны қалай жүрді?
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер