Кімде-кім ұлтының болашағы, туған халқының игілігі жолында жан аямай еңбек етсе, оның есімі туған халқымен бірге мәңгі жасайды. Бүкіл саналы ғұмырын қазақ әдебиетіне, ұлт руханиятын сақтау жолына арнаған Ханбибі Есенқарақызы —сондай есімі елімен бірге мәңгі жасайтын көрнекті тұлғалардың бірі.
Шымкент қаласындағы Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінде өтіп жатқан «Алаш аманатын арқалаған «Ақ жол» және Ханбибі Есенқарақызы» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференцияда сөйлеген Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек осылай деді.
Ақын Ханбибі Есенқарақызының 75 жылдығына арналған конференцияны университет ректоры Гүлжан Сүгірбаева алғы сөзімен ашып берді. Шымкент қаласы әкімінің орынбасар Сәрсен Құранбек, академик Оразалы Сәбденов, Қазақстан Жазушылар Одағының хатшысы Бауыржан Жақып, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры Кенжебек Матыжанов, Түркиядағы Гази университетінің профессоры Мұса Йылдыз құттықтау сөз сөйледі.
Мұнан кейін академик Ханкелді Әбжанов, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ «Алаш» ғылыми-зерттеу институтының директоры Сұлтан-Хан Аққұлұлы бастаған ғалымдар баяндама жасап, Алаш қайраткерлері мен «Ақ жол» газетінің Отан тарихында алатын орны мен оны зерттеу мәселелері жөнінде сөз қозғады.
- Қара сөзде, прозада «автобиография» деген термин бар, жазушының ғұмырнамасы, ал, қара өлеңге автобиографияның қажеті жоқ поэзия – ақынның өзі, егізі. Жыр жинақтарын оқып шыққан соң, ақынның бүкіл болмысын, ішкі сезімдерін танып тұрасың. Елден ерек ақынның пәлсапасы, қоғам жайлы тебіренген ойлары бізді де ойландырады.
Саялы Сарыағаштың тумасы Хан апамыздың өмірі мен өнер жолы көп бұралаң, қия қалтарысы мол күрделі сапар. Ханбибі Есенқарақызы дүние сырын толқымай, тебіренбей қабылдай алмайтын нәзік дірілді сыршыл ақын. Қазақ өлеңін тотының түгіндей құлпыртып, жаңа дем сыйлаған реалист ақын. Оның поэзиясының қадыр-қасиеті сиқырлы сырға, сырбаз сезімдерге толы нәзіктігінде. Оқырманды таза өнер биігіне шарықтатып тұрған ойы мен келісті тілінде.
Ханбибі Есенқарақызының өнер жолының басындағы іргелі туындылары «Қанат қақты», «Бұлтсыз аспан», «Жұлдызым», «Жангүлім» жыр жинақтары. Сөз өнерінің айрықша сыры мен сымбатын танытқан жырларына, олардың тақырыбына, ішкі дүниесіне үңілейік. Алдымен, тақырып туралы. Әдебиет әлемінің мәңгілік өзекті тақырыбына айналған әйел, әйелдің сыры. Хан апаның әйелдер образы, Әуезов әйелдерінің образдар галереясы сынды кең, сұлу, шынайы. Ұяң қыздың, құрбы қыздың, бейтаныс қыздың албырт сезімдері, махаббат іздеп шарқ ұрған қыз жүрегінің лүпілі, Жеңгелердің мөлдір көздері, «Сегіз келіншектің сегіз түрлі сыры», Аналардың қамқорлығы әйелдің сан түрлі сипатын көрсетеді. Расында, әйелді әйелден артық кім түсінбек?, - дейді баяндамасында Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің аға оқытушысы Сапарбаева Қ.
Ақындық пен азаматтық қатар жүретін қабілет. Ақын болған адам халқының қамын ойламай тұрмайды. Ханбибі Есенқарақызының шығармаларынан азаматтық лириканы байқаймыз. Ақынның мотиві де ұлттың қамын ойлап, халықтың ұлы есімді ардагерлері мен дарабоздарын ұлықтау, елдің мәдениетін көтеру. Осы сарындас өлеңдерінде асқақтап, аспандап тұратын озық идея, пафос бар. «Жан айқайым, бабам, саған жете ме?», «Сүйенерім жалғыз ғана маңдайым», «Ешкімге де көз жасымды көл етпей» деген тармақтардан Ханапаның асқақ рухын, қайсар мінезін, бет қаратпас ақтүтек борандай шабытын аңдаймыз. Ақынның көңіл күйі оның қоғамға деген көзқарасымен сабақтас.
«Ұлттық құндылықтарды ұлықтайтын, Алаш ардақтыларының сара жолын таңдаған өрелі ұрпақ санасына сіңген аталы сөзден тәрбие, баталы сөзден тәлім алады. Көргенің көкірегіне түйіп, оқығанын көңілге тоқып, мемлекетшіл, отансүйгіш азамат болып қалыптасады. Бұған әсер етуші бірнеше факторлар бар. Соның бірі – көркем әдебиет. Кітап оқу, қара сөздің қаймағын бұзбай, ана тілдің қайнар бұлағынан қанып ішіп, әр сөздің астарлы мағынасын ұға білу – зияткер ұлтқа тән қасиеттердің бірі.
Жаһандану заманында ұлтты сақтап қалу саяси маңызға ие мәселе болып отыр. Бұл ретте біз әдебиет тарихында жасалған рухани қазынамызға жүгінеріміз ақиқат. Ал асыл арналардан бастау алған тұрмыс-салт жырлары, мақал-мәтел, жұмбақ пен жаңылтпаш, жыр-қисса, ертегі, дастан, аңыз-әңгіме, шешендік сөздер, батырлық жырлар, ғашықтық дастандар мен айтыстарды жата-жастана оқып, сөзді сүйіп өскен, табиғатпен тілдесіп, сырын ұққан сыршыл жанның суреткер болмауға хақы жоқтай. Ата-баба қанымен, ана сүтімен, әке тәрбиесімен берілген қабілетті білім-ғылыммен ұштаған, талмай ізденіп еңбектенген қаламгер өзін мойындатары хақ. Сондай таланттың бірі де бірегейі, халқымыздың Ханапасына айналған ақын, жазушы, қоғам қайраткері, Қазақстан Жазушылар және Журналистер Одағының мүшесі, «Парасат» орденінің, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, ҚР Еңбек сіңірген қызметкері – Ханбибі Есенқарақызы. Бұл есім маған бала кезімнен етене таныс. Оңтүстіктің айтулы қаламгері, қарасөз бен көсемсөздің шебері атанған марқұм Мархабат ағаммен әдемі әзілдесіп, қазақы қалжыңның көркем үлгісін көрсете білген ақын Ханапа шығармаларын ерте жастан оқып өстім. Қай қызметте отырса да өз ісіне асқан жауапкершілікпен қарайтын ақын апамыздың ұлт руханияты үшін атқарған жұмысы ауқымды: облыстық мәдениет басқармасынының тізгінін ұстаған жылдары ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кете барған мемелекет мүлкін ел игілігіне қызмет етуге жұмылдырса, облыстық филармонияны жекешеленіп кетуден сақтап қалған азаматтығы бір бөлек әңгіме. Ал сол өнер ошағына «вальс королі» атанған Шәмші Қалдаяқов есімін алуға ықпал етіп, ғимаратты толық жөндеуден өткізіп, алдына Шәмшінің ескерткіш-мүсінін қойдыруы тарих беттеріне алтын әріппен жазылары сөзсіз.
