«Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді» деген халық нақылы бекер айтылмаса керек. Елі үшін еңбек етіп, ғибратты ғұмыр кешкен Өзбекәлі Жәнібеков шынында да қазақ елі аман-сау тұрғанда арымайтын, уақыт жылжып, ғасыр өткен сайын елінің дара азаматы болып қала беретін ұлтымыздың ұйытқысы екені хақ.
Тарихы 90 жылға жуықтаған Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетіне былтырдан бері Өзбекәлі Жәнібеков атауы берілгені белгілі. Аз уақыт ішінде университетте нар тұлғаның қайраткерлігін дәріптеуде көптеген жұмыстар атқарылуда. Қайраткерлік рухтың тәлім-тәрбиеге қосар үлесі ескерілгені болар, оқу орны ішінен былтыр «Өзбекәлі Жәнібеков орталығы» ашылса, университет қабырғасына ескерткіш тақта орнатылды. «Жәнібеков оқулары – 1» тұңғыш ғылыми-теориялық конференциясы бастау алды.
«Қазақ руханиятының шынайы жанашыры һәм жоқшысына айналған Өзбекәлі Жәнібековтің өмірі мен қызметі туралы талай-талай естеліктер айтылды, айтыла береді. Жақында «Рух сардары» атты ақындар айтысын өткіздік. Мақсатымыз Жәнібековтың халыққа еткен еңбегін насихаттау, дәріптеу. Ел ағасы, ұлт жанашырының азаматтық болмысын, тілге, мәдениетімізге жасаған жанашырлығын өскелең ұрпақтың есінде сақтауда әлі де игі істерді жалғастыра беруге тиіспіз» деп бастады алқалы жиынды Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің басқарма төрағасы-ректор міндетін уақытша атқарушы Гүлжан Сүгірбаева.
Конференцияның ресми бөлімі Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің құттықтау хатымен бастау алды. Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековтың конференция қатысушыларына арнаған құттықтау хатын жеткізілді.
Тарихи мұрамызды зерделеп, оны өскелең ұрпақтың санасына сіңіруде осындай жиындардың маңызы зор. Өзбекәлі Жәнібеков саналы ғұмырын қазақ халқының өсіп-дамуына, жаңаруына, мәдениеті мен өркениетінің өркендеуіне арнаған тарихи тұлға. Тарих пен ана тілімізге қосқан үлесі бір төбе. Қазақтың Наурыз мейрамымен қауышуына, тайқазанның Түркістанға қайтарылуына, ел аумағында этнографиялық музейлердің ашылуына ерекше үлес қосты. Осындай тұлғаның ғибратты ғұмыры, ел мүддесі жолындағы еңбегі қашан да жастарға үлгі-өнеге болары сөзсіз.
Халқымыздың салт-дәстүрінің білгірі, еліміздегі музей ісінің дамуында өзіндік қолтаңбасын қалдырған мемлекет және қоғам қайраткері, ғалым-этнограф Өзбекәлі Жәнібеков — ел үшін еңбегі ерен жан.
Төрткүл дүниеге аты мәлім, түркі жұртының ортақ шаңырағы — Қожа Ахмет Ясауи кесенесіндегі Тайқазанның Санкт-Петербургтің Эрмитаж музейіндегі көрмеден елге оралғанша қаншама тар жол тайғақ кешуді бастан өткергені белгілі.
Қожа Ахмет Ясауи кесенесін музей етіп құруда, Тайқазанды елге қайтарып, қайта орнына орнықтыруда сол кезде мәдениет саласында қызмет атқарған, белгілі қоғам қайраткері, тарихшы-этнограф ғалым Өзбәкәлі Жәнібеков ағамыздың сіңірген еңбегі ерекше орасан.
Сондай-ақ, конференция аясында «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі ұлт жанашыры атанған ғалым-этнографтың жәдігерлерін ала келіпті. Көрмеге 60-тан аса жәдігер, олардың қатарында Өзбекәлі Жәнібековтің балалық шағы мен қызметтік жылдарындағы фотосуреттерін, өзінің тұтынған заттары – фотоапараты, қол сөмкесі, қаламы, шапаны, бас киімін, қаламынан туған «Отырар», «Қазақ киімі», «Жолайрықта», «Тағдыр тағылымы», «Эхо» сынды кітаптары мен мақалаларын, қызмет атқарып жүргенде берілген естелік заттарын, жұмыс бөлмесінде пайдаланған мәрмәрдан жасалған қаламсабын жиналған қауым қызығушылықпен тамашалады.
Конференцияда қайраткер тұлғаның тарихи-этнографиялық мұралары, тұлғатану бағыты, еңбектеріндегі ұлттық тәрбие және педагогикалық құндылықтар, ұлттық қолөнер туралы зерттеулері жинақталып, тың деректер таныстырылады. Зерттеу еңбектер қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде жазылып, конференция материалдары бойынша электронды еңбектер жинағы шығарылады.
Өзбекәлі Жәнібеков 1931 жылы 28 тамызда Оңтүстік Қазақстан облысы, Отырар ауданы, Сарықамыс ауылында қарапайым жанұяда дүниеге келіп, еңбекқорлығы мен ізденімпаздығы нәтижесінде жоғары білім алған. Еңбек жолындағы қызметін шәкірт тәрбиелеуден бастап, бойындағы тума талантының арқасында саяси қызметте аудандық комсомол комитетінен Қазақстан Компартиясының Орталық Комитетінің Хатшысына дейінгі қызметті атқарған. Ө.Жәнібековтің өмір жолына қарап отырсаңыз қызмет бабымен Қазақстанның қай өңіріне барса да ел басқарудағы ерекше қасиеттері халқымыздың қазынасы-ұлттық өнер, салт-дәстүрді дәріптеудегі өнегелі істері ұшан теңіз. Сондықтан да халқымыздың біртуар ұлы Ө.Жәнібековті туған жері, тек оңтүстік өңірі ғана емес барша қазақ мақтан тұтады.