Көкпар – көшпелілердің байырғы заманнан бері келе жатқан ғұрыптық-жауынгерлік ойын өнері. Ұлттық ойыны.
Шымкентте алғаш рет боз балалар арасында дүбірлі дода – тай көкпар өтті. «Тау тұмар» тай көкпары ҚР мәслихаттарының 30 жылдығына орай ұйымдастырылған. Бұрын-соңды болмаған бәсекеге республиканың түкпір-түкіпірінен 1000-нан аса жасөспірімдер келіп қатысты. Тіпті көршілес Қырғыз елінен де қатысушылар келді.
Балалар жастығына қарамастан, додаға атойлап, тайсалмай кірді.
Төрешілердің айтуынша көкпар тартатын баланың жасы 11-13 жас, тай 1 жасар болуы шарт.
Көкпар қазақтың дәстүрлі ұлттық ойыны. Қанына сіңген қасиеті. Елден бата алу үшін көкпар беру атадан балаға жалғасып келе жатқан асыл мұрасы.
Ұлттық спорттың болашағы – жас шабандоздардың мықтылығы сарапқа салынған додада әр салымға ақшалай сыйлық берілсе, өгіз өлдіге көлік тігілді.
Қазақ халқында ұлттық ойындардың ішінде - көкпардың алар орны ерекше. Көкпар әдетте ер балалардың физикалық шынығуына әсер етіп қана қоймай, олардың бойына жылдамдық, ұтқырлық, табандылық секілді қасиеттерді сіңіріп өсуіне жол ашады.
Еліміздің оңтүстігіндегі ауылдар арасында жаппай көкпар әлі де ойнатылады. Қазіргі таңда аумақтық ерекшеліктерге сәйкес, ойын уақытына қарай көкпардың түрлері өте көп. Мысалы екі ауыл арасындағы көкпарда ойын алаңы ретінде арақашықтығы бірдей орталық белгіленіп, тушаны қай команда өз ауылының аумағына бірінші кіргізсе, сол жеңімпаз болып есептелетін түрі де бар.
Елімізде Ұлттық Федерация құрылғаннан кейін көкпар жаңа деңгейге көтеріліп, дами бастады. Қазақ көкпаршылары халықаралық турнирлерге қатыса бастады, ел ішінде де жүйелі жоспар бойынша көкпар сайыстары ұйымдастырылып тұрады. Қазіргі таңда еліміздің барлық аймағында арнайы көкпар клубтары, спорт мектептері бар. Онда спортшылар дайындалып, түрлі сайысқа қатысып, разряд, атақ алады. Сайыстардың ең маңыздысы - Қазақстан чемпионаты. Чемпионат дәстүрлі түрде 2001 жылдан бері ұйымдастырылады және 7 күнге созылады. Еліміздің оңтүстігінде көкпарға қатысатын шабандоздар шеберлігімен көзге түседі.