Туындылары бірнеше шет ел тілдеріне аударылып, көптеген өлеңдері әнге айналып, Алаштың аспанында еркін қалықтап жүрген Х.Есенқарақызы сан қырлы талант иесі. Оның қаламынан туған жырлар жүректерді жылытып, асқақ рух, сенім мен батылдық сыйласа, естелік, эсселері танымал тұлғаларға сөзбен құйылған еңселі ескерткіш деп білеміз. Қазақтың қайталанбас дара перзенті, батыр ұлы Бауыржан Момышұлы, ерлігі ел есінде қалған Қасым Қайсенов, оқырманның сүйікті жазушысы, махаббат жыршысы атанған Әзілхан Нұршайықов, мемлекет және қоғам қайраткері Әбіш Кекілбаев, айбарлы ақын Фариза Оңғарсынова, көршілес мемлекеттің атақты драматургы Саид Ахмад, қазақтан шыққан, Ресей елінде өмір сүріп, жат елді мойындатқан Аман Төлеев, тағы басқа айтулы азаматтар басты кейіпкері саналатын бұл дүниелер деректі әдебиеттің алтын қорына қосылған үлкен қазына.
Аға буын өкілдері мен замандас қаламгерлер ақын шығармашылығы туралы әркез жылы пікір білдіріп, Х.Есенқарақызының парасатты поэзиясы мен толысқан прозасына жоғары баға беріп келеді. Ақындар Фариза Оңғарсынова, Темірхан Медетбек, Қаныбек Сарыбаев, Нармахан Бегалыұлы, Серік Ақсұңқарұлы, Көпен Әмірбек, Бауыржан Жақып, жазушылар Шыңғыс Айтматов, Әбіш Кекілбаев, Сафуан Шаймерденов, Қалаубек Тұрсынқұлов, Дулат Исабеков, сондай-ақ әдебиеттанушы ғалымдар Бақыт Сарбалаұлы, Әлия Бөпежанова біздің кейіпкеріміздің шығармашылығы хақында ой толғаған.
Ханбибі Есенқарақызы – Алаш ардақтыларына деген құрметін іспен дәлелдеген айбынды ақын. «Шолпан» журналын шаң басқан мұрағаттан іздеп тауып, жинақ етіп шығарған, «Ақжол» газетін төте жазудан бүгінгі кириллицаға көшіртіп, 25 томдық еңбек құрастырып, оқырманға ұсынған. Облыстық саяси қуғын-сүргін құрбандары мұражайын басқарған тұста атқарған ақынның бұл еңбегі ерлікпен тең еді. Қаржылық қиындыққа қарамастан тәуекелге бел буып, шет елдерге хат жолдап, сұрау салып, еліміздің мұрағаттарын ақтарып, ғалымдарды тартып «Ақжолды» шығарған Ханбибі Есенқарақызының бұл еңбегі өнегелі іс ғана емес, ұлтқа қызмет етудің көркем үлгісі болатын. 2018 жылы шыққан он томдығының жетінші томы «Алаш және репрессия» деп аталып, жазықсыз жапа шеккен ұлт ардақтылары туралы жазылып, олардың ұрпақтары, атап айтқанда, Гүлнар Міржақыпқызы Дулатова, Бектұр Жүсіпбекұлы Аймауытов, Мұстафа Шоқайдың ағасы Нұртазаның қыздарының жүрек шымырлатып, жанды ауыртар естеліктерінің берілуі де мол ізденістің жемісі.
Өзі көзімен көріп, куә болған оқиғаны көркем шығармаға айналдырған Х.Есенқарақызы «Жібек» повесінде тұтас ұлттың басынан өткен зұлматты жылдар картинасын айшықты бейнелеп, Жібек ана бейнесін қайсарлық пен батырлықтың символы ретінде көркем кестелеген. Сан түрлі сынақтарда сағы сынбастан алға ұмтылған қазақ әйелінің жан түршігерлік тағдыры оқырманды бей-жай қалдырмайды. Аттастырған жарынан бір, әмеңгерлікпен қосылған қосағынан екі айырылып, жалғыз ұлы қолында жатып көз жұмған қайсар Жібектің қасқырлармен алысып, аюмен арбасқан әр сәті кино лентасындай оқырманның көз алдына келуі – қаламгер шеберлігі. Автордың қазақ ұлтының биік рухын, қайсар мінезін суреттеудегі батыл шешімдері оның өлеңдеріндегі өршілдікті еске түсіреді.
Уақыт талабымен туып, қоғаммен үндесетін дүниелер ұлттық рухты көтеріп, ұрпаққа қызмет ететінін ескерсек, азаматтық ұстанымы айқын, шындық жалауын биіктен түсірмеген Х.Есенқараева поэзиясы ғасырларлармен бірге жасайтын өлмес туындылар деп білеміз. Азаматтық ұстаным дегенде белгілі сыншы, әдебиеттанушы Сағат Әшімбаевтың «азаматтық позиция – адамшылықты паш ету, ақиқатқа араша түсу, адамгершілікке көмектесу, шындықты қорғау, парасатқа тағзым ету, ізгілікті дәріптеу, әділдік пен адалдықтың сойылын соғу, жалғандықты жағадан алу – жамандықты әшкерелеу, бақыттың шырағына қорған болу, жақсылықтың отына май құю, зұлымдықтың түп-тамырына балта шабу» деген есті сөзі еске түседі. Сыншы атап айтқанның барлығын ақын Ханапаның өлеңдерінен кездестіреміз. Өмірі мен өлеңі егіз ұғымға айналған ақынның отты жырынан ұлттық рухтың лебі есіп тұратынын көзіқарақты оқырман ә дегеннен байқайды.
«Құлагерді тұяғынан қақпадым,
Тентек болсын, Ақандарды жақтадым.
«Мынау ісім қалай болар екен?» деп,
Мықтылардың қасы-көзін бақпадым!
Қасиетін мойныма ілген тұмардың,
Қасіретін туған елдің ұғармын.
Өз ұлты үшін құрбандыққа бас тіккен
Сәкендерден әулие емес шығармын!!!»
Осы екі жол өлеңде Ханбибі Есенқарақызының ақындық кредосы, өмірлік ұстанымы айқын көрінеді. Ол ешкімнен тайсалмайды, қорықпайды. Қашан болсын шындықты айтып, жалғандыққа жанымен қас екенін ашық айтады. Алаш ардақтыларының ақ жолын өзіне мұрат тұтқан ақын ақиқаттың алдаспанын қару етіп, туған жеріне ту тігуге қашанда әзір. Ана тілге құрмет көрсетпей, басқа тілді артық көргендерді «Өзге тілге жалға берген ауыздың, Күні бітпес құдай шындап ұрғасын» деп ащы сынайды. Ұлтты рухты ұран етіп қана қоймай, өлеңдеріндегі уытты ой арқылы халқын Ахмет Байтұрсынұлының «Масасындай», Міржақыптың «Оян, қазағындай» серпілтуге күш салады. Турасын айтып, туғанына жақпаған ақынның шағынатын да шақтары болады: «Ғажап екен бейімделгіш бектерге, Азап екен айтары бар ақынға!». Десе де ол мойымайды, тағдырдың басқа салғанына көндім деп те бос қарап отырмайды: «Бүгінгі өмір – атпай, аспай өлу де, Бүгінгі өмір – мылтығы жоқ майдандар!» деп, өзінің күрескерлік келбетін өлеңмен өреді.
Ақынның қайтпас қайсар өр рухы оқырманды әркез тәнті етіп келеді» дейді Байғұт Д.Н.
Айта кетейік, 1920-1922 жылдары сегіз номері ғана шығып, кейін жабылып қалған «Шолпан» әдеби-саяси журналын Өзбекстандағы мұрағаттан алып, оны араб графикасы негізіндегі төте жазудан кириллицаға аудартқан, сол форматпен кітап етіп шығарған Ханбибі Есенқарақызының еңбегі өлшеусіз. Сол сапарында «Ақ жол» газетінің 5-6 нөмірін Өзбекстаннан тапқан Х.Есенқарақызы басылымның 1920-1926 жылдары аралығында шыққан 613 нөмірін Ташкент, Мәскеу, Орынбор, Санк-Петербург пен Алматының бүкіл архиві мен кітап палатасын, мемлекеттік мұражай, орталық кітапхана мен тіл академиясының архивтерінен іздеп табады. Бәрін жиып-теріп, «Ақ жолды» баспадан 25 том кітап етіп шығаруы еліміздің рухани қазынасына қосылған мол байлық деп білеміз.
Осындай өлшеусіз еңбектерін тізбектеген баяндамалардың мәні зор.
«Әдебиет – қоғам үнімен астаса, бірлікте дамып, өсіп, өркендеп отырады. Бірде қанатын кеңге жая түу биікке көтерілсе, енді бірде қалықтап көк аспанда еркін самғап, құлдилай еңіске түсіп, қайта шыңға шығар қыран құсты еске түсіретін қазақ әдебиеті таланттарға кенде емес. Қылышынан қан тамған кеңестік заманда қара сөзге жан бітіріп, көркем әдебиетті басты қару еткен біздің от тілді, орақ ауызды қаламгерлеріміз бүгінгі жас ұрпақтың кемелді келешегі үшін күресті. Тілі мен ділі, мәдениеті мен әдебиеті алып империяның тойымсыз жұтқыншағына жұтылып қалуға шақ қалған алмағайып, өлара кезеңде Әбіш Кекілбаевтың «Оңтүстік аман болса қазақ деген ұлтты жау да, дау да ала алмайды» деген ұлағатты сөзі шындыққа жанасымды. Қасиетті қара топырақтан өсіп-өнген талай талант Алматы асып, астананы мойындатқаны да тарихтан мәлім. Ал ауылдан ұзап шықпай-ақ, күнгейлі өлкенің күретамырына айналып, шығармашылығымен ғана емес қайраткерлік болмысымен, қоғамдық маңызды істерімен айтулы тұлғаға айналған жақұт жүректі жандар бар. Солардың бірі де бірегейі, ақын, жазушы, мемлекет және қоғам қайраткері, тіл жанашыры, ұлт әдебиетінің алтын арқауы, жетпіс бестің желкенін еркін керген – Ханбибі Есенқарақызы.
Үлкен өмірге жетелеп, қадам бастырған, жоғары білім берген оқу ордамыздың, ұстаздарымыздың ортақтығы бізді жай оқырмандық көңілден жақын ете түсетіні рас. Жастық шақтың ғажайып кезеңі – студенттік жылдары ақын әпкеміздің жырларын жатқа оқып, әнге айналған өлең жолдарын сан мәрте қайталап, жаураған жүректерді жылытып, мұңайған көңілді жұбатып, мұқалған көңілді рухты жырларымен қайраттандыратынымыз бүгінгідей есімде.
1972 жылы жарық көрген алғашқы «Қанат қақты» жыр жинағынан басталған ақынның шығармашылық ғұмыр жолы өмірбаян молдығымен, парасатты поэзиясымен, көркем қарасөзімен, әдемі өрнектелген естелік, эсселерімен, сырлы сұхбаттарымен мазмұнды һәм мағыналы. Ханапа не жазса да жанын жеп жазатын шынайылығымен, екі сөйлемес ер мінезділігімен, қайтпас қайсар өр рухымен ерекшеленетін мәрт мінездің иесі. Олай деуімізге хан қызындай Ханбибі апамыздың бұлақтың тұмасындай мөлдір естелік, эсселеріндегі жүрек тебірентер оқиғалар шоғыры себеп. Қашан да болсын қара бастың қамын емес халқының жағдайын бірінші ойлайтын мерейтой иесі басын бәйгеге тігіп, талай мәрте тәуеклеге барған ержүрек, батыл жан. Туған тіліміз теперіш көріп, әдебиетіміз бен мәдениетіміз соцреализмнің, солақай саясаттың сойылына айналған тұста, ұлтты сақтап қалудың амалы ана тілді сақтап, ұлт әдебиетін тәрбие құралына айналдыру қажеттігін дер кезінде ұққан ұлт жанашырларымен бірге тізе қосып, қаймықпастан ерлерше күрескен де осы қайсар рухты Ханбибі Есенқарақызы болатын. Қазақ тілі қоғамын құруға атсалысып, ресми іс-қағаздарды қазақыландыруға қызмет еткен ақын облыстық филармонияны жекешелендіруден сқтап қалғанының өзі үлкен ерлік деп білемін. «Айтатыным, жазатыным – тек шыным, Елден, жұрттан жасыратын жоқ сырым!», «шындыққа қарай жүздім мен» деп өзі жырлағандай әркез ақиқаттың ақ туын биікте ұстап келеді.
Облыстық саяси қуғын-сүргін құрбандары музейін басқарған тұста «Шолпан» журналының барлық санын жинап кітап еткені, архив ақтарып, «Ақжол» газетін төте жазудан бүгінгі кириллицаға көшіртіп, 25 томдық үлкен еңбекке айналдырғаны – Ханбибі Есенқарақызының қажыр-қайратын ғана емес, ұлтқа, елге деген өлшеусіз махаббатын айқындайды. Қашанда сөзден істі дұрыс көретін ақын өмірі өнегелі істерге толы. Оның барлығын бір мақалаға сыйғызу әсте мүмкін емес.
Қаламынан қос жанрды – поэзия мен прозаны қатар туғызған сан қырлы талант иесінің шығармалары оқылымды дүниелер. ХХ ғасырдың жетпісінші жылдарынан басталған қаламгердің алғашқы туындылары сыршыл сезімге, мөлдір махаббат пен мұңды сағынышқа, назды үнге құрылса, бертін келе толысқан, ойлы, философиялық тұжырымдарға толы байсалды қалыпқа ұласады. Көзбен көріп, көңілге тоқығанын өлең-жырға арқау еткен ақынның қоғамның келеңсіз тұстарын көрген тұста дауысы қаттырақ шығып, тайсалмай шындықты айтады:
«Ұмыттым тілімді де, ділімді де,
Мәңгүрттік – бойымдағы мінім, міне!
Мал бақтым,
Темір міндім, – «шықты мүйіз»...
Өзгерттім әйелге тән түрімді де,
Бүгінгі, қайран бабам, күнім міне!»
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында жіберілген қоғамдық-саяси қателіктер ақын өлеңдерінің өзегіне айналады. Ханнан қорықпаған Махамбетше әкімдерге тік сөйлеп, батыл үн қатады. Көпен Әмірбекше айтсақ, Қаратауда өсіп, Алатауды аңсап, атажұрты Ақтаудың топырағымен сіңген өр мінез, батырлық пен батылдық ақынға бірде жеңіс, бірде жеңіліс әкелсе де мойымайды. Қайта жігерленіп, «мылтықсыз майданға» қайта кіреді. Өткеннен сабақ алып, жаңаны қабылдап, дәстүр сабақтастығын сақтауды мұрат тұтқан ақын «Замандас! Дәстүр ме бұл түсінбедім, Өткенге өршелене үру деген» деп тоқтау айтады.
Ақын шығармаларының көркемдік ерекшелігі – оның поэтикалық қуаттылығында. Ол қолданатын оралымды ой, кестелі сөз, өрнекті сөз тіркестері ақынның құнарлы тіл байлығын, ауыз әдебиетінен бастап ақын-жыраулар шығармасын қанып ішкен парасат пайымын айқындайды. Мұхтар Шаханов айтқандай «Ханбибі – ерекше дарын иесі. Не айтса да жүрегімен айтады. Өзін туған халықтың жайсаң , жомарт, қайсар табиғатын бойына жинамаған адамнан үлкен ақын шықпайды. Ханбибіде халық байлығын игеруге деген іңкәрлік бар. Осы іңкәрлігі суымаса, бұл қыз өте алысқа баруы тиіс».
Ақын стилін айшықтайтын оның шығармаларындағы лексико-семантикалық ерекшеліктер тілдің қайнар байлығы мен ұлттық колоритіне негізделгенін байқаймыз. Суреткердің прозасы мен поэзиясында кездесетін көнерген сөздер мен мақал-мәтелдер, диалект, тұрақты сөз тіркестері қаламгер шығармашығындағы көркем мәтінді талдауда бірнеше ұстанымдарды басшылыққа алуға болатынын көрсетеді. Оның алғашқысы – тарихи ұстаным: «құдайдың боз қойы», «тоғыз қабат торқа да тәңіңді жылыта алмайды», «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман», «сақалы күнге ағарған», «әбжіл», «қапы кіріп, күпі шығып», «от орнына қарап көсеуінің қалай жатқанын көрерсің» сынды бірнеше мысалды келтіруге болады[3].
Екіншісі – әлеуметтік танымдық ұстаным. Ақын шығармаларында кездесетін табиғат суреттеулері, тарихи тұлғалар мен ұлттық құндылықтарға, әдебиет пен мәдениетке, әлеуметке қатысты айтылатын тілдік қолданыстар автордың әлеуметтік-танымдық ұстанымын анықтауға көмектеседі. Мысалы, «дала», «бүркіт», жусан» сөздері қазақтың өмір сүру салтынан хабар береді.
Үшіншісі – автордың дара стилін айқындау ұстанымы. Бұл тұрғыда біз ақынның адам жан-дүниесіне терең бойлай білетіндігін, соның нәтижесінде ішкі күй мен түрлі сезімдердің талас-тартысын, қуаныш пен қайғыны, бар мен жоқты қатар шендестіре алатындығын айтамыз. Оның нақты мысалы ретінде «Пендемін» деп аталатын өлеңін алсақ болады:
«Періште емес – пендемін,
Мәңгі емеспін – демдемін!
Көрдім талай мықтының,
Мықыны көктен келгенін!
Періште емес – пендемін,
Көкте емеспін – жердемін.
Бағаламас бақырға,
Бақ қонғанын көргемін!».
«Сырты – бүтін, іші – күйік,
Қай халық ол білер едің...
Сөзі – төмен, ісі – биік
Болсақ деп мен тілер едім»
Немесе
«Домалайтын бит жонынан,
Тұра алмайсың кит жолына.
Арыстандай арымызбен
Су құямыз ит қолына».
Х.Есенқарақызының «Жібек» атты повесі шығармадағы кішкентай кейіпкер Баянның атынан баяндалады: «Айтпақшы, әңгіменің басындағы Жібек пен Ескеннің арасындағы тартыс, сол тартыстың басты кейіпкері – Баян қыз естеріңізде ме? Осы хикаятты сіздерге баяндаушы – сол кішкентай қыз – Баян деп ұққайсыздар…».
Лирика мен эпикалық жанрды құстың қос қанатындай қатар алып келе жатқан Ханбибі Есенқарақызы шығармашылығындағы өлеңдер мен балладалар, эссе мен деректі повесть, естеліктердің тақырыптық-идеялық бірлігі мазмұн мен пішінге ұштасқан сәтті туындылар деп білеміз.
Ақын өлеңдерінде кездесетін қайталаулар («Дос іздедім», «Қайтейін» өлеңдері және «Ұмыт болар былтыр жауған ақ қардай, Ұмыт болар асқа тартқан көкпардай!») мен параллелизм («Өтіп жатыр ақ пен қара бай кедей, Өтіп жатыр күн мен түндей алмасып»), риторикалық сұраулар («Өмір айтар, күнәлі ма пәкпіз бе? Кім біледі не сыйларын келер күн, келесі қыс бармыз ба әлде жоқпыз ба?!»), эмоционалды мәнге ие одағай сөздер мен антонимдер шығарманың көркемдігін ғана арттырып тұрған жоқ, лексикалық, синтаксистік және стилистикалық ерекшеліктерін көрсетіп тұр.
Сөзімізді қорыта келе айтарымыз, Ханбибі Есенқарақызы «аласапыран тұстардың барлығын жүрегінен өткізіп, соның ішінде арпалысып өзі жүретін, сондай құдіреттті, қарулы, қайратты, жігерлі, намысты ақын» (Т.Медетбек). Ақынның өз сөзімен айтқанда, Ханбибі Есенқарақызы «күрес үшін жаралған жан» -дейді университет доценті Масалиева Ж.А.
Халықаралық конференцияға барлығы 50 шақты ғылыми зерттеу еңбек келіп түсті. Оның ішінде көрші Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей ғалымдары да бар. Халықаралық конференция материалдары арнайы жинақ болып басылып шығады.