Биыл қазақ және балалар әдебиетінің классигі Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО деңгейінде аталып өтеді.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қаламгердің 100 жылдығы тойлана бастады. Бердібек Соқпақбаевтың туған ауылы Нарынқолда еңселі ескерткіші бой көтереді. Сондай-ақ жазушының есімі бірқатар саябаққа, білім ошағы мен облыстық кітапханаға белілмек», — деп жазған болатын Мәдениет және ақпарат министрлігі.
Шымкент қаласы мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасына қарасты Әл-Фараби атындағы қалалық ғылыми-әмбебап кітапханасында жазушы Б.Соқпақбаевтың туғанына 100 жыл толуына орай «Балалар әдебиетінің бәйтерегі» тақырыбында халықаралық ғылыми-көпшілік конференция өтті.
Конференцияға Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек қатысып, болмысы бөлек жазушының тұлғасы жайлы кеңінен әңгімеледі. Сонымен қатар Б.Соқпақбаевтың шығармаларын зерттеп жүрген шетелдік және елімізге белгілі ғалымдар жазушыға қатысты тың деректермен бөлісті.
Ақын, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Жазушылар Одағы Астана қалалық филиалының төрағасы Дәулеткерей Кәпұлы қазақ әдебиетінің алтын дәуірінің көрнекті өкілі, бабалар әдебиетін биік деңгейге көтерген Бердібек Соқпақбаев шығармашылығындағы шынайылықты, әділдікті, ерекше талантпен үйлесім тапқан көркемдікті атап өтті. Сондай-ақ қаламгердің қоғам келбетін айнытпай суреттеп, оған бала жүрегі арқылы баға беретін шеберлігін айтты.
– Ол уақытта әдеби көркем шығармалар, кинотуындылар қатаң цензурадан өтетін. Қоғамдағы ақиқатты ашық айтуға жол берілмейтін. Ал, жазушы Б.Соқпақбаев өз шығармаларында осындай өзекті жайттарды балалар болмысына сыйдырып, жеп-жеңіл жеткізетін. Мысалы, оның «Менің атым – Қожа» повесіндегі басты кейіпкер Қожаның бір сөзінде «Фамилиям Қадыров, кейде Қадырұлы деп жазғым келеді. Бірақ қасымдағылардың бәрі сондай болған соң Қадыров деп жазамын» дейтіні бар. Аңдаған адамға осы бірауыз сөздің өзінде терең ой жатыр, – деді Дәулеткерей Кәпұлы.
Жазушы Б.Соқпақбаевтың шығармалары алдағы уақытта республикалық «Бір ел – бір кітап» жобасы аясында ел көлемінде насихатталмақ. Әлемдік және отандық ғалымдардың басын қосып «Балалар әлемінің бәйтерегі» атанған қаламгердің әңгімелері мен повестері білім ордаларында, мәдени орталықтарда кеңінен дәріптеледі. Бұл туралы Әл-Фараби атындағы қалалық ғылыми-әмбебап кітапханасының директоры Анар Жаппарқұлова айтты.
– Биыл Әл-Фараби кітапханасының құрылғанына 10 жыл, сонымен бірге, қазақ әдебиетінде айшықты қолтаңбасы бар дара қаламгердің бірі – Бердібек Соқпақбаевтың туғанына 100 жыл. Жазушының шығармаларын оқығанда бала кезіміз еске түсіп, еріксіз ойға жетелейді. Қай шығармасы болсын, басты кейіпкер жазушының өзі. Мысалы, «Менің атым – Қожа» повесі алғашында «Өзім туралы повесть» деп аталған. Қай шығармасын алсақ та шынайылық пен көркемділікті ту етіп жазған Соқпақбаевтың шығармаларын талдауға тек бір күн жетпейді. Келелсі жиынды Алматы қаласында өткізу жоспарлануда, – дейді А.Жаппарқұлова.
Кеш соңында Шымкент қалалық жасөспірімдер және қуыршақ театры жазушының шоқтығы биік шығармасы «Менің атым – Қожа» повесін сахналады. Расында бәріміз балалық шағымызда «Менің атым Қожа» шығармасын оқып, киносын көріп өстік. Көрерменнің көзайымына айналған Қожа, театр әртістерінің көзқарасымен, режиссерлық шешімнің жоғары деңгейде болуымен тағы да жаңғыра түсті.
Қазақ балалар әдебиетінің дамуына өлшеусіз үлес қосқан қарымды қаламгердің 20-дан астам әңгіме, повесть, роман кітаптары жарық көрген. Олардың қатарында «Он алты жасар чемпион» повесі де бар. Биыл «Қазақстан» телерадикорпорациясы қаламгердің 100 жылдығына орай дәл осы «Он алты жасар чемпион» повесін экранизацияланса, “Өлгендер қайтып келмейді”деп күрсініп алып өлместей етіп қайтта тірілткен қаламгердің туындылары ел жадында сақталған. Шығармалары әлемнің көптеген тіліне аударылған қаламгердің есімі түрлі түркі елдеріне мәлім.