Ж.Шанин театрының 96-шы маусымы Шыңғыс Айтматовтың «Ақ кеме» драмасымен ашылды. Қазақ ақыны Мағжан Жұмабаев «Жас бала – жас бiр шыбық, жас күнде қай түрде иiп тастасаң, есейгенде сол иiлген күйiнде қалмақ» деген екен.
Бүгінгі жас ұрпақты бала шақтан, яғни ерте жастан ұлттық құндылықтарға сүйене отырып тәрбиелеу керек. Бүгiнгi дұрыс тәрбие алған жастар – болашақ жақсы азаматтар. Ұлттық тәрбие туралы идея бүгінгі күн талабы мен өмірлік қажеттіліктен туындап отыр. Ұлттық сана-сезімі қалыптасқан, төл құндылықтар мен жалпы адамзаттық құндылықтарды өзара ұштастыра алатын толық кемелді, ұлтжанды тұлғаны тәрбиелеу – ұлттық идеяның негізгі бағыты.
Осы тұрғыда ғасыр жазушысы, қазақ пен қырғыздың әдеби мұрасын ортақтастырып, қаламының ұшына жан бітіре білген, сырға, мұңға толы шығармаларымен оқырманын бірден баурап алатын заңғарлы жазушы Шыңғыс Айтматовтың «Ақ кемесінің» сахналануы рухани мәдениетімізге қосылған бір үлес іспетті.
«Театр — бекзат өнер» деген ұлылар сөзінің дәлелі ретінде саф алтындай мәдениет мекенінің тіршілігі заманмен бірге дамып келеді. Соның ішінде 95 жылдық тарихы бар Жұмат Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық қазақ драма театрының орны ерек. «Ақ кеме» пластикалық қойылымымен ашқан театр ұжымы көрермендерін тағы да тәнті етті.
Қойылым алдында баспасөз конференциясы ұйымдастырылып, театр басшысы келген қонақтардың сұрақтарына жауап берді. Жиында Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек сөз сөйлеп, театр әртістерін жаңа маусымның ашылуымен құттықтады.
«Ақ кеменің» пәлсапалық тұрғыдан тереңдігі, уақыт озған сайын жаңарған қоғамның көзімен зерттеуді талап етеді. Ал, Ж.Шанинның режиссерлары дәл осы, бүгінгі қоғамның жай-күйіне терең үңілген. Ескілік көзқарастың әлі де жаңармауы бұл адамзаттың өзгеріссіз қалғаны дегенді білдірмейді. Уақыт озған сайын, түрлі өзгерістерге ұшырамайтын нәрселер бар. Дегенмен театр жаңашылдықты таңдапты. Режиссері жас есім Гауһар Адай.
Әдебиеттің ақсеңгірі – Айтматовтың шығармалары шынайы әлеммен байланысты. Прозалары ізгілікке және барша тіршілік иелеріне деген сүйіспеншілікке толы, яғни, адамдарға, жабайы және үй жануарларына, табиғатқа, жалпы жер бетінің барлық тіршілік иелеріне деген ғаламға сыймайтын махаббат сипат алады.
Көзге көрінбейтін адами қасиеттерді, сөзсіз тек қимыл-қозғалыс, эмоция арқылы жеткізген актерлар дегеніне жеткен. Кейіпкерлер сахнада өзін-өзі зерттегендей, өзін тану үшін кателіктерін мойындағандай, айналасындағы болып жатқан оқиғалардың себебін өзінен іздестіру керектігін түсінгендей көрінеді.
Қойылымда мейірімді іздей отырып, бүгінгі қоғамдагы Оразкүлді түсінуге, Бекей мен Кемпірді қолдауға, Момын шал мен Баланы аялауға шақырады.
«Ертегідегі Бұғы ана мен тылсым табиғаттың ұлылығын сезініп, адам болып қалудың жолы – мейірім екенін ұғындыратын қойылымды заманауи театр әдісімен көрерменге ұсындық. Қойылым – табиғат аясында болып жаткан адам мен тылсым күш арасындағы тартысты көрсетеді. Бұғы ана мейірім мен махаббатқа толы өмір сүруге жол көрсетеді. Алайда, қоғамда өзін «маңызды» көрсету үшін мейірімнен бас тартқан қатыгез пенденің іс-әрекеті суреттеледі. Мейірімнен бас тартуға мәжбүр пенде коғамда өмір сүру үшін, күнелту үшін өзін жоғалтып, бақытсыз болуға дайын. Кейіпкердің жан тебіренісін сезіндіру үшін актерлер сөзбен немесе оқиғаны баяндап емес, іс-әрекетке, үнсіз қимылға бағындырып жеткізуге тырысты, – дейді Гауһар Адай.
Театрдың жаңа маусымын сағынған көрермен залды лық толтырды. Премьера соңында қала әкімі Ғ.Сыздықбековтің және Ө.Жәнібеков атындағы ОҚПУ университетінің, Шымкент қалалық опера және балет театрының ықылас гүлдері табысталды.