Шымкент қаласында театрларда жаңа маусым шымылдығы ашылып, жаңа премьераларды театр сүйер көрермен ыстық ықыласпен тамашалауда. Солардың бірі Шымкент қалалық өзбек драма театры.
Қойылымдары арқылы тарихи-мәдени құндылықтарды жеткізіп, көршілес елмен тарихымыз да ұлттық құндылықтарымыз да үндес болғандықтан бабалар аманаты – төл дәстүрімізді жастардың санасына сіңіруде айрықша еңбек етіп келеді. Өскелең ұрпаққа тарихи-мәдени құндылықтарды жеткізіп, насихаттау жолында қызмет етіп келе жатқан өнер ұжымына көрермендері дән риза.
Жақында театрдың көптен күткен жаңа маусымы ашылды. Ашылу салтанаты әдеттегідей концерттік бағдарламамен басталды. Концерттік бағдарламадан кейін, өзбек драмматургі, қоғамдық қайраткер Хамза Хакимзаде Ниязийдің «Ғайра-Ғайра» комедиялық жанрдағы шығармасы "Өзбегім"дайрашылар тобының орындауында сахналық қойылымда көрерменге ұсынылды.
Сан ғасырлардан бері көрермен көңілінен айрықша орын алған, түрлі эмоцияларға бай, адам жанына психологиялық тұрғыда тыныштық сыйлай білетін өнер ордасы, бұл – театр екені айтпаса да, бәрімізге мәлім. Адамның бар жан-дүниесіндегі болып жатқан дүрбелең мен шаттану сезімдерін бір қойылым арқылы ақтарып, шынайы эмоциялар сыйлап, көрерменге ой салу арқылы тәрбие беретін сиқырлы дүние іспеттес.
Сондықтан да мәдениет пен руханият әлемін театрсыз елестету мүмкін емес. Театрға барған әрбір жан өзіне керек дүниені сөзсіз таба алады. Онда өмір шындығы да, әзіл-қалжың да, қайғы-мұң да, жан тыныштығы да бар. Осы орайда театр әртістерінің ерен еңбегі мен таудай талпынысын айтпай кету қателік болар. Өйткені, әрбір тұлғаның рөлін ашу – үлкен жауапкершілік.
Бұл қойылымда жаман пиғылды адамдардың арамзалығы адалдықтың ақ туын құлата алмауы бір жағынан әділдік пен тазалықты көрсетсе, екінші тараптан, отбасылық құндылықтарды сақтап қалуды, сондай-ақ, ер азаматтың отбасы алдындағы жауапкершілігі мен қамқорлығын комедиялық бағытта болса да, көрерменге аса көркем әрі айқын көрсете білген.
Қала судьясы мақта фабрикасының иесі Касымжанның әйеліне көз қырын салады. Алайда, бұл әрекетінен ештеңе шықпайтынын түсінген ол әлгі әйелді күйеуінен алшақтатып, өзіне әйел етудің айласын іздестіре бастайды. Бұл жоспарын жүзеге асыру мақсатында ол жергілікті өсекші әрі көріпкел, дүниеге бір табан жақындау Мастон есімді әйелмен ауыз жаласады. "Егер менің қалауымды орындауға көмектессең, сені үлде мен бүлдеге орайтын боламын" деген ол Мастонды өзінің құйтырқы әрекетіне араластырмақ болады. Бірақ, Қасымжан әйелі мен өзіне жоспарланған Қазы мен Мастонның қулықтары мен айласын байқап қояды да, отбасын құтқарып қалады.
Ұлттық құндылықтардың әрбір халықтың өмірінде алатын орны өзгеше. Дегенмен отбасындағы тазалық, адалдық, ер адамның жауапкершілігі бар ұлтқа ортақ болса керек.
Жалпы, театрдың ашылу салтанатында дәл осы комедия бағытындағы шығарманы сахналаудың мақсаты, Хамза Ниезийдің шығармашылығын кеңінен насихаттау, көркем әдебиетті, қала тұрғындарының рухани танымын кеңейту, отаншылдық пен жауапкершілік, парасаттылық пен ізеттілік, еңбекқорлық пен жасампаздық, ізгілік идеалдары мен қағидаларын сақтап қалу қасиеттерін қалыптастыру болса керек